Денсаулық & Психология

Жер бетінде сау адам жоқ, бәріміз науқаспыз

Иә, бәріміздің де әйтеуір бір жеріміз ауырады. Абсолютті сау адамды кездестіру мүмкін емеске айналды. Денсаулығы мықты деген адамның өзінде бірнәрсеге аллергиясы болуы мүмкін. Шын мәнінде, аурудың барлық түрін адамзат өз қолымен жасап отырғанын мойындауымыз керек. Бұдан ары қарай не болмақ?

Жер шарында халық саны өсіп келеді. Біз бұл туралы «Жер бетінде 6 миллиард артық адам бар» атты мақаламызда айтқан болатынбыз. 2011 жылдың қазан айынан 2015 жылдың ортасына дейінгі аралықта ғана планета 300 миллионға жуық адаммен толыққан. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2050 жылға қарай жер бетінде 10 миллиард адам болады. Адам көбейген сайын ресурстар азаяды. Бұл денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстарға, экономикалық кризистерге әкеп соқтыратыны белгілі.

Егер БҰҰ-ның болжамы шындыққа айналса, адамдар арасында қандай аурулар таралуы мүмкін?

Тыныс алу органдары ауруларының жоғарылауы

Халық санының көбеюі атмосфераның ластануын арттырады. Бұл ақыр соңында респираторлық аурулардың және астманың көп таралуына әкелуі мүмкін. The Lancet журналында жарияланған 2014 жылғы анализге сүйенсек, ауаның ластануы бірінші кезекте «балалар мен ересектерде демікпе ауруын» қоздырады.

Өкпе және қуық қатерлі ісігі

Атмосфераның ластануы астманы ғана тудырмайды. Жақында Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі сыртқы ауаның ластануын өкпе мен қуық қатерлі ісігінің қоздырғышы ретінде жіктеді.

Тері қатерлі ісігі

Халықтың тез өсуіне байланысты ауаның ластануы нашарлай бастағандықтан, ол озон қабатын да бұзады. Бұл өз кезегінде терінің қатерлі ісігі, терінің ерте қартаюы сияқты проблемалар тудыратын күннің зиянды ультрафиолет сәулелерінен қорғай алмайтындығын білдіреді.

Инфекциялық аурулардың таралуы

Адам көп шоғырланған жерде вирус та тез тарайды. ДДСҰ-ның пікірінше, «тұрғын үйлердің жиі орналасуы, адамдардың көптігі эпидемиялық потенциалы бар аурулардың таралуының негізгі факторы боп табылады». Егер тұрғындар саны күрт өсіп кетсе, онда адамдардың жеке кеңістігі әлдеқайда тар болады және менингит, іш сүзегі, тырысқақ, тағы басқа ауруларды жұқтыру қаупі жоғары болатыны айтпаса да түсінікті.

Ауруханалар науқастарға толады

Адамдардың көптігі мен медициналық ресурстардың жетіспеушілігі қауіпті жағдай туғызатыны анық. ДДСҰ атап өткендей, «медициналық мекеме сынды қоғамдық орындар науқастардың ғана емес, микробтардың да шоғырланған аймағына айналуы мүмкін». Сонымен бірге аурудың жаңа түрлері пайда болып, ауруханада кезек те көбеюі ғажап емес.

АҚТҚ / ЖҚТБ-ның жоғары деңгейі

Population Action International қоғамдық-саяси ұйымы «жастары көп елдерде АҚТҚ жұқтыру дерегі көп және оларда отбасын жоспарлау ісі өте төмен деңгейде» деп жазады. Мәселен, Свазилендте ЖҚТБ-ның кесірінен 69 000 бала жетім қалған, ал еңбекке жарайтын жастағы адамдардың осы аурудан қайтыс болуынан мемлекет зардап шеккен. Ғалымдардың заманауи қоғамдарда байқаған бұл деректерін ескерсек, халықтың өсуінен туындайтын медициналық көмек пен жабдықтың жетіспеушілігі АҚТҚ / ЖҚТБ жаңа эпидемиясын оңай тудыруы мүмкін.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button