Ғылым

Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақ

Тұңғыш қазақ физигі, Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақ – Темірғали Көкетаев. Халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен (Ұлыбритания, Кембридж) дүниежүзік физиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған физик, белгілі ғалым, академик. Бұл атақты қазақ ғалымы жапондардың ұсынысымен 1999 жылы алған.

Көбіміз бұл атақтың қаншалықты даңқты, ғылым қауымдастығы төрінде қаншалықты абыройлы екенін ұғынбауымыз мүмкін. Былайғы сөзбен айтқанда, ХХ ғасырдың физика Эйнштейні басқа емес, дәл осы Көкетаев. ХХ ғасырдың аса көрнекі физигі. Ғасыр адамы атану – 100 жылда бір рет бұйыратын абырой.

ХХ ғасырдың ұлы физика ағылшын не французден, орыс не жапоннан туған жоқ, дәл қазақтан туды.

Темірғали Көкетаев 1938 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Жеткіншек ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Абай атындағы педагогика институтының физика-математика факультетін тәмамдап, Эстонияның Тарту университетіне жол тартады. Бұл – КСРО-дағы беделді жоғары оқу орындарының бірі еді. Сол уақытта университетте екі жарым мыңнан астам студент оқыған, 92 кафедрасы болған.

Темірғали Әбілдаұлының айтуынша, бұл университетте 92 тілді білетін филологты кезіктірген, 18 тіл білетін студентпен бір жатақханада тұрған. 1970 жылы осы жоғары оқу орнында жүріп, докторлық диссертация қорғайды.

Физика заңы бойынша, 180 градусқа дейін қыздырылған қандай да болсын қатты дене сыртқа жарық шығармай қоймайды екен. Көкетаев суық жарықты ойлап тапқан. Дене қызбай-ақ сыртқа жарық шығарады. Бұл – физика ғылымында бұрын-соңды болмаған соны жаңалық еді. Физиктің кейін ХХ ғасырдың ғұламасы атағын алып берген ғылымдағы жаңалығы да осыдан бастау алады. Кристалдағы жарықтық қасиетін сонау Исаак Ньютоннан бастап біршама физик зерттеген. Ал қазақ ғалымы кристалды студент кезінде-ақ қолдан өсіріп, ұстаздарын таңқалдырған екен.

Ғылыми жетекшісі – поляк ғалымы, профессор Г.Лущик болған екен. Ол Көкетаевтың диссертациясындағы оқшау ой-толғамдармен толық келіспеген көрінеді. Сонда кеңес одағында ғылыми жетекшінің жетегінде жүрмей, өз идеясын өзі қорғап шыққан бірінші қазақ – осы Темірғали Көкетаев болды…

2005 жылы Ұлыбританияның Оксфорд университетінде дәріс оқыды. Бұл – дүниежүзінің ұлы физиктері Ньютон, Резерфордтар маңдай терін төккен, әлемде саусақпен санарлық оқу орындарының бірі. Іргетасы 1242 жылы қаланған. Ұлыбританияның премьер-министрлері Уинстон Черчиль, Маргарэт Тетчер осында оқыған.

Көкетаевтың дәрісін Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония сынды дүниенің іргелі елдерінің жетпістен астам ғалымы тыңдаған екен.

Көкетаев басында дәрісін қазақ тілінде оқығысы келген екен. Сөйтсе, физиканың қазақша-ағылшынша тәржімесі бір жүйеге түсіп болмаған екен. Содан дәрісін еріксіз орысша оқиды. Дәріс біткеннен кейін Көкетаев өзінің қазақ ұлтынