Психологиялық тест: қай есікті ашқыңыз келеді?
Сіздің шынайы мінезіңіз қандай? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін жан–дүниеңіздің есігін қағып, жүрек түкпірінде жатқан қалауыңыз бен шынайы бет–бейнеңізді анықтап көріңіз. Көп ойланбастан, көзіңізге бірінші түскен есікті таңдап, қандай адам екеніңізді біліңіз.
№1 есік
Егер сіз бірінші есікті қаққан болсаңыз, табиғатыңыздан өте шыдамды адамсыз. Өзгелердің жағдайын өте жақсы түсінесіз. Жаныңызға жақын адамдардың басына түскен қиындық сізді бей-жай қалдырмайды. Сізде бос уақыт жоқ. Бос уақыт табыла қалған күннің өзінде де көмек сұрап келген адамның проблемасын шешуге сол уақыттың бәрін жұмсайсыз. Айналаңызда болып жатқан оқиғалардың ешбірі сіздің қатысуыңызсыз өтпейді. Бір сөзбен айтқанда, сіз өзіңіз үшін емес өзгелер үшін жаратылған жансыз. Сіздің жүрегіңіз нәзік, болмысыңыз бөлек. Ашық мінезіңізбен, жарқын көңіліңізбен адамдарды баурап аласыз. Бәлкім, бір сәтке болсын өзіңізге де көңіл бөлерсіз?! Сізге айтар кеңесіміз: бір күніңізді өзіңізге арнаңыз, кітап оқыңыз, кино көріңіз, саяхаттаңыз, жақсылап тынығыңыз.
№2 есік
Екінші есікті ашқан болсаңыз, сіз қарапайым адам емессіз. Бойыңызда шығармашылық дарын бар. Сізді болмашы өзгерістің өзі шабытқа бөлейді. Сіздің ерекше дарыныңыз бен көп қырлы қабілетіңізге өзгелер қызығып та, қызғанып та қарайды. Сәнді киінесіз, түрлі киімдерді үйлестіре білесіз. Әртістік қабілетіңіз айналадағы адамдарға ерекше әсер қалдырады. Бір көрген адам сізді ұмытуы мүмкін емес. Егер қазіргі мамандығыңыз театр, кино, шығармашылық саласында болмаса, осы салада бақ сынап көруді ойланып көрерсіз?! Талантыңызды тұншықтыруға болмайды.
№3 есік
Үшінші есікті ұйымдастырушылық қабілеті басым адам ашады. Сіздің ішкі түйсігіңіз жақсы дамыған. Соның арқасында өмірлік жолыңызды адаспай тауып келесіз. Есепке және құнды қағаздармен жұмыс істеуге ширақсыз. Ауқымды жобаларды аяғына дейін жеткізіп, жеңісті қанжығаңызға байлайсыз. Алдыңызда отырған адамның ойын оқып қоятын қабілетіңіз де жоқ емес. Сол себепті сізді оңайлықпен алдап-соғу ешкімнің қолынан келе бермейді. Өзгелерге не керек екенін жақсы білесіз. Мақсатыңыз айқын. Тіпті сәтсіздіктердің өзін еңсеңізді тік ұстаған күйде жеңіл қабылдайсыз. Сізге кеңесіміз – осы қалпыңыздан танбаңыз.
№4 есік
Төртінші есіктің иесі өте құпия адам. Өзіңіз жайлы өзгелердің сөз тасығанын аса жақтыртпайсыз. Ағыспен жүзуге көнбейтін адамсыз. Өмірде өз жолыңызды нақты айқындаған болсаңыз, ағысқа қарсы жүзуге де дайынсыз. Айналаңызға сыни көзқараспен қарайсыз. Сіздің дамуыңыз бен жетістікке жетуіңізге кедергі болған адамдармен бірден қоштасасыз. Тіпті достарыңыздың өзі сіздің қатқыл сыныңыздан өткен жандар. Өзіңізге мотивация беретін адамдармен тіл табысуға тырысасыз. Жаныңызда жүрген адамдардың қателікке ұрынарын алдын ала сезіп және сақтандырып отырасыз. Бұл сіздің ең жақсы қасиетіңіз десе де болады. Сіз турасын айтатын бірбеткей адамсыз.