Денсаулық & Психология

Қысқы қолғаптар коронавирустан қорғай ала ма?

Әлемді жайлаған COVID-19 – ақпарат кеңістігінің ең көп жазылатын жаңалықтарының біріне айналды. Әрине, мұның себебі түсінікті.

Қар түсіп, күн суытқалы бері халық тіптен үрейлене бастады. Коронавирус қайтадан рекордтық жылдамдықпен өршуі мүмкін бе?

Осы орайда, тұрғындар арасында «Қысқы қолғаптар індетті жұқтырудан қорғай ала ма?» деген сауал туындады.

Бұл сауалға С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова онлайн-брифинг барысында жауап берді.

 «Зерттеулер нәтижесінде вирустың тұрмыстық заттардың үстінде ұзақ сақталатыны анықталды. Тіпті, көліктің ішінде де вирус қалады. Егер адам қоғамдық көлікте қолданған қолғаппен мұрнын, бетін, маскасын ұстамаса, үйінің есігін ашпаса, онда вирус жұқпайды. Алайда, қол жуу – вирусты жұқтырмаудың ең тиімді тәсілі. Ал біз қолғапты жиі жумаймыз, ауыстырмаймыз. Қолғап қысқы ма, әлде күзгі ме – ол маңызды емес», – дейді Эльмира Битанова.

Шетелдік ғалымдар не дейді?

Бұған дейін шетелдік мамандар да қысқы қолғапқа қатысты зерттеу нәтижелерін жариялаған болатын.

Ресейдегі Сеченовский университетінің Медициналық паразитология, тропикалық және векторлық аурулар институтының директоры Александр Лукашев те бұған қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

Оның айтуынша, қарапайым қысқы қолғап резеңке қолғап секілді коронавирустан қорғауы мүмкін екен.

«Қолғаптар вирус жұқтыру қаупін азайтады. Дегенмен, біріншіден, резеңке қолғап киюдің қажеті жоқ. Одан бөлек, шүберек қолғаптар да, қыстық қолғаптар да коронавирус жұқтыру қаупін азайта алады. Екіншіден, қолғапты киіп, мұрынды ұстауға болмайды. Үшіншіден, расында, коронавирустың адаммен байланысу арқылы тарау жылдамдығы әлі түсініксіз және қолғаптың қандай рөл атқаратынына баға беру қиын», – дейді Лукашев.

Бұған дейін Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі, профессор Владимир Чуланов қолғап пен антисептиктерді дұрыс қолдану – жұқпалы аурулардың алдын алу шарасымен бірдей екенін айтқан болатын. Алайда, бірнеше рет қолданылатын шүберек қолғаптар коронавирустан қорғамайтынын, керісінше вирус жұқтыру қаупі артуы мүмкін екенін де ескертті.

Қалай болғанда да, сақтық шараларына барынша көңіл бөлгеніміз жөн. Коронавирустан қорғанудың 5 алтын ережесін ұмытпаңыз:

  • қолыңызды жиі сабындап жуыңыз;
  • маскасыз жүрмеңіз;
  • қашықтықты сақтаңыз;
  • қоғамдық орындарға бармауға тырысыңыз;
  • қол алысып, құшақтасып амандаспаңыз.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button