Денсаулық & Психология

Жан-дүниеңізді түсінуге арналған визуалды психологиялық тест

Тест сұрақтарына жауап беру үшін ұшқыр қиялыңызды пайдаланыңыз. Керек болса, арасында көзді жұмып, елестетіп көруге болады. Бастысы жауабын қағазға жазып отыруды ұмытпаңыз.

Кенеттен орман ішіндегі жалғызаяқ жолға тап болдыңыз. Жолдың айналасын ағаштар қоршап тұр.

1.Ағаштар белгілі бір тәртіппен өсіп тұр ма әлде қалай болса солай орналасқан ба?

2. Күндіз бе, түн бе?

3. Жол кең бе, тар ма, жүруге ыңғайлы ма, әлде аяқ астында түк көрінбей ме?

4. Жүріп келе жатып, бір кезде жерде жатқан кілтті көрдіңіз. Кілттің сипаты қандай? Көне, жаңа, шағын, үлкен? Ол нені ашады деп ойлайсыз?

5. Кілтті көтеріп аласыз ба, әлде сол жерде қалдырасыз ба?

Әрі қарай келе жатқанда алдыңыздан аю шыға келді. Түріне жақсылап қараңызшы.

6. Ашулы ма, әлде достық пейілде ме? Қорқасыз ба?

7. Аю қаншалықты үлкен?

Аю орманға сіңіп, жоқ болып кетті. Сіз де әрі қарай кеттіңіз. Бір қарасаңыз жолдың ортасында құмыра тұр.

8. Құмыраны сипаттаңыз, неден жасалған?

9. Жақындап қарасаңыз, ішінде бірдеңе бар ма? Не бар?

Құмырадан да өтіп кеттіңіз. Бір кезде жол бітті де, алдыңыздан үй шықты.

10. Қандай үйді көрдіңіз? Үлкен, кіші?

Үйден айқайлап жатқан адамның даусы шығады. Есі ауысқан адамдай айқайлайды, әрі есікті аш деп сұрап жатыр.

11. Есікті ашасыз ба?

Бір кезде кенеттен айналаның бәрі аппақ болып кетті. Үй де, орман да жоқ. Барлығы жоғалып, айнала тек ақтүтек. Жүрсеңіз де ештеңе өзгермейді. Айқайласаңыз да ешкім естімейді.

12. Не істейсіз? Бәрін қойып, бір жерде тұра бересіз бе? Әлде жүріп, бұл жерден шығуға тырысасыз ба? Еш нәтиже жоғын көрсеңіз, қанша уақыт бойы тырмыса бересіз?

Жауабы:

Орман ішкі әлеміңіздің көрінісі.

1. Егер ағаштар белгілі бір ретпен орналасса, сіз өзіңізден тәртіп пен логика күтесіз. Бірақ үнемі ойдағыдай бола бермеуі мүмкін. Ал кездейсоқ орналасса, демек қатал тәртіп сіз үшін қатты маңызды емес. Жан-жағыңыздағы дүниелердің түріне емес, олар қаншалықты керектігін, пайдасын, практикалық мәнін көбірек ойлайсыз.

2. Орман балалық шақты да білдіретін болғандықтан, күндіз не түн екені балалық кезіңіз қалай өткенін көрсетеді.

Позитив пе, әлде негатив пе?

Сонымен қатар, бұл таңдау қазіргі өмірлік жағдайды қалай көретініңізді де білдіреді. Күн сәулесіне шомылған орман – қазір бастан кешіп жатқан кезең  немесе балалық шағыңызды бақытты кезең деп қабылдауыңыз. Ал қараңғы орман – қазіргі қорқынышыңыз немесе балалық шағыңызды қауіпті, қорқынышты уақыт деп бағалауыңыз.

3. Жолдың сипаты – қазір өмірде жүріп келе жатқан жолды білдіреді.

Кең, таза жол – не істеп жүргеніңізді, қайда баратыныңызды білесіз деген сөз. Алға қойған жоспарларыңыз, анық таңдауыңыз бар.

Тар, адам аяғы баспаған, ыңғайсыз жол – қазір өзіңізге сенімсіздік танытып, түрлі ойға салынып, болашақтан қорқып жүрсіз деген сөз. Бұл сізге сәйкес келмесе, демек сіз болашақты білгіңіз келмейтін, кез-келген тосынсыйды қуана қарсы алатын адамсыз.

