Денсаулық & Психология

Халық емі vs Медицина. Сынықшыға сенеміз бе әлде травматологқа ма?

23 маусым күні Маңғыстау облысында 8 жастағы бала сынықшының салғырттығынан қолынан айырылды. Бұл туралы жергілікті БАҚ пен желі қолданушылары жарысып жазды.

Зардап шегуші велосипедтен құлап, қолын сындырып алған. Ата-анасы оны жергілікті емшіге апарған. Қолын тексерген емші баланы үйіне жіберіп жатқанда қолының көгеріп, ісуі мүмкін екенін айтқан. Алайда уақыт өте келе баланың қолы жансыздана бастаған. Арада екі апта уақыт өткенде олар дәрігердің көмегіне жүгінеді. Қолын аман алып қалу мүмкін болмағандықтан, оң қолды шынтағына дейін кесу үшін хирургиялық операция жасалады. Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы. Ата-ана ұлдарын 12 күн кешіктіріп әкелген.

Бұл жерде ойдың екіге бөлінетіні анық. Өйткені қарапайым халықтың емші-сынықшыға сенетіндері (бір кездері солардың көмегіне жүгінгенде бәрі сәтті болған) бар. Ал кейбір адамдар медицинаға, травматологтың көмегіне жүгінуді дұрыс деп санайды. Осы тұрғыда сынықшы, Маңғыстаудағы Асар атаның ұрпағы Айгүл ханым болған оқиғаға, жалпы сынықшылыққа қатысты пікірін білдірген болатын.

Негізінде сынықшылардың рентгеннің көмегіне жүгініп, дәрігерлермен бірігіп жұмыс жасайтындары бар. Егер өте кішкентай бала келсе, міндетті түрде рентгенге жібереміз. Қаратқаннан кейін ғана әрекетке көшеміз. Медицинаның әлі келмеген кей жерде аруақтың (сынықшылардың) көмегі тиіп жатады. Кейбір травматологтар гипсті дұрыс салмайды. Ол шіріп кетеді. Сүйек орнына түспейді. Рентген кей уақытта дұрыс көрсетпейді. Сөйтіп жүргенде адамның қолы зақымданады. Ал аруақтардың тылсым күші басқаша», – дейді ол.

Сонымен қатар Айгүл ханым болған оқиғаға қатысты сынықшыны да кінәлай алмайтынын айтып өтті.

«Бұл – қала емес, ауылдық жер. Ол баланың қаншама күн кешігіп барғаны бар. Мысалы, біздің заманымызға дейін медицина саласы болмады ғой. Ата-бабаларымыздың еш жері сынбады емес, сынды. Жылқыдан кұлады, ботаның астында қалып қойды дегендей. Ондай оқиғалар көп болды. Сондықтан кейбір жерлерде адамның өзіне де байланысты. Гангрена болса, бала ұзақ күн жүріп қалған болып тұр. Ал сүйек орнына түспеген. Кезінде болсын, қазір болсын мықты сынықшылар адамдарды емдеп жатыр. Сол себепті бұл жерде сынықшыны айыптай алмаймыз. Бұрын медицина, рентген жоқ кезде сынықшы қаншама адамды аман алып қалды?! Соны ұмытпауымыз керек», – дейді сынықшы. 

Одан бөлек сынықшы «бір жері сынған адам кімнің көмегіне жүгінуі керек?» деген сұраққа жауап берді.

«Егер дұрыс, сенімді сынықшы болса, ең бірінші сынықшыға баруға да болады. Ал сүйегі былқылдап, мөрт сынған жағдайда ауруханаға барған дұрыс», – дейді.

Болған оқиғаға, жалпы сынықшылық пен травматологияға қатысты ойымыз бір жақты болмауы үшін Алматы қаласындағы №4 қалалық аурухананың ортопедиялық хирургия бөлімінің басшысы Мейрамбек Оңғарұлының пікірін білген болатынбыз. Ол «Бір жері сынған адам кімге баруы керек?», «Сынықшы ма әлде травматолог па?» деген сұрақтарға жауап берді.

