Денсаулық & ПсихологияҚоғам

Коронавирусқа – 1 жыл: әлем және Қазақстан қалай өзгерді? (фоторепортаж)

2020 жылы 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 таралуына байланысты жағдайды пандемия деп таныды. Белгісіз инфекция бүкіл әлемдегі адамдардың өмірін қалай өзгертті?

2019 жылдың 31 желтоқсанында Ухань билігі пневмонияның белгісіз түрінің таралғаны туралы хабарлаған болатын. Дәл сол кезде Орталық Қытайдың 12 миллионға жуық тұрғыны бар қаласында вирусқа байланысты 27 жағдай тіркелген.

Ухань, 29 наурыз
Фото: EPA-EFE/ROMAN PILIPEY

9 қаңтарда қытайлық эпидемиологтар Уханьдағы пневмония ауруының қоздырғышы коронавирустың 2019-nCoV атты жаңа түрі екенін анықтаған кезде, көпшілігі мұны теңіз өнімдерін сататын Хуанань базарынан тарады деп ойлады. Бұл кезде вирус жұқтырғандар саны 60-қа жетті, оған қосымша 163 адам карантинде болды. Науқастар дене қызуы көтеріліп, тыныс алудың қиындай түскеніне шағымданған. Кейінірек қытайлық ғалымдар Хуанань базары инфекцияның бастапқы көзі болды деген ойдан бас тартты. Олардың пікірінше, вирус базарға жетпей тұрып пайда болған.

«Күзетшілер Хуанань базарын патрульдеуде»
Ухань, 24 қаңтар
Фото: Getty Images

11 қаңтарда Қытайда алғашқы адам коронавирустан қайтыс болды. 20 қаңтарға қарай 2019-nCoV вирусы адамнан адамға жұғатыны анықталды. Ухань билігі 14 медициналық қызметкердің вирус жұқтырғанын хабарлады. Вирустың белгілері ретінде: жоғары температура, құрғақ жөтел, шаршау, кейбір науқастарда тамақ ауруы, ауырсыну, диарея, бас ауруы, иіс пен дәм сезудің жоғалуы, бөртпе және т.б. тіркеді.

Ухань, 17 қаңтар
Фото: Getty Images

20 қаңтарда коронавирус жағдайы Оңтүстік Кореяда, Тайландта және Жапонияда анықталды. Науқастар Уханьнан келген екен. Екі күн өткен соң ДДСҰ жаңа вирустың таралуы туралы жедел жиналыс өткізді.

Сеул
Фото: EPA-EFE/JEON HEON-KYUN

23 қаңтардан бастап Ухань қаласы карантинге жабылды. Тұрғындарға қаладан шығуға тыйым салынды, көлік қатынасы тоқтатылды. Карантинге жабылар алдындағы соңғы күндерде Ухань қаласынан шыға берісте көптеген шақырымдарға созылған көлік кептелістері болды. Адамдар қауіпсіз провинцияларға көшу үшін соңғы мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға тырысты.

Ухань, 23 қаңтар
Фото: EPA-EFE/STRINGER

24 қаңтарда инфекция Еуропаға жетті. Францияның Париж және Бордо қалаларында коронавирусты жұқтырудың екі жағдайы ресми түрде расталды. Вирус 28 қаңтарда Германияда, 29-ы күні Финляндияда тіркелді.

«Германияның коронавирусқа қатысты төтенше жедел тобы мүшелері жиналыс барысында»
Берлин, 28 ақпан
Фото: Sean Gallup/Getty Images

30 қаңтарда ДДСҰ аурудың таралуын халықаралық төтенше жағдай деп таныды және оны көптеген ошақтары бар эпидемияға жатқызды. Осы уақытқа дейін жалпы 6000-ға жуық вирус жұқтырғандар саны анықталды, оның жүзден төмен көрсеткіші Қытайдан басқа елдерде тіркелген. Бір ай ішінде коронавирустың таралуы 2002-2003 ж.ж. пневмонияның өршуінен асып түскен. 31 қаңтарда Италия төтенше жағдай режимін енгізген алғашқы еуропалық ел болды.

«Медициналық маска киген қытайлық кеңсе қызметкерлері жұмыстан кейін үйлеріне қайтып барады»
Бейжің, 2 наурыз
Фото: Kevin Frayer/Getty Images

Қаңтардың аяғына қарай ғалымдар вирус жұқтырған адамда екі апта бойы симптомдар байқалмайтынын анықтады. Сондықтан ауруы байқалмайтын адамнан да вирус жұғуы мүмкін деген тұжырымға келді.

