ҒылымҚоғам

«Connect-Ed» қайырымдылық жобасы арқылы оқушыларға көмектесейік

Дүниежүзілік банк сараптамалары нәтижесінде, көптеген мектеп оқушылары пандемиядан туындаған білім алшақтығын ешқашан қалпына келтіре алмауы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 300 мыңнан астам бала дербес компьютерге қол жеткізе алмай отыр. WI-FI, планшет, компьютері жоқ жағдайы төмен отбасылардың балалары білім деңгейі бойынша бір жылға артта қалады екен. Пандемия бұл жағдайды тек ушықтырып жіберді.

Елімізде пандемия кезінде компьютерге қол жеткізе алмаған оқушылар көптеген қиындықтарға тап болған. Бұл туралы былтырғы жылдан бері БАҚ беттерінде айтылып келе жатыр. Бәріне ортақ проблема – WI-FI мен компьютердің қолжетімсіздігі.

Мәселен, 7-сынып оқушысы Мансұр көрші үйдегі студент қыздың ноутбугын пайдаланып сабақ оқығанын айтады:

«Біздің үйде ескі компьютеріміз бұзылып қалды да, мен көрші үйден ноутбук алып сабақ оқыдым. Сабақ уақытында және үй жұмысын орындағанда уақытша сұрай тұрамын. Әкем карантин кезінде жұмыстан қысқартылып қалды. Сондықтан компьютер сатып әперуге ақшасы болған жоқ», – дейді ол.

Ал, Қызылорда облысының Шиелі ауданында тұратын мектеп оқушысы Айзере анасының телефонын пайдаланып сабақ оқыпты:

«Маған атаанам сабақ оқымай қоясың деп телефон әпермей қойған. Енді карантинге байланысты сабағымызды үйде оқығандықтан, телефон қатты қажет болды. Бірақ алатын ақшамыз болған жоқ. Анамның телефоны арқылы сабақ оқыдым», – деп отыр кішкентай қыз. Ал анасы: «Мұғаліміміз ноутбуктарыңыз болсын деген. Бірақ ноутбук қымбат тұрады екен. Балаларға үйден сабақ оқу өте қиын болды. Көп тақырыптарды түсінбедік», – дейді.

Пандемия, әсіресе, балалы отбасыларды осындай тығырыққа тіреп отыр. Қалада оқитын оқушылардың қолы компьютерге жетпей отырғанда, интернеті жоқ ауылдық жердегі балалардың білім алу жағдайының қандай екені түсінікті де.

Десе де, мұндай кедергілермен күресіп жүрген санаулы еріктілер тобы бар. Олар еліміздегі оқушылардың қашықтықтан оқуда алатын білімін жақсарту үшін барын салып, көмектесуде. Мәселен, Гүлназ Корданова, Данияр Құсайынов бастаған белсенділер 2020 жылдың 8 сәуірінде Connect-Ed.kz платформасын құрған.

«Біз карантинде тәулік бойы үйде болдық та, жұмысымызды жалғастыру үшін және қоғамға пайдамызды тигізу үшін технологияның қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Шындығында, қоғамның белгілі бір тобы үшін үйінде жеке компьютері мен интернеттің болуы әлі де қолжетімсіз болып отыр. Біздің энтузиастардан құралған командамыз осындай күрделі мәселеге бейжай қарай алмады», – дейді олар.

Гүлназ бен Данияр білім саласында жұмыс істейді, команданың басқа да мүшелері IT, маркетинг, дизайн секілді әртүрлі салалардың білікті мамандары.

Connect-Ed командасы HelpCenter.Life платформасының көмегімен өтініш білдірген отбасылардың барлық құжаттары мен жеке мәліметтерін тексере отырып, шынымен көмекке мұқтаж отбасыларды таңдап алады да, оқушыға нағыз қажетті техникалық жабдықтарды жеткізеді. Ең маңыздысы, ноутбук пен планшетті оқушыға беріп қана қоймай, соны шынымен сабақ процесінде қолдана ма әлде отбасында басқа да мақсаттарға жұмсалып жатыр ма – осының бәрін жарты жыл бойы тексереді.

Оның үстіне, Connect-Ed балалар мен ата-аналарға арналған компьютерлік сауаттылық бойынша курс оқытады.

Connect-Ed жобасының ең негізгі ұстанымы – әр баланың әлеуметтік-экономикалық және географиялық сипаттамаларына қарамастан, сапалы білім алуға, сондай-ақ өзінің әлеуетін толық ашуға мүмкіндік сыйлау.

Осы мақсатта, Connect-Ed белсенділері қазақстандық оқушыларға көмек көрсетемін дейтін қайырымды жандарға арнап Smart Time краудфандиң алаңында 4 сәуірге дейін қаржы жинауда. Қажетті сома 5 000 000 теңгені құрайды. Бұл ақшаның барлығы компьютер мен ноутбукке мұқтаж оқушыларға жұмсалады.

Үлкен теңізге тамшыдай болса да өз пайдасын тигізе алатын қайырымды жандар елімізде өте көп. Бұл жоба, әсіресе, балаларды қолдау, олардың ешкімнен кем болмауына көмектесу тұрғысында өте маңызды дер едік. «Балалар – болашағымыз»  десек, сол болашақтың жарқын болуына әр қазақстандық үлес қосу керек деп ойлаймыз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button