Кілт – жұмысқа не өзіңізге қатысты арман-тілектердің символы.

4. Кілттің «жасы» – арманыңызды неше жылдан бері ойлап келе жатқаныңыз.

Неше түрлі оюы болса – сіз ерекше нәрсені іздеп жүрсіз.

Көне кілт болса – өміріңізді өзгертіп жіберердей тосынсыйды күтіп жүрсіз.

Кілт үлкен болған сайын – cіз армандаған нәрседен соншалықты үлкен өзгеріс, нәтиже күтесіз. Бар үмітіңізді соған артып қоюыңыз да мүмкін.

Кішкентай кілт – арман дегеніңіз тез іске асыруға болатын шағын немесе анық мақсат екенін білдіреді.

Қазіргі заманғы кілт – арманыңыздың жақын арада пайда болғаны.

5. Кілтті алсам ба, тастап кетсем бе деген таңдау – сіздің ішкі қорқынышыңыз бен арманыңыздың қайсысы күштірек екенін көрсетеді. Барынша жасырып қалғыңыз келетін құпияларыңыз көп болса, кілтті алмайсыз. Ал армандарыңыз бәрібір күшті болса, кілтті көтеріп, ала кетесіз.

Аю өмірдегі проблема мен қиындықтың көрінісі.

6. Аюдың түрі қорқынышты болған сайын, сіз де өмірдегі проблемаларға соншалықты алаңдайсыз.Тісі ақсиып, сояудай тырнағымен сізге қарай жүгірсе – өмірдің қиындықтарын да сізге шабуыл жасағандай қабылдайсыз. Ал аю жай ғана өзімен өзі кетіп бара жатса, проблема соншалықты үлкен емес, шешуге болады деп ойлайсыз. Аю достық пейіл танытып, жылы көрінсе – сіз әдетте проблемадан қатты қорықпайсыз, бақылай аласыз және қорықпайсыз.

7. Аюдың көлемі – проблеманы қалай көретініңізді білдіреді.

Құмыра отбасымен қарым-қатынасты білдіреді.

8. Үлкен құмыра – ата-ана, ата-әжемен байланысыңыз берік, өміріңізде маңызды орында тұр. Кіші болса, керісінше. Құмыра неден жасалғаны да арадағы дистанцияны көрсетеді. Көне құмыра – сіз отбасылық байланыстан алыстап кеткен сияқтысыз, жаңа құмыра – бірнеше ұрпақ арасындағы байланыс өміріңізде қазірге дейін бар деген сөз.

9. Құмыраның ішінде не бары – отбасын қалай қабылдайтыныңыздың көрінісі. Құмыра бос болса – сіз үшін отбасы ұғымы маңызды, бірақ дәл қазір өміріңізде туысқандықтың пайдасы жоқ сияқты көрінеді. Ішінде су болып, тіпті оны ішсеңіз – сіз үшін отбасы ресурс бере алатын жер. Құм болса – бірте-бірте алыстап барасыз, өмірдегі қазіргі жағдай сізді көбірек алаңдатады. Ішінде жәндік, шөп болса – отбасы байланысы сіз үшін өте маңызды, сізге кез келген жағдайда әсер ете алады.

10. Үлкен, әдемі үй – сіздің байысам деген тілегіңіз. Шағын үй – ақшаға қатты құлшынбайтыныңызды, өмірдің өзі ұсынғанын ғана алатыныңызды білдіреді.

11. Есі ауысқан адам – адамдарға қаншалықты сенетініңізді білдіреді. Есікті ашып берсеңіз – біреуге көмектескіңіз келіп тұрады, тіпті сізді ренжіткен адамға да. Ашпасаңыз – бұрын бастан кешкен жағдайлар адамға сенбеуді үйреткен.

Айналаның аппақ боп кетуі ажалдың символы.

12. Көп адам шығарға жол іздеп, жанталасады, ал енді бір адамдар болған жайды қабылдап, тынышталады. Қабылдау – өмірдің соңында ажал барын қабылдау, одан құтылмасын түсіну. Мұндай адамдар бір жағынан өмірдегі өзгерістерді де байбалам салмай, жеңіл қабылдауы мүмкін. Шығу үшін күресіп, жанын салатын адамдар – әлі көп нәрсені бітірмедім, ажалға дайын емеспін дейді.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button