«2 минут» ережесі: бәріне қалай үлгеруге болады?
Барлық адамға бір күнде 24 сағат беріледі. Одан артық та емес, кем де емес. Бірақ біреу бәріне үлгерсе, біреу қат–қабат жұмысқа сүрініп жүреді. «Шашымды жууға уақытым жоқ» деп айтатын адамның ыдысын да жууға уақыты болмайды. Өйткені ол уақытты тиімді пайдалануды білмейді дейді психологтар.
Жалпы бүгінгі көп жұмыс – уақытында орындалмаған бірнеше ұсақ жұмыстардың жиынтығы екенін есте ұстаңыз. Жұмыстың қабатталып жиналып қалмауына көмектесетін ең оңай тайм–менеджмент ережесі бар. Ол «2 минут» деп аталады.
«Қазір екі минутта жетемін», «Қолым тимей жатыр, екі минуттан соң хабарласшы», «Екі минут күте тұршы», «Екі минутта дайын болады» деген сөздерді күнделікті айтып жүрген боларсыз. Енді «екі минутты» іс жүзінде қолдануға көшуіңіз керек. Сонда бұл техниканың ережесін түсіну қиын болмайды.
Қалай?
Екі минутта орындауға болатын жұмысты дәл қазір орындаңыз. «2 минут» тайм–менеджмент ережесі осы: «дәл қазір».
Мысалы, тамақ ішіп болдыңыз ба, «кейін», «сәлден соң» деместен, ыдысыңызды дереу жуып тастаңыз; дүкеннен азық-түлік сатып алдыңыз ба, оларды пакеттен шығарып, жайғастырыңыз. Есептеп көріңізші, небәрі екі-ақ минут уақыт жұмсайсыз.
Сол сияқты екі минутта орындалатын жұмыс көп. Сіз ондай жұмыспен күнде кезігесіз. Бірақ сол сәтте орындамағандықтан, жексенбі күні бәрін орындап үлгермейсіз.
«2 минут» техникасының қаншалықты пайдалы екенін білгіңіз келсе, мыналарды әдетке айналдырыңыз:
- Аяқ киіміңізді шештіңіз бе, дереу оны сүртіп қойыңыз;
- Киіміңізді шештіңіз бе, ілгішке іліңіз;
- Жұмыстан келгенде қолыңызды жууға ваннаға кірдіңіз, шұлығыңызды да шешіп жуа салыңыз;
- Душқа шомылғаннан соң, жуынатын заттарды реттеп, еденді сүртіп тазалаңыз;
- Телефоныңызға келген хабарламаға сол сәтте жауап беріңіз;
- Шашыңыз майланып кетті ме, «ертең ваннаға түсемін» деместен, еңкейіп басыңызды жуа қойыңыз. Өйткені ертең бәрібір уақытыңыз болмайды;
- Шашыңызды кептіріп болған соң, фенді орнына апарып қойыңыз. Жалпы пайдаланған әр затты қайтадан өз орнына қоюға дағдыланыңыз.
Міне, осы секілді ұсақ жұмыстарды «дәл сол сәтте» орындап үйренсеңіз, аз шаршап, көп іске үлгеретін боласыз. Сонымен қатар, өміріңіздің де біршама жеңілдегенін аңғарасыз. Өйткені дер кезінде орындалған жұмысты сол мезетте ұмытасыз. Бұл апта бойы «түу, әлі ана жұмысты істеуім керек, мынаны орындауым қажет» деген уайымнан құтқарады.
«2 минут» ережесінің авторы Дэвид Аллен бұл техникамен ірі жұмыстарды да бөліп-бөліп орындауға болатынын айтады. Бірақ, алдымен, 2 минутта орындалатын ұсақ жұмыстарды уақытында орындауға әдеттенген жөн.