«Бір жері сынған адам міндетті түрде жедел-жәрдем шақырып, травматологқа баруы керек. Егер өзі жүре алатын болса, (саусағы немесе қолы сынса) кез келген тұрғылықты жеріндегі клиникаға барып қаралуына мүмкіндігі бар. Кез келген уақытта бара алады. Себебі травматологиялық бөлімшелердің барлығы 24 сағат бойы жұмыс істейді. Адам міндетті түрде травматологқа баруы керек. Себебі сынықтан кейін ауруханаға уақтылы бармаса, әртүрлі асқынулар болуы мүмкін», – дейді.

Сонымен қатар травматолог науқастарға қатысты басынан өткен оқиғалар туралы айта келіп, халықты ойланып шешім қабылдауға шақырды.

«Сынықшы халық ішінде кең тараған түсінік. Менің ойымша, сынықшыға емес, травматологқа барған жөн. Себебі науқастар бізге сынықшыға барғаннан кейін асқынулармен келіп жатады. Сынықшылар орнына салдық дейді, ал рентген сынықтың орнына түспегенін көрсетеді. Кейбір кісілердің қолын, аяғын тартамыз, сынған жерді орнына саламыз деп сынықшылар тартып, бұлшық етін жыртып алып жатады немесе езіп жібереді. Одан бөлек жүйкелерін (нерв) үзіп жіберуі де мүмкін.

Бір науқас қолы сынып бөлімшеге түсті. Ол медицинаға сеніңкіремеді. Достары оны сынықшыға алып кетті. Бір аптадан соң ол қайта келді. Сонда науқас жеті сынықшыға барғанын айтты. Әрқайсысы барған сайын тарта беріп, жүйке тамырлары үзілген. Біз науқастың сүйегін орнына келтіріп бердік, алайда үзілген нерв орнына келмейді. Қолды, аяқты тартқанда ол науқасқа қосымша ауру (травма) болады. Нәтижесінде сынған жер ісіп кетеді. Ал ондай науқастарды отаға ұзақ дайындауға тура келеді. Ісігі қайтқанша күту керек. Ондай сынықтарды орнына келтіру травматологқа да қиындық туғызады», – дейді Мейрамбек Оңғарұлы.

Ал «Бір жері сынған адам не үшін травматологқа бару керек?» деген сұраққа сыныққа жеңіл-желпі қарауға болмайды деген жауап айтты.

«Кез келген сынықты анықтау үшін рентген жасалады. Ал сынықшылар бұл бөлімді жүзеге асырмайды. Біз науқасты рентгенге түсіріп, қандай ем жасайтынымызды анықтаймыз. Кейде орнынан ығыспаған сынықтар болады. Сондайларды сынықшылар тартып-тартып, орнынан тайдырып жібереді. Жалпы мұндай жағдайды гипстеу арқылы алдын алуға болады. Алайда орнынан тайған соң ота жасауға тура келеді. Сынықшыға барып келген науқасты міндетті түрде отаға 2 апта немесе 1 айдай дайындаймыз. Отадан кейін тағы да 2-3 ай уақыт керек.

Сынық деген сүйектің сынуы ғана емес, майда бұлшық еттер мен майда тамырлардың зақымдануы. Сыныққа жеңіл-желпі қарауға болмайды. Науқасты бір жерден екінші жерге тасымалдаған кезде сүйектің ішіндегі май қанға түсіп кетуі мүмкін. Ол өте қауіпті. Бұл асқынудың кесірінен науқас қайтыс болып кетуі де мүмкін», – дейді травматолог.

Байқасаңыз, бір жері сынған адам травматологты емес, сынықшыны іздейді. «Неге олай?» деген сұрақтың туындауы заңды. Бұған травматолог «олардың жарнамасы халық арасында сымсыз байланыс арқылы жылдам таралып отыр» десе, сынықшы кей жерде аруақтың құдіретінің күшті екенін айтады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button