Денсаулық & Психология

«Қызыл, жасыл, көк, сары»: адамдарды неліктен түстерге бөлеміз?

Неліктен кейбір адамдар халықаралық компанияның бас директоры болуды армандайды, ал басқалары Канада ормандарында ағаш үйде тұруды қалайды? Неліктен кейбіреулер минутына 20 идея ойлап табады, ал басқалары оларды жек көреді? Мұның себебі қарапайым: адамдар әр түрлі мінез-құлық типтеріне жатады және коммуникацияға түскенде де бір-біріне ұқсамайды.

Бұл материалда біз DISC деп аталатын адамдардың «түсті» типологиясы жөнінде айтпақпыз. DISC атауы: «dominance» (үстемдік), «influence» (ықпал ету), «steadiness» (тұрақтылық), «compliance» (сәйкестік) деген мағынаны білдіреді.

Кеше ғана коронавируспен күресте қазақстандықтарды түстерге бөлетіні туралы айтылып жатты. Бүгін біз психологиялық тұрғыдан адамдар қандай түстерге бөлінетіні жайлы ақпарат бермекпіз.

«D» типі немесе «Қызылдар»

Билік – «қызылдардың» басты қалауы. Егер ол қызметте басшылық орындардың біріне отырмаса, үйіндегі бейкүнә туыстарынан «өш алады». «Қызылдардың» барлық нәрсеге қатысты өздерінің жеке ойы бар және ол ойынан айныту өте қиын. Жанжал кезінде ол психологиялық тұрғыдан қарсыласына «қысым жасайды», оның қысымына төтеп бере ме, жоқ па соны тексереді. Ал қарсыласы мұндай жағдайда сабыр сақтап, арандатудан аулақ болу керек.

«Қызылдардың» артықшылығы: тез шешім қабылдайды және барлық қауіп-қатерді алдын ала болжай алады. Мақсатқа жету жолында оны өзі секілді басқа «қызыл» ғана тоқтата алады.

Мотивациясы: ақша, билік

Қанаттандыратын сөзі: «Қалай айтсаң – солай болады».

«I» типі немесе «Сарылар»

«Мүмкін емес нәрсе жоқ!» – бұл сарылардың өмірлік ұраны десе де болады. Ол кез келген мәселеде жарықтың жылдамдығымен шешім қабылдайды және әр өзгеріске балаша қуанады. Барлық істе нәтижесін бірден көргісі келеді, әйтпесе, жалығып кетуі мүмкін. Олар көбінесе қысқамерзімдік жобаларға басымдық береді. Көлемді есептер жазу және көптеген деректерді талдау «сарылардағы» энтузиазмді өлтіреді.

Сары түстің өкілдері қателік жіберуден және жаңа нәрсені көруден қорықпайды. Сәтсіздіктердің бәрін маңызды сабақ ретінде қабылдайды. Оның жетістіктеріне басқалардың немқұрайлылықпен қарауы ашуына тиеді.

Мотивациясы: еркін әрекет ету

Қанаттандыратын сөзі: «Саған дейін мұны ешкім жасай алмады. Сен жасай алам деп ойлайсың ба?»

«S» типі немесе «Жасылдар»

«Жаман адам болмайды, адамдардың бәрі жақсы, тек кейбіреулері түзу жолдан адасып қалған» – «жасылдардың» ойы осы. Бұл түстің өкілдері нағыз командалық ойыншылар. Олар басқаларға жақсы әсерін тигізбейтін шешімді ешқашан қабылдамайды. «Жасылдар» басқалармен үнемі байланыста болмаса, өмір сүре алмайды. Сондықтан фриланстық өмір салты оларға жарамсыз.

Жұмыстағы іс-шараларды, әдетте, осы «жасылдар» ұйымдастырады. Эмпатиясы жоғары. Әріптестерінің көңіл күйін бақылап жүреді. Сәл мұңайсаңыз, «жасылдар» бірден жағдайыңызды, не болғанын сұрап кетеді.  

Мотивациясы: жақсы әрі тату ұжым

Қанаттандыратын сөзі: «Сен біздің ұжым үшін таптырмас жансың»

«С» типі немесе «Көктер»

«Көктер» шешім қабылдамас бұрын, алдымен, барлық мәліметті жинап алады. Ол өз ісінің нағыз маманы ретінде бәрін ұсақ-түйекке дейін есептеп, барлық дереккөздерді қайталап тексергенді ұнатады. Егер белгілі бір салада білімі жеткіліксіз болса немесе қолынан келмейтін іс болса, ол оны бірден мойындайды. «Көк түстілерді» хаос пен көп тапсырма тығырыққа тіреуі мүмкін.

«Көктер» аздап тұйықтау боп келеді, сондықтан отырыстар, шаралар кезінде таныстары аз болса, өзін ыңғайсыз сезінеді.

Олар көбінесе жанжалдан қашады, бірақ егер оның профессионалдық қызығушылығын тудыратындай мәселе болса, нағыз соғыс басталды дей беріңіз.

Мотивациясы: тұрақтылық, болашағының айқындылығы

Қанаттандыратын сөзі: «Міне, сенің алдағы әрекетіңнің нұсқаулығы»

Сонымен, сіз қай түске жатасыз?

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button