Ухань, 27 қаңтар
Фото: Getty Images

3 ақпанда Diamond Princess круиздік лайнерінде карантин жарияланды. Лайнер екі апта бойы Жапонияның Йокогама қаласының портында тұрақтап тұрды. Оған себеп: 25 қаңтарда сол лайнерден шыққан 80 жастағы Қытай азаматына коронавирус диагнозы қойылған болатын. Карантин кезінде лайнерде жеті жүзден астам адам вирус жұқтырғаны анықталды, оның 13-і қайтыс болған. Лайнерде әлемнің 50 елінен 3700 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Оның ішінде 4 қазақстандық жерлесіміз де болған.

Иокагама, 16 ақпан
Фото: Carl Court/Getty Images

6 ақпанда бүкіл әлемге алғашқы боп коронавирус жайлы мәлімдеген қытайлық дәрігер қайтыс болды. Ухань қаласының орталық ауруханасында істейтін дәрігер Ли Уэньлян 2019-nCoV асқындауы салдарынан көз жұмған. 30 желтоқсанда ол өзі атипті пневмония деп санаған белгісіз аурудың жеті түрлі жағдайына әріптестерінің назарын аудартты. Бірнеше күннен кейін полиция оған «интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін» деп ресми ескерту жасаған. Тағы бірнеше күн өткен соң дәрігер науқасынан коронавирус жұқтырып алады. Ли Уэньлян қайтыс болғаннан кейін ҚХР полицияның әрекеті бойынша тергеу жасайды. 19 наурызда полицияның дәрігерге таққан айыбын қателікке жатқызады. Ал Ли Уэньлянға «Құрбан болған қаһарман» атағы беріледі.

11 ақпанда ресми түрде COVID-19 (Corona Virus Disease – 2019) атауы пайда болды.

Фото: NIAID-RML via AP

23 ақпанда Италияда вирус жұқтырғандар саны 100 адамнан асты. Көп ұзамай бұл ел вирус жұқтырғандар саны бойынша Еуропада бірінші орынға шықты. 8 наурызда Италия үкіметінің басшысы Джузеппе Конте Ломбардия аумағына және Италияның басқа да 14 провинциясына кіру мен шығуды шектейтін жарлыққа қол қойды. Өлімнің күрт өсуі – коронавирустан қайтыс болу жағынан Италияны әлемде бірінші орынға шығарды.

«Серравалле-Скривия зиратындағы шіркеуде коронавирустан қайтыс болған адамдардың табыттары»
Алессандрия, 23 наурыз
Фото: REUTERS/Flavio Lo Scalzo

Өзін-өзі оқшаулауға мәжбүр болған адамдарды қолдауға бағытталған акциялар бүкіл әлемде өтті. Алғаш боп #StayAtHome хэштегі арқылы малайзиялық дәрігерлер Twitter желісінде бастаған еді. Бұл акция «өздерін де, басқа адамдарды да вирустан сақтандыру үшін үйден шықпау керектігін» насихаттады.

«Италиялық отбасы асүй ыдыстарымен әндетіп, «Бәрі жақсы болады» деп жазылған плакатты балконға іліп қойған»
Турин
Фото: Nicolò Campo/LightRocket via Getty Images

11 наурызда ДДСҰ коронавирустың таралуына қатысты жағдайды пандемия деп таныды. Инфекциялық жағдайлар 130-дан астам елде анықталды, әлемде вирус жұқтырғандар саны 119,2 мыңға жетті, ал 4285 адам қайтыс болды. Қытайдан басқа Италия, Оңтүстік Корея, Иран және Францияда тіркелген.

«ДДСҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус, COVID-19 техникалық жетекшісі Мария Ван Керкхове мен Төтенше жағдайлар бағдарламасының директоры Майкл Райан БАҚ-пен сөйлесуде»
Женева, 9 наурыз
Фото: EPA-EFE / SALVATORE DI NOLFI

13 наурызда Алматыда коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайлары анықталды. Германиядан Алматыға ұшып келген Қазақстанның екі азаматынан (1974 жылы туған ер адам мен 1984 жылы туған әйел адам) коронавирустың инфекциясы анықталды. Науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Қазақстанда 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында төтенше жағдай жарияланды. Ірі сауда нысандарының жұмысына шектеу қойылды, сауда және ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдардың жаппай жиналатын басқа объектілерінің қызметі тоқтатылды. Қоғамдық тәртіпті бақылаушылар жаппай жұмысқа кірісті. Осы кезеңде премьер-министр Асқар Мамин басқаратын арнайы мемлекеттік комиссия құрылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми үндеу жасады. Ол азаматтарды аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде тұрғылықты жері бойынша медициналық қызметке жүгінуге шақырды.

