Ғылым

Балаға ақшаны қашан және қалай таныстыру керек?

Соңғы уақытта «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы кеңінен талқылануда. Ата-аналардың көпшілігі бұл заң қабылданса, балаларымызды өз бетімізше тәрбиелей алмай қаламыз ба деп қауіптенеді.

Ұсынылып жатқан заң жобасында «балаға жасалатын экономикалық зорлық-зомбылық» туралы да айтылады. Алайда, бұл ақылға сыйымды ма? Кішкентай бала өзіне не керегін ажырата ала ма?

«Qadam.asia» бүгін баланың қаржылық сауатын жетілдіруге қатысты методикалармен бөліседі.

Ақшаның не екенін бала кішкентай кезінен білсін

3-5 жастағы балаңыздың дүкендегі ойыншықты алып бер деп талай рет жылағаны есіңізде болар. Немесе көршіңіздің баласы ата-анасына осындай «еркелік» көрсетіп жатқанын сырттай бақылағаныңыз шүбәсіз. Не болмаса, жасөспірім баланың ата-анасына «қоқан-лоқы көрсетіп» және «бойкот жариялай» отырып, өзіне жаңа ұялы телефон сатып алып беруін талап еткенін ұшыраттыңыз.         

Негізінен балалардың қаржылық талаптары мен наразылығы олардың жасына қарай әртүрлі боп келеді. Бірақ себебі біреу ғана: ата-аналар әуел бастан өзінің баласына қаржылық мәдениет пен сауаттылық негізін қалыптастыра алмаған.

Кішкентай бала үшін отбасы табысының жоғары, орташа немесе төмен екендігі маңызды емес. Олар мұны түсінбейді. Өйткені, ақша тақырыбы отбасында оқыту пәні ретінде жиі қарастырылмайды.

Балаларды қаржылық сауаттылықтың қыр-сырына үйрету жүйелі тәсілді талап етеді. Балалық шақта қалыптасқан дұрыс қаржылық әдеттер болашақта өзінің жеке немесе отбасылық бюджетін жүйелі түрде жүргізуге: кірістер мен шығыстарды теңгере білуге, инвестициялауға, дербестік пен жауапкершілікке дағдылануға көмектеседі.

Әр жастағы балаға өзіне сай түсіндіру методикасы

Психологтардың зерттеуіне сүйенсек, ата-аналарының жалақысы қанша екеніне қызықпаған, отбасылық бюджет тақырыбының байыбына жетіп көрмеген және осы уақытқа  дейін бас тартудың не екенін білмеген 14 жастағы жасөспірімге қарағанда, 4 жасар балаға неге барлығын бірден  сатып алуға болмайтынын айтып, түсіндіру оңайырақ.

Жас балаға да, жасөспірімге де қандай міндетті шығындар бар екенін және жалақыдан қанша сомада артық ақша қалатынын көрсете отырып, олармен отбасы табыстары және сатып алу жоспарлары жөнінде талқылау керек.

Кішкентай балаңызбен қаржыны дұрыс жұмсауды үйрететін ойын ойнаңыз

Бала барбиге арналған киімдерді, Өрмекші адамға арналған жаңа масканы немесе барлық «Кек алушылар» командасына арналған құрал-жабдықтарды сатып алсам дейді. Сіз баламен өзгеше ойын ойнаңыз. Мысал үшін «тамақ», «су», «дәрі-дәрмек» сатып ала отырып, «электр энергиясы» немесе «көлік» үшін төлемақы төлей отырып, баламен көрнекілік үшін «дүкен» ойынын ойнаған жөн. Сонда балаңыздың ақшаны дұрыс пайдалану туралы түсінігі қалыптасады. Оның үстіне, балаңыз жаңа ойын түрімен танысады әрі ойын барысында ойлау жүйесі дамиды.

