Денсаулық & Психология

Рак ауруы туралы сіз естіп жүрген 5 аңыз

Рак ауруы бұрыннан адамзат үшін аты жаман ауру боп саналатыны мәлім. Ол туралы аңыз да көп, сондай шындыққа жанаспайтын аңыздардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.

1-ші аңыз: «Ұялы телефон мен қант алмастырғыштар рак ауруын тудыруы мүмкін»

Бұл пікір кең таралған әрі жалған боп саналатын пікір. 1970 жылдары жүргізілген бір зерттеулерде қант алмастырғыштарды тұтыну мен қатерлі ісік арасында байланыс бар деп анықтаған болатын. Бірақ зерттеу жануарларға жүргізілді, адамдардың бұған еш қатысы жоқ. Алайда қанттың (қант алмастырғыштар емес) көп мөлшерде қолданылуынан туындаған артық салмақ қатерлі ісікке зор ықпал етеді.

Бұл мәселе ұялы телефонға да қатысты. Онкологиялық аурулардың дамуы мен ұялы телефондарды пайдалану арасындағы байланысты көрсеткен ғалымдар да болған, бірақ артынша бұл байланысты жоққа шығарған зерттеушілер де шықты. Сондықтан қазіргі уақытта АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді басқару басқармасы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұялы телефонның рак ауруын туғызатын зияны туралы мәліметтер жоқ деп санайды. Ал, шын мәнінде, ең зиянды және онкологияны қоздыратын факторлар ретінде жіктелетін нәрселер: темекі шегу, алкогольді тұтыну және зиянды диета (диетада көкөністердің болмауы, керісінше тәтті және майлы тағамдардың болуы).

2-ші аңыз: «Қаранәсілділер ракпен ауырмайды»

Тері қатерлі ісігіне жиі шалдығатындар ақнәсілділер екені рас, бірақ бұл қаранәсілділер ракпен мүлдем ауырмайды дегенді білдірмейді. Шын мәнінде, қаранәсілділердің ең үлкен проблемасы – өздеріне де, дәрігерлерге де рактың алғашқы белгілері байқалмай қалуы, өйткені қараторы тері ауруды жақсы бүркемелейді. Сондықтан қаранәсілді науқастар, әдетте, дәрігерге ауру асқынып, соңғы кезеңге өткенде ғана барады.

3-ші аңыз: «Май жүрекке ғана зиян, бірақ қатерлі ісік ауруын тудырмайды»

Тудырғанда қандай! Америка онкологиялық бірлестігінің хабарлауынша, артық салмақ рак ауруынан болатын өлімнің әрбір бесінші рөлін атқарады. Біздің ағзамыздағы майдың көп мөлшері колоректальды қатерлі ісік, бүйрек ісігі, ұйқы безі, өт қабы, қалқанша безі және қуық асты безінің қатерлі ісігін дамыта алады. Май жасушалары бөлетін заттар (эстроген, адипокин, инсулинге ұқсас өсу факторы) онсыз да күрделі емдеу процесін тежейді.

4-ші аңыз: «Рак жұқпалы ауру емес»

Әрине, бұл пікірмен таласпаймыз, қатерлі ісік адамнан адамға жұқпайды. Бірақ онкологиямен байланысты кейбір вирустарды жұқтырып алуымыз өте оңай. Мәселен, соңғы онжылдықта папиллома вирусының (HPV) таралуына байланысты ауыз қуысы мен тамақ қатерлі ісігі жағдайды күрт өзгертті. Бір кездері қатерлі ісіктің бұл түрлері темекі шегушілер мен маскүнемдерден табылатын, бірақ бүгінгі күні бұл аурудың 70% -ы папиллома вирусымен байланысты.

5-ші аңыз: «Күннен қорғайтын крем терінің қатерлі ісігінен де қорғайды»

«Күнге күю – денсаулыққа пайдалы» деген тұжырымды қалай болса солай қолдана беруге болмайды деп дәрігерлердің өзі ескертеді. Күнге күюдің денсаулыққа келтірірер залалы мол. Тері рагын тудыруы мүмкін екенін айтпағанның өзінде, күнге күйгенді ұнататын адам өз терісінің қартаю процесін жылдамдататынын да естен шығармауы керек. Терінің ерте қартаю қаупі, терінің патологиялық ағаруы (витилиго) және теріде қоңыр дақтардың пайда болу қаупі күнге күюмен тікелей байланысты.

Егер сіз күн сәулесіне бір рет күйсеңіз, өлімге әкелетін меланоманың пайда болу мүмкіндігі бірден артады. Күннен қорғайтын крем, әрине, қажет, бірақ тек креммен шектелу жеткіліксіз. Әсіресе, сағат 11-ден 14-ке дейін күн сәулесінде аз уақыт өткізуге тырысыңыз, өйткені дәл осы уақытта ультракүлгін сәулелену процесі күшті болады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button