Ғылым

Қабдеш Жұмаділовтің ТОП-5 романы

Бүгін 85 жасқа қараған шағында классик жазушы Қабдеш Жұмаділов дүниеден өтті.Оның шығармашылығының дені атамекенді аңсау, жырақта қалған қандастардың тағдыры, туған жерге деген сағыныш тақырыптарын қамтиды. Ол суреткерлігімен, жазушылық шеберлігімен қазақ әдебиетінде өз орнын ойып тұрып алған аса көрнекті қаламгер. Жазушының өзі кетсе де, артында томтом кітабы қалады. Біз оның ең үздік, ең танымал 5 романын оқуға ұсынамыз.

СОҢҒЫ КӨШ

«Соңғы көш» роман-дилогиясында Ресей империясы Қазақстанды толық жаулап алғаннан кейiн атамекенiнен бiртiндеп қуыла бастаған қандастарымыздың ұзақ жылғы ауыр тағдыры, әсiресе XX ғасырдың басынан басталатын 1916, 20, 32, 37 жылдардағы тұрмыс тауқыметi, аштық азабы, т.б. тарихи ахуал, 1950-1980 жылдары ҚХР-да ғана нақты-тарихи мазмұнда туындаған саяси науқандардың зардаптары, 1962 жылы жиырма күн iшiнде екi жүз мың адам бiр демде өте шыққан ұлы көш суреттелген. Шетелдегi қазақтар өмiрiнен жазылған Қ.Жұмадiловтiң «Соңғы көш» романында тарихи шындық айтылады.

ДАРАБОЗ

«Дарабоз» роман-дилогиясына бүкіл өмірін өз елін сыртқы жаудан қорғауға сарп еткен, жоңғарға қарсы азаттық соғысының даңқты қолбасшысы, батыр бабамыз Қаракерей Қабанбайдың өмірі мен жорық жылдары арқау болады. Жазушы тек Абылай ордасымен немесе Қабанбай төңірегімен ғана шектелмей, тарихта орны бар басқа да батыр, билердің реалистік бейнелерін жасаған. Абылай хан мен қолбасы Қабанбайды тарихтағы тұғырлы орындарына қондырған алғашқы туынды.

ТАҒДЫР

Жазушының бұл романында қазақ халқы басынан кешірген ауыр бір кезең – екі империяның алаштың атақонысы болған сайын даланы екіге бөліп, шекара сызығын жүргізген кезеңін арқау еткен. Романда әртүрлі мінезді, алуан тағдырлы кейіпкерлер сипаттары сомдалып, болмысы ашылған. Патшалық Ресей мен Цин империясы Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін айқындап енші бөлісуді XIX ғасырдың 80-ші жылдары ғана қолға алған болатын. Романдағы күллі оқиға осы айтулы тарихтың халық тағдырына қалай әсер еткенін бейнелеуге баяндалған. Туынды төрт бөлімге топтастырылған: «Жол торабы», «Тағдыр», «Уақыт керуені», «Дар ағашы».

ТАҢҒАЖАЙЫП ДҮНИЕ

Сонау көшпенділер ауылында туып-өсіп, бір емес, екі бірдей империяны бастан кешірген Қабдеш Жұмаділов – өмірбаяны аса бай жазушы. Бұл ғұмырнамалық романды естен кетпес сәттердің жиынтығы, адам, қоғам, уақыт туралы толғау десе де болады. Автор нені жазса да шындықтан жалтармаған. Өмір жолында шарапаты тиген жақсылар да, кесапаты тиген кесірлер де қаз-қалпы қағазға түскен. Сондай-ақ, көркем сөздің құпиясы, кемелдік, шеберлік мәселелері де кітаптағы алтын арқаулардың бір.

АТАМЕКЕН

Бұл романда бір кезде туған жерден әр түрлі себеппен қол үзіп қалған қызық тағдырлы адамдар туралы сыр шертіледі. Романда кезектесіп көрінетін өткен тариx пен бүгінгі күн домбыраның қос ішегіндей, бірін-бірі толықтырып отырады. Өмірдің талай өткелінен өтіп, қырық жылдан кейін қайта табысқан Ақжан мен Қайдар тағдырында оқырманға ой салатын жайлар аз емес. Жазушы бұл шығармасында да шұрайлы тілімен сүйсіндіреді.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button