Денсаулық & Психология

Енді Қазақстанда жасанды интеллекттің көмегімен ота жасауға болады

Елімізде алғаш рет инсульт диагностикасына арналған Сerebra жасанды интеллектін қолдану арқылы ота жасалды.

Алматы қаласының №7 Қалалық клиникалық ауруханасында дәрігерлер Cerebra жасанды интеллектінің көмегімен ота жасаған.

Отаны тамырлы нейрохирургия бөлімінің дәрігерлері ишемиялық инсульті бар егде жастағы науқасқа жасады. Науқасқа Cerebra арқылы мәліметтерді өңдей отырып компьютерлік томография жасалып, мидың оң жақ ортаңғы ми артериясына механикалық тромбэкстракция жүргізілді.

Cerebrа бұл ASPECTS шкаласын автоматты түрде санау арқылы инсультты анықтау үшін жасанды интеллектті қолданатын диагностикалық бағдарлама.

Бұл диагностикалық бағдарлама инсульттің бар-жоғын анықтауға, ишемиялық зақымдану аймағын тез тануға, терапевтік терезенің нақты уақытын есептеуге, ота жасау мен тромболитикалық терапия жүргізудің пайдалы яки зиянды көрсеткіштерін нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Cerebra арқылы инсультпен ауыратын науқастарды диагностикалау мен емдеуде қажетті басқа да көптеген функцияларды анықтауға болады.

Ота жасалғаннан кейін науқастың жады қайтып оралады және оны ауруханадан шығарып, одан әрі оңалту жұмыстарын жүргізуге болады.

Жоба жетекшісі Досжан Жүсіповтің айтуынша, қазір әлемде осы салада зерттеу жүргізетін алты-ақ компания бар екен. Олар негізінен АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия және Израиль сынды медицинасы ерекше дамыған елдерде орналасқан.

Дамыған елдерде инсульт диагностикасы МРТ сканерлеу арқылы жүзеге асырылады. Ал дамушы елдерде инсульт диагнозы қол жетімді компьютерлік томографияға (КТ) негізделген.

Бұл жасанды интеллекттің өзге өнімдерден айырмашылығы, ол толығымен КТ зерттеулеріне бағытталған. Сол себепті Cerebra дамушы елдерде қолдануға өте тиімді.

Бұл жоба Қазақстандағы ІТ-стартаптардың үштігіне кірген.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button