Көз тию деген бар ма? Одан қалай сақтану керек?
Кейбір ырым-тыйымдар мен жоралғыларға келгенде дұрыс-бұрысын білмей шатасып жатамыз. Астарында Құдайға серік қосу жатқан жоқ па деген сауал да мазалайды. Бірақ, кейбір жоралғылардың пайдасы бар екенін көзіміз көріп жүр.
Сондай жоралғылардың бірі көз тимесін деп көзмоншақ тағу, баланың маңдайына күйе жағу. Бұл дұрыс па? Жалпы, көз тию деген бар ма? Дінімізде бұл туралы не дейді?
Анығына жету үшін дін саласының мамандарына сұрау салып көрдік.
Көз тию деген не?
Хасан Аманқұл, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:
Көз тию деген бар нәрсе. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, онда ол нәрсе көз тию болар еді (тағдырды өзгертер еді)», – деген. Тағы бір хадисте: «Көз адамды қабірге, малды қазанға түсіреді», – делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз тиген кезде «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін оқуға кеңес берген.
Айнұр Әбдірәсілқызы, Құрантанушы, ф.ғ.к., ЕҰУ-нің доценті:
«Көз тию», «назарлану» деген құбылыстың бар екені шындық. Алла жаратқан пенделердің күш-қуаты (энергиясы) мен ниеті әр алуан болады. Кей адамдарды қазақ «назары бар», «көзі бар» деп жатады. Жағымсыз күш-қуаты басым адамның сүйсініп қарағаны да, жақтырмай қарағаны да базбіреулерге назар болып тиюі мүмкін. Әсіресе, қуат өрісі әлсіз балалар мен әйел адамдар жиі назарланады.
«Көз тию – ақиқат» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар.
Көз тимесін деп көзмоншақ, тоғызкөз тағу, маңдайға күйе жағу сынды жоралғылар дұрыс па?
Хасан Аманқұл, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан жеткен бір хабар бар. Бір кісі келіп: «Біз жылда егін егеміз. Бірақ адамдар әрі-бері өткенде мақтайды, содан көз өте ме, егініміз солып қала береді. Не амал қылсақ болады?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егіннің ортасына малдың басын іліп қойыңыз. Адамдардың көзі егінге емес, бақшаға қойылған қарақшыға түседі», – дейді.
Көпшілік үйіне адамның назарын бұру үшін көз, көзмоншақ іліп қояды. Мұндағы мақсат келген кісінің назары үйге емес, сол ілінген затқа аусын дегенге саяды.
Бірақ, ілген нәрсеге қатысты осының құдіреті бар, күші бар, осы көмектеседі десеңіз күнә болады. Бұл Құдайға серік қосу боп қалады. Негізі көз тиюден сақтану үшін бір нәрсе ілу шариғатқа қайшы дүние емес.
Айнұр Әбдірәсілқызы, Құрантанушы, ф.ғ.к., ЕҰУ-нің доценті:
Әр елдің салтына қарай көз тиюден түрліше сақтанады. Қазақта назарды әшекейге аудару үшін қыз балаға, әйел адамға көзмоншақ пен әртүрлі алқа-тана, өңірлік, сырға, білезіктер тағу кең таралған. Осыған байланысты халқымызда «көздің жауын алады» деген тұрақты тіркес қалыптасқан. Яғни адамға алғаш қадалған назар көзмоншақтар мен әшекейлерге ауып, оның күші қайтады, екінші рет адамға назар аударғанда бұрынғыдай сұғы қатты болмайды деп саналады. Яғни көзмоншақ адамды қорғайды деп емес, назарды өзіне аударады деп түсіну қажет.
Сонымен қатар баланы (негізінен ұл баланы) көзге түспейтіндей етіп, қораш киіндіріп қою, маңдайына күйе жағу арқылы оған назарды аудартпауға тырысу да халқымызда бар. Дегенмен бұл орайда ырым дегеніміз – сенім емес екенін ескеру керек.
Қандай жағдайда көз тиеді?
Хасан Аманқұл, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:
Негізі барлық адамның көзі тие бермейді. Көз қызғанышпен, іштарлықпен, көреалмаушылықпен, жаман ниетпен қарағанда тиеді. Көз тию деген тек адамға ғана қатысты емес. Үйге, көлікке (жансыз нәрселер), малға да көз тие береді.
Көз тиюден қалай сақтанамыз?
Айнұр Әбдірәсілқызы, Құрантанушы, ф.ғ.к., ЕҰУ-нің доценті:
Пайғамбарымыздың кезеңінде де көз тию оқиғалары болған. Ол тұста араб жұртында назары тиді деп шүбаланған адамның жуынған суымен назарланған адамды жуындыру әдеті бар болатын. Оны Пайғамбарымыз да құптап: «Сендерден көз тигені үшін жуыну талап етілсе, жуыныңдар!» деген хадис қалдырған.
Теріс дұға мен назардан қорғаныш ретінде Пайғамбарымызға «Фәлақ», «Нас» сүрелері түсірілгені белгілі. Сол себепті көз тигенде Құран сүрелерімен дем салу кең таралған. Құранның шипа болып табылатыны жөнінде «Фуссилат» және «Исра» сүрелерінде аяттар бар. Ал баланың жүзіне (иегіне) күйе жағу арқылы назардан сақтануды Осман ибн Аффан сахаба ескерткен.
Қазақта көз тигенде дем салдырып, тұзды суға шомылдырып, басынан тұз айналдырып отқа тастап, хош иісті шөптермен аластап жатады. Хош иісті шөптерді түтетіп, науқас адамды, үй ішін аластауды бірқатар ислам ғалымдары жындарды аластауға септігін тигізеді деп санайды. Пайғамбарымыз хош иісті ерекше ұнатқан. Сонымен қатар: «Әрбір адамның жүрегінде жын иектеу мен алапестіктің ұрығы болады, одан айығудың жолы – нарцисс гүлін иіскеу» деген хадис те бар.
Хасан Аманқұл, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:
Көз тиюден қорғану үшін әрдайым Алланы зікір етіп жүру керек. Әсіресе өзіне немесе отбасына таңғалып жатса, «Алланың қалағаны» (мәшаллаһ), «Алладан басқа күш-қуат жоқ» (лә қуатә иллә билләһ) деп айтқаны дұрыс.
Көз тиюден сақтану үшін Құран аяттарын, дұғаларды оқып жүрген абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейнді шайтанның және улы жәндіктердің зиянынан, сұқ көзден сақтауын Алладан тілеп, дұға ететін.
Тағы бір ескеретін жайт, көп жұрттың ортасында назарға ілінбеуге тырысу керек. Қазақта «шілде сақтау» деген түсінік бар – жаңадан босанған анасын да, баласында да қырық күнге дейін ешкімге көрсетпеуге тырысады. Балаға көз тимесін дейді. Кейбір өңірлерде жаңа үйленгендердің де шілдесін сақтайды. Мұның барлығы жұрт қызғанып, сұқтанып қарайды дегеннен шыққан.
«Qadam.asia»