Жатар алдында жеуге болатын ас бар ма?
Ұйықтар алдында асқазанға ауыр болатын тағамдардың бары бұрыннан белгілі. Бірақ, қандай тағамдар? Түн ортасында тоңазытқышқа жақындамай тұрып, қандай тағамдардан жатар алдындабас тарту керек екенін біліп алған жөн.
Тым майлы тағамдар
Өте кеш даярланған кешкі асты ішерде немесе түн ортасында тістей салуға майлы тағамдарды тұтынбаңыз. Картоп фриі, пицца сияқты тағамдар кешке қарай жеуге тыйым салынған тағамдар қатарына кіреді. Сонымен қатар, түн ортасында сары май, ірімшік сияқты тағамдардан бас тартыңыз. Өйткені, бұлардың құрамындағы май қабаттары сіз ұйықтап жатқанда денеңізге жиналады.
Қант қосылған дәнді тағамдар
Қант қосылған дәнді ботқалар барлық жанға ұнайтын болар?! Кейбір жандар тіпті дәнді дақылдардан жасалған ботқаны кешке қарай тұтынғанды ұнатады. Әрине ол жақсы, дегенмен, уақыты мен құрамын дұрыс таңдай білу керек. Сұлы жарнасынан жасалған ботқаны тек таңертеңгі не түскі асқа ғана тұтыныңыз. Кешке одан бас тартуды үйреніңіз.
Ащы тіскебасарлар
Кешкі астың құрамында ащының болмағанын қадағалаңыз. Ащы бұрыш қосылған тағам ұйқыңыздың сапасын бұзады және ішіңіз кеуіп, асқазанда қыжыл пайда болады. Сондай-ақ ащы тіскебасарлар басқа да органдарға зиян келтіруі мүмкін.
Кофеин қосылған тағамдар
Егер ұйықтап кетуіңіз қиын болса, ұйқыға жатар алдында құрамында кофеин бар тағамдарды тұтынбаңыз. Өздеріңіз білетіндей, кофе не шай (соның ішінде көк шай) кофеинге өте бай. Құрамы кофеинге бай азық-түлік те аз емес. Себебі, ағзаға түскен көп мөлшердегі кофеин қажетсіз сергектік сыйлап, тез ұйықтап кетуіңізге кедергі келтіреді. Салмақ қосуыңыз да мүмкін.
Ет
Үстел басына кеш отырып қалсаңыз, дастархандағы еттен, ет қосылған тағамнан бірден бас тартыңыз. Асқазанда қорытылатын бұл тағам түрі де ұйқыңыздың тыныш болуына кедергі келтіреді және таңертең асқазаныңыз ауырлап, ауырып оянасыз.
Бұршақ тұқымдастардан жасалған тағамдар
Иә, ғалымдардың келтірген дәлелдері бойынша, бұршақ тұқымдастардан жасалған тағамдар денсаулыққа өте пайдалы. Алайда, бұл тағам түрін ұйықтар алдында асқазанға апаруға асықпаңыз.
Балмұздақ
Ұйқыға жатар алдында балмұздақтан мүлде бас тартыңыз, әсіресе, шоколадты балмұздақтан. Құрамындағы қант пен кофеин ұйқыңыздың тыныштығын кетіреді, артық салмақтың туындауына себепші болады.