Ғылым

Адамзатқа пайдасы жоқ жаңалық ашқан ғалымдар

2013 жылы Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенкоға халықаралық сыйлық беріледі. Тек бұл күлкіңді келтіретін сыйлық болатын.

«Еуропаның соңғы диктаторы» атанып кеткен ол қоғамдық тәртіпті бұзбау және мемлекеттің беделіне нұқсан келтірмеу үшін мынадай заң шығарады: ел азаматарына қоғамдық орындарда қатты қол шапалақтауға тыйым салынады.

Осы заңға сәйкес, қол шапалақтаған «заңсыз әрекеттері» үшін құқық бұзушыларға айыппұл салынады, тіпті он бес тәулікке қамауға алынатын. Не керек, ең қаскүнем құқық бұзушы Константин Каплин атты қарапайым азамат болып шығады. Ол мемлекетке 2 114 000 беларус рублі көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Ең қызығы, «заң бұзған» Константин бір қолы жоқ мүгедек еді. Тәртіп сақшылары оның мүгедек екенінен де ұялмаған.

Қоғамдық тәртіпті бұзбау және мемлекеттің беделіне нұқсан келтірмеу жолындағы кемеңгер саясаты үшін Лукашенкоға жоғарыда айтылған сыйлық тағайындалады. Бұл Шнобель сыйлығы еді.

Шнобель сыйлығы не үшін беріледі?

«Шнобель сыйлығы» деген тіркес «Нобель сыйлығы» дегенге ұқсайтын сияқты. Алайда, ол қандай мағына береді?

Түпнұсқасында бұл сыйлықтың атауы мүлде басқаша мағына береді және «шнобель» сөзімен ешқандай байланысы жоқ. Шнобель сыйлығының түпнұсқа атауы – Ig Nobel Prize.  Яғни, ағылшын тіліндегі «ignobel» сөзімен үндес болатын «масқаралық» немесе «қарабайырлық» деген мағынаны білдіретін сөз.

Бұл сыйлықтың Нобель сыйлығымен байланысы бар ма деген сауал туады. Екі сыйлықты байланыстыратын бір деталь бар: екі сыйлық та ғылыми зерттеулердің авторларына беріледі. Тек Ig Nobel әдеттен тыс және бейресми жұмыстарға, анығы, адамзатқа аса пайдасы жоқ жаңалықтарға беріледі.

Шнобель сыйлығын 1991 жылы Марк Абрахамс ойлап табады. Ол осы арқылы ғылымға, медицинаға және технологияға юмормен назар аудартуды көздейді. Әуел бастан идея авторының мақсаты әртүрлі ғылыми саладағы мамандардың жетістіктеріне құрмет көрсету, сонымен бірге оны ерекше сатиралық форматта ұйымдастыру еді.

Шнобельді алған ең күлкілі жаңалықтар

Адам кофе немесе шай толы кесені алып жүрген кезде, мұқиятығы мен зейінділігі артады екен. Өйткені, сүрініп кетпес үшін аяғыңыздың астына қарауды да, қолыңызды қисайтып төгіп алмауды да бір уақытта қатар ойлауыңыз керек. Көбінде сусын еденге төгіліп кетіп жатады. Ғалымдардың айтуынша, кофе көбінесе алтыншы және тоғызыншы қадамдар арасында төгіледі екен.

Осыны зерттеу үшін бірнеше ғалым бірігіп, ұзақ уақыт бойы тәжірибе жүргізген. Шнобель лауреаттары осындай бос әурешілікке ұзақ уақыт жұмсайды. Сонысымен күлкілі. Десе де, зерттеулері нәтиже беріп жатады.

Америкалық бір ғалым тақтаға бормен жазғанда және тақтаны тырнақпен тырнағанда шығатын дауыстан адамдардың көпшілігінің неге тітіркенетінін дәлелдегені үшін марапатқа ие болған. Егер сіз бұл дыбыстың көлемін арттырсаңыз, онда ол шимпанзенің қауіп туралы ескертетін айғайына өте ұқсас болады екен. Сондықтан бұл бізді тітіркенуге мәжбүр етеді.

