Есінеуді алғашқы адамдар сигнал ретінде ойлап тапқан
Ғалымдар адамдардың біреудің есінегеніне ғана емес, қағазға «есінеу» деп жазып қойса, соған да реакция білдіретінін анықтаған. Уайымдаушылық, жанашырлық сезімдері бар адамдар басқаларға қарағанда есінеуді тез жұқтырады, ал мінезі қатқылдау, өзгеге иіле бермейтін, өзін басқа адамның орнына қоя алмайтындарда есінеуге қарсы иммунитет бар.
Әлемде есінеудің жұқпалылығын зерттеу үшін бірқатар тәжірибелер жүргізілді. Мысалы, бес жасар балалармен жүргізілген эксперименттер нәтижесі олардың апноэ синдромы бар адамдар сияқты сирек есінейтінін көрсеткен. Ал аутизммен ауыратын балаларға есінеген адамдардың суреттерін көрсеткенде оларға бұл нәрсе жұқпайтынын анықтаған. Өйткені, аутист балалар басқаларға қарағанда өзіне көп көңіл бөледі. Сондықтан олар есінеуге аса бейім емес боп келеді екен.
Біздің басымызда айналы-нейронды реакция болады, сәйкесінше, біз басқа адамнан көрген әрекетті қайталай аламыз. Бұл да эмпатияға жатады. Біз есінеген адамды неғұрлым жақсы танысақ, соғұрлым оған жауап ретінде есінеуіміз ықтимал.
Маймыл мен иттер де есінейді. Мәселен, иесінің есінегені итіне де жұғады. Ит иесінің көңіл күйін де, айтқан сөзін де ұғатын ақылды жануар болғандықтан, иесінің есінегеніне жауап бергені де таңғалатын дүние емес.
Шимпанзе адамның есінегеніне 33%, ит 72% жағдайда жауап береді екен.
Есінеуді негізінен ұйқымен байланыстырамыз.
Кейбір теорияларға сүйенсек, есінеудің жұқпалылығы алғашқы қауымдық кезеңінде адамдардың басқа жануарлар секілді топтасып жүруінен басталған деседі. Олар бірге ұйықтауға, тоңса, бір-бірін жылытуға және түндегі қауіптен бір-бірін қорғауға дағдыланған. Олар үшін бір мезгілде ұйықтап, бір мезгілде ояну қажет болған. Есінеу ұйықтайтын уақыт болды дегенді білдіретін сигнал ретінде қызмет атқарған.
Іс жүзінде, біреудің есінегеніне жауап беру 45-60% адамдарда болады.
Көбінесе, жылы әрі тыныш жерде жиі есінейді екенбіз. Егер сіз көпшілік орында есінеуге қысылсаңыз, өкпеңізді ауаға толтырып, терең дем алыңыз. Бойыңызды сергек ұстап, адамдармен белсенді қарым-қатынас орнатуға тырысыңыз. Ең дұрысы – далаға шығып, таза ауа жұту.