Денсаулық & Психология

Маугли синдромы: Балалардың іс-қимылы жануарларға ұқсайды

Медицинада «Маугли синдромы» деген термин бар. Синдромның атауы Д.Р. Киплингтің «Джунгли кітабындағы» бас кейіпкер Мауглидің есімімен тікелей байланысты. Шығармадағы Маугли кішкентайынан қасқырлардың арасында өседі. Дегенмен автор оны адамдарға тән физикалық дағдыларды меңгерген, интеллектісі дамыған әдеби қаһарман етіп суреттейді.

Ал бүгінгі таңда «Маугли синдромына» шалдыққандар кімдер?

Дәрігерлердің айтуынша, «Маугли синдромы» туа бітетін қасиет емес, бұл қоғамнан оқшауланып, өз беттерінше өмір сүруге мәжбүр болған балаларда кездесетін құбылыс.

Маугли синдромы бар балаларды қалай тануға болады?

Олар адамдармен тілдесе алмайды, эмоционалдық ауытқу, ақыл кемдігі байқалады. Балалардың қозғалысы, іс-қимылы жануарларға ұқсайды: төрт аяқтап қозғалады. Сөйлеудің орнына, түрлі дыбыстарға еліктеп үн шығарады.

Маугли синдромынының «жабайы, тағы, феральды балалар» деген синонимдері бар.

Психологтардың айтуынша, Маугли синдромының бірнеше себебі бар:

Ата-ананың өмірден өтуі.

Алыс елдімекендерде, орманды жерлерде өмір сүретін ата-аналар көз жұмған жағдайда балалар жалғыз қалып, жануарлардың арасында тіршілік етуі мүмкін.

Ата-ананың балаға дұрыс қарамауы.

Сәбилерді кейбір жануарлар ұрлап кетуі мүмкін. Мәселен, маймылдар. Кейде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар үйден өз беттерінше шығып, кері жолды таба алмай, адасып кетеді.

Психикалық ауытқушылықтары бар ата-аналар.

Маугли-балаларды үйдің құлып салынған бөлмелерінен, жануарларға арналған торлардан тапқан жағдайлар да кездескен.

Маугли синдромының диагностикасын психиатр дәрігерлер, неврологтар жүзеге асырады. Диагноз қою барысында сауалнама, қарап-тексеру, бақылау, физикалық және психикалық даму көрсеткіштерін бағалау, сөйлеу қабілетін, тұрмыстық дағдыларды меңгеруін тексеру секілді клиникалық әдістер пайдаланылады.

Бұл сырқатты емдеу әдістері әлі де түпкілікті шешімін таппаған өзекті мәселе. Емдеу барысындағы негізгі бағыт – психологиялық-педагогикалық түзету. Психологтар, дефектологтар, логопедтер бірлесе отырып, баланы көпшілікке бейімдеуге, тұрмыстық дағдыларды меңгертуге ұмтылады.  Қажетті жағдайда медикаментоздық терапия да қамтылады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button