Бакалавриат пен магистратура: 2021 жылы қанша грант бөлінді?
2021-2022 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан, магистратураға түсу үшін 13 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл туралы Білім ғылым министрлігі Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5 000-ға артты. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау 13 шілдеде басталып, 20 шілдеге дейін жалғасады.
Білім беру гранттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратына сәйкес бөлінген.
Гранттардың ең көп саны инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді – 17 028 грант. Педагогикалық ғылымдар – 9 573 грант, ақпараттық – коммуникациялық технологиялар – 7 487, жаратылыстану ғылымдары – 4 088, ауыл шаруашылығы ғылымдары – 1 895, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2 700, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1 615, бизнес, басқару және құқық – 1 223, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына 960 грант бөлінді.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» («Серпін») бағдарламасы шеңберінде де гранттар қарастырылған. Талапкерлер құжаттарын ақпараттық жүйе арқылы тапсыратын болады. Сонымен бірге жоғары оқу орындарында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Мамандар өткен жылдағыдай бейне байланыс арқылы талапкерлерге кеңес береді», – деп хабарлады ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Ал магистратурада оқуға гранттардың көп саны педагогикалық мамандықтар бойынша қарастырылған – 3 642 грант. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 3429, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыты бойынша – 1278, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша – 1233, ауыл шаруашылығы және биоресурстар бойынша – 527 грант бөлінді.
Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге тіркеу 18 маусымда басталып, 15 шілдеге дейін жалғасады. Емтихан 20 шілдеде басталады.