Ғылым

Кино түсіруді үйрететін ТОП-10 кітап

Qadam.Asia сайты белгілі бір сала бойынша білімін кеңейткісі келетін жандарға арнап ең қызықты кітаптар тізімін ұсынатын болады. Бұл материалда сіз кино түсірудің қыр-сырын  үйрететін ТОП-10 кітаппен танысасыз.

АНДРЕЙ ТАРКОВСКИЙ «РЕЖИССУРА САБАҚТАРЫ»

«Режиссура сабақтары» – КСРО Мемлекеттік киносының және КСРО Кинематографистер одағының сценаристері мен режиссерлері алдында А.Тарковскийдің оқыған дәрістері. 1981 жылы режиссер Лопушанский жазып алған. Материалдарды Андрей Тарковскийдің өзі мақұлдаған, бірақ 1990 жылы өзі қайтыс болғаннан кейін ғана кітап ретінде жарық көрді. Кітаптың бірегей туынды екендігі мәлім. Шығармашылығын жаңа бастаған кинорежиссерлер үшін «Режиссура сабақтары» негізгі оқу құралдарының бірі болуы керек.

РОБЕРТ РОДРИГЕС «БЮДЖЕТСІЗ КИНО»

Киноиндустрияда қалтаңда ақшаң, жоғарыда танысың болса ғана жетістікке жетуге болады деп ойлайды жұрт. Бірақ 24 жасында-ақ Голливудты бағындырған Роберт Родригестің жетістігі бұл теорияны жоққа шығарды. Оның «Эль Марьячи» толықметражды фильмін түсіріп жүргенде жазған күнделігі осыған дәлел. Бұл күнделікте киноның «ішкі кухнясын» ашып көрсеткен, сондықтан сіздің фильмнің жасалуы жайлы ойыңызды 180 градусқа өзгертеді. Кітап – кино әлеміне енді қадам басқан сценаристер мен режиссерлер үшін құнды оқу құралы.

СИДНИ ЛЮМЕТ «КИНО ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ»

«Кино қалай жасалады» кітабында Сидни Люмет фильмді қалай түсіру керегін шынайы және ашық баяндайды. «Режиссер, алдымен, белгілі бір картинаны түсіру әлде түсірмеу жайлы шешімді өзі қабылдауы керек. Мен жауһар дүние шығарамын деп күтпеймін, картина белгілі бір дәрежеде маған әсер ете алғаны маңызды», – дейді автордың өзі.

ФЕДЕРИКО ФЕЛЛИНИ «ФИЛЬМ ЖАСАУ»

Кітап көптеген университеттердің режиссерлік факультетінің студенттеріне арналған оқулық болған соң атауы іш пыстырарлық боп көрінуі мүмкін. Бірақ бұл тамаша кітап әйгілі режиссердің бүкіл өмірі мен киноға деген сүйіспеншілігі жайлы туынды. «Фильм жасау» кітабында Феллинидің туған жері Риминиге неге орала алмайтынын баяндайтын автобиографиялық очерктері, кинематография жайлы кәсіби талдаулары, сүйген әйелі, сезімдері туралы ашық жазған классикалық мемуарлары қамтылған.

АКИРА КУРОСАВА «АВТОБИОГРАФИЯҒА ҰҚСАЙТЫН БІРДЕҢЕ»

Куросаваның философиясын түсінгісі келетіндердің бәрі бұл кітапты оқуға міндетті. Variety журналы бұл кітапқа «режиссерлер мен сценаристер үшін таптырмас туынды» деп баға берген. Режиссер жақсы фильмнің қалай пайда болатынын, әдебиетті зерттеп оқу, кадр құру, сценарий жазу, актерлерді таңдау туралы маңызды қағидаларды егжей-тегжейлі ашып жазған.

ФРАНСУА ТРЮФФО «ХИЧКОКТЫҚ КИНЕМАТОГРАФИЯ»

«Хичкоктық кинематография» – бір мықты режиссердің екінші мықты режиссер жайлы кітабы болғандықтан, нағыз бірегей туынды. Франсуа Трюффо 1962 жылы Альфред Хичкокпен 52 сағат бойы сұқбат құрған. Кітап осы әңгімеге негізделіп жазылған. Сұқбат аудармашы Хелен Скоттың қатысуымен өтеді. Айта кету керек, 1980 жылы Хичкок қайтыс болғаннан кейін Трюффо осы кітапқа қайта оралады да, соңғы он алтыншы тарауды жазып, Хичкоктың фильмдерінің аннотацияларын қосып шығарады.

ЛУИС БУНЮЭЛЬ «БҰЛЫҢҒЫР ТІЛЕК»

Белгілі испан режиссері, сюрреализмнің кинодағы ең ірі өкілі Луис Бунюэль өзінің естеліктерінде: «Мен кинодан планетамыздағы шынайы өмірде болып жатқан барлық маңызды оқиғалардың куәсі болуын талап етемін», – деп жазған. Ұлы кинематографтың естеліктер кітабы – өзінің өмір тарихы, Сальвадор Дали, Пол Элюар, Пабло Пикассо, Чарли Чаплин, Сергей Эйзенштейн секілді мықты тұлғалармен кездесулері жайлы туынды. Кітапта режиссердің өз шығармашылығына деген ойлары, «Андалусиялық ит», «Виридиана», «Күндізгі сұлу», «Тристиана» атты жауһар туындылары жайлы естеліктер қамтылған.

ИНГМАР БЕРГМАН «ШЫН ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ӘҢГІМЕ»

Кітап Бергмандық прозаның үш бірегей туындысы: «Laterna Magica» естеліктері, «Жексенбінің балалары» және «Шын жүректен шыққан әңгіме» киноромандарын біріктіреді. Швецияның көрнекті театр және кино режиссері өзі туралы, өнердегі өмірі туралы және отбасы мен қоғамның көптеген мәселелері туралы ашық жазған. Кітап тек киногерлерге ғана емес, киноны жақсы көретін барлық оқырманға арналады.

«ДЖИМ ДЖАРМУШ: ИНТЕРВЬЮ»

Бұл жинақтағы сұқбаттар мен әңгімелер – Том Уэйтс ойнаған «Заңнан тыс», Джонни Депп түскен «Өлі адам» және «Жердегі түн», «Елес ит: Самурай жолы», «Сынық гүлдер», «Кофе мен темекі» сынды культке айналған кинохиттердің авторы, барлық кезеңнің ТОП режиссері Джим Джармуштың барлық шығармашылық жолы жайында жазылған керемет туынды.

ДЭВИД ЛИНЧ «ҮЛКЕН БАЛЫҚТЫ АУЛАУ: МЕДИТАЦИЯ, САНАЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ»

ХХ ғасырдың ең жұмбақ әрі эксцентрлі режиссері Дэвид Линчтің бұл кітабы АҚШ-та бестселлерге айналып үлгерген. Алғаш рет өзінің шығармашылық зертханасының құпияларын ашқан режиссер медитациядан алған ерекше тәжірибесімен бөліседі. Шығармашылықта, бизнесте, өмірде жаңа, жарқын идеяны және стандартпен шектелмеген шешімдерді қалай табуға болады? Батыстың танымал режиссері Дэвид Линч шығыс философиясын түсіну арқылы «әр адамда физикалық, эмоционалдық және рухани өзгеріс беретін шығармашылық энергия мен шабыт мұхиты бар» деген тұжырымға келеді. Шығармашылық қабілетін дамытқысы келетін барлық оқырманға осы кітапты оқуды ұсынамыз.

Qadam.Asia

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button