 Тұрмыстық шығындарды жасөспірім балаңызбен бірге есептеңіз

Барлық міндетті шығындарды төлегеннен кейін бюджеттен қалатын ақшаны анықтау үшін жасөспіріммен бірге есеп айырысуларды калькуляторда есептеген, пәтер ақысын төлейтін түбіртекті толтыруды жүктеген, басқа да ұсақ төлемдерді оынмен бірге орындаған жөн. Мұны сабақ не практикум ретінде көрсетуге болмайды. Өйткені жасөспірім ата-анасының қолы тимегендіктен, әжесі көзілдірігін жоғалтып алғандықтан, атасы жаңа компьютерді игере алмай жүргендіктен отбасылық төлемдерді төлеп жүрмін деп ойламауы керек. Жасөспірім отбасылық шығындарды ата-анасымен бірге есептегенде өзін ересек адам ретінде сезіне алуы өте маңызды.

Баламыз бір нәрсе сатып алғысы келеді, алайда…

Сатып алу туралы өтінішті ашумен немесе қатаң түрде бас тартумен басып тастауға мүлде болмайды. Мәселені және сатып алу мүмкіндігін сабырлы, дәлелді түрде талқылаңыз.

Сатып алу жарты жылдан немесе бір жылдан кейін жоспарланатын болса, жақсылап түсіндіріңіз – бала кішкентай болса да түсінеді. Алғысы келген затты біршама уақыттан кейін алуды айтарда, оған баланың өзінің де ақша жинауына болатынын түсіндіріңіз. Туған күн немесе жаңа жыл сынды мереке кезінде балаңызға киімнен гөрі ақша салынған конверт сыйлаған яки карточкасына ақша аударған жақсырақ. Және бұл ақшаны алда сатып алуды жоспарлап жүрген затқа жинағаны абзал екені туралы кеңес беріңіз. Бала жауапкершілікті сезінеді. Дегенмен, мұны алдын-ала балаңызбен келіскеніңіз де жөн болады.

Балаңызға үнемі қалта ақша беріп отырыңыз

Балаларын экономикалық тұрғыдан қамтамасыз ету ата-ананың қасиетті міндеті. Бала бір нәрсе сатып алу үшін ақша керек екендігін айтатын болса, онда қалта ақша сияқты осындай шығыс тетігін отбасы бюджетіне қосуға әбден болады. Қалта ақшаны күн сайын беріп тұрған жөн. Мұндай жүйелілік – жоспарлауға және баланың ысырапшыл болмауына жасалған бірінші қадам.

Жасөспірімге арналған қалта ақша – бұл қажеттілік: оған мектептегі таңертеңгілік асқа, көлікте жүруге, киноға немесе театрға, балмұздаққа немесе достарымен кафеге баруға ақша керек. Ата-аналар бұл соманы өздерінің табысына және балаға қажетті ақшаға орай айқындайды.

Жинақ сандықшаның пайдасы өте көп

Ұсақ ақша үйдің барлық жерінде шашылып жатпас үшін, ата-аналар беретін бірінші «қалта ақша» төлемімен бірге, балаға жинақ сандықша сыйлау артық болмайды. Бір жағынан бұл оны ақша мәселесіне қатысты ұқыптылыққа және үнемшілікке  үйретеді. Екінші жағынан – өзі қалаған нәрсені сатып алу үшін ақша жинауға ынталандырады.

Жинақ сандықшасын сатып алып, оны толтырып отыруға көмектесу үшін ата-атаның үстеме ақша жұмсауына тура келетіні үсінікті. Бірақ «өзінің ақшасына» сатып алынған  ойыншықты, кітапты, гаджетті немесе өзге де нәрселерді бала ұқыпты ұстайды және ұзақ есінде қалады.

Балаларға арналған лимитті банк картасы

Жасөспірімге ақшаны өз қолына беруге де, сондай-ақ оны ата-анасының картасына байланған белгіленген лимиті бар банк карточкасын пайдалануға үйретуге болады. Кейбір банктер жоғары сынып оқушыларына, басқа елде немесе басқа қалалада оқитын студенттерге өте ыңғайлы қызметтер ұсынады. Мұндай карталар бойынша жеке кабинетте жинақтау немесе мақсатты салым жасау сияқты опцияларды пайдалануға болады. Ата-анамен бірге немесе олардың рұқсатымен жасөспірім бөлінген лимит шеңберінде ақша жинақтай алады.

Баламызды кішкентай кезінен қаржылық сауаттылыққа үйретсек, өмір жолында табысты азамат болуына алғашқы қадам сол болады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button