Бельгиялық Эвелин Деби адам жасының өтірік айту қабілетіне әсерін зерттеген. Ол еріктілерді жинап алып, өтірік құрастырып айтуды тапсырады. Содан кейін әртүрлі жастағы адамдардың өтірікті құрастырудағы жылдамдығын өлшейді. Зерттеу нәтижесінде, ең шебер өтірікшілер жасөспірімдер болып шыққан, жылдар өте келе бұл дағды жоғалады екен.

2020 жылы Шнобельді кімдер алды?

Акустика. Стефан Ребер, Такеши Нишимура, Джудит Яниш, Марк Робертсон және Текумсе Фитч – гелиймен байытылған ауамен толтырылған жабық камерада қытай аллигаторының аналығын айғайлата алғаны үшін.

Материалтану. Метин Эрен, Мишель Беббер, Джеймс Норрис, Алиса Перроне, Эшли Руткоски, Майкл Уилсон және Мэри Энн Раганти – адамның мұздатылған нәжісінен жасалған пышақтар өткір болмайтынын дәлелдегені үшін.

Медицина. Нинке Вулинк, Дамиаан Дэнис және Арно ван Лоун – бұрын танылмаған денсаулық жағдайын диагностикалағаны үшін: мисофония, яғни өзге адамдардың бірдеңе шайнағанда шығатын дыбыстары мисофониямен ауыратын адамдарға дискомфорт тудыратынын дәлелдеген.

Медициналық білім. Джаир Болсонару, Борис Джонсон, Нарендра Моди, Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Александр Лукашенко, Дональд Трамп, Режеп Тайып Ердоған, Владимир Путин және Гурбангулы Бердімұхамедов – COVID-19 пандемиясын пайдалана отырып, саясаткерлер ғалымдар мен дәрігерлерге қарағанда өмір мен өлімге анағұрлым көбірек әсер ететіндігін дәлелдеді. Бұл Александр Лукашенкоға берілген екінші Шнобель сыйлығы.

Менеджмент. Си Гуань-Ан, Мо Тянь-Сян, Ян Кан-Шэн, Ян Гуан-Шэн және Лин Сянь Си – Қытайдың Гуансидегі бес кәсіби киллері Шнобельге былайша қол жеткізді: Си Гуан-Ан кісі өлтіру үшін ақы алғаннан кейін, қылмыс жасауды Мо Тянь-Сянға тапсырады. Ал, ол үшінші киллер Ян Кан-Шэнге тапсырған. Осылайша төртінші, сосын бесінші киллерге қылмыс жасау жүктеледі. Нәтижесінде, әрбір келесі жалданған киллер төленетін ақшаның аз пайызын алып отырған және ешкім бұл тапсырысты орындамаған.

Келісім. Үндістан мен Пәкістан Үкіметтеріне берілген: екі елдің де дипломаттары түн ортасында жасырын барып бір-бірінің есік қоңырауын басады, сөйтіп біреу келіп есікті ашқанша қашып кеткен.

Психология. Миранда Якомин мен Николас Рул – адамның қасын зерттеу арқылы нарциссизмді анықтау әдісін әзірлегені үшін.

Физика. Иван Максимов пен Андрей Потоцкий – жоғары жиілікте тербеліс (выбрация) тудырған кезде тірі жауын құртының пішінінде қандай өзгеріс болатынына тәжірибе жүргізгені үшін.

Экономика. Кристофер Уоткинс, Хуан Давид Леонгомес, Жанна Бове, Агнешка Желаневич, Макс Корбмахер, Марко Антонио Корреа Варелла, Анна Мария Фернандес, Даниэлла Вагстафф және Самуэла Болган – әртүрлі елдер арасындағы табыс теңсіздігінің орташа деңгейі мен тістеп сүйісудің арасындағы байланысты есептеуге тырысқаны үшін.

Энтомология. Ричард Веттер көптеген энтомологтардың (жәндіктерді зерттейтін ғалымдар) өрмекшілерден қорқатындығына дәлелдер жинағаны үшін. Себебі, өрмекшілер жәндіктер класына жатпайды.

Сіз қалай ойлайсыз, осындай қызықты зерттеулермен айналысу пайдалы ма, әлде, уақытты босқа сарп ету ме?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button