ҚР Президентінің жанынан құрылған төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Елордада және Алматыда 2020 жылдың 19 наурызы сағат 00:00-ден бастап карантиндік режим енгізді.

24 наурызда Халықаралық Олимпиада комитеті жазғы Олимпиада ойындарын 2021 жылға ауыстыру туралы хабарлады.

Осака, 25 наурыз
Фото: The Yomiuri Shimbun

1 сәуірде ғалымдар коронавирустың мысықтарға жұғуы мүмкін екенін айтты. Бұл кәдімгідей дүрбелең туғызып, нәтижесінде адамдар үй жануарларын көшеде қалдырып кетіп жатты.

Франция, 29 наурыз
Фото: REUTERS/Pascal Rossignol

26 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі науқас жазылып шықты, сол күні Нұр-Сұлтанда коронавирустан алғашқы адам қайтыс болды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі ресми парағында елдегі коронавирустық жағдайдың 2020 жылғы 28 наурыздағы саны 228 адамды құрайтыны туралы хабарланды.

Қазақстан үкіметі елдегі төтенше жағдай кезінде табыссыз қалғандарға 42500 теңгеден төлеген болатын. «42500 теңгенің жыры» деген атаумен том-том кітап жазуға болатындай оқиғалар орын алды.

42500 теңге алу үшін Қазпоштаның алдында кезекте тұрған халық

Маусым айының басында Бейжіңдегі ең ірі көтерме сауда нарығы Синьфади теңіз өнімдері бөлімінде вирустың жаңа ошағы анықталды. 11 маусымда қалада бір ғана науқас тіркелген, ал бір аптадан кейін олардың саны 160-қа жетті.

Бейжің, 14 маусым
Фото: EPA-EFE/ROMAN PILIPEY

Жаз айларында қазақстандықтар арасында пневмония дерті өршіп кетті. Ауырғандар дәм және иіс сезбейтіндерін айтып шағымданды. ДДСҰ денсаулық сақтау саласы бойынша төтенше жағдайлар бағдарламасының директоры Майкл Райан Қазақстандағы пневмонияның бұл түрі дұрыс диагноз қойылмаған Covid-19 екенін айтты. ДДСҰ Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыс орнатып, тест сапасын тексеруге кірісті.

Еліміздегі дәрі тапшылығынан тұрғындар дәріханаларда ұзын-сонар кезекте тұрды.

6 шілдеде астананың туған күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында мерекелік отшашу рәсімі болып өтті. Коронавирустың кесірінен жақындарынан айырылып жатқан халық бұл шараға наразылықтарын білдірді.

Германияда коронавирустық шектеулерге қарсы наразылық сәуір айында басталған болатын, ал жаппай қарсылық 1 тамызда өтіп, 20 мың адам алаңға шықты. Наразылық білдірушілер эпидемиологиялық шаралар азаматтық бостандыққа қайшы келетіндігін мәлімдеп, олардың күшін жоюды талап етті. Көптеген наразылық білдірушілер бетперде кимеді және 1,5 м қашықтықты сақтамады.

Берлин, 1 тамыз
Фото: REUTERS/Christian Mang

2 қыркүйекте 77-ші Венеция кинофестивалінің ашылу салтанаты өтті, ол басқа ауқымды іс-шаралар секілді келесі жылға қалдырылмады, онлайн форматқа көшірілмеді. Пандемияға байланысты фестиваль ерекше режимде өтті: қызыл кілемнің жабық салтанаты, билеттерді онлайн сатып алу және қатысушылардың бетпердесіз кірмеуі, т.б.

«Венеция кинофестивалінің алғашқы көрсетіліміндегі кезек»
Венеция, 2 қыркүйек
Фото: REUTERS/Yara Nardi

2021 жылдың 11 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша:
Қазақстанда осы уақытқа дейін 209 369 адам коронавирус жұқтырып, 182986 адам жазылып шыққан. Ал 2844 адам қайтыс болған.

Әлем бойынша:
Ауырғандар: 90702333
Жазылып шыққандар: 64824168
Қайтыс болғандар: 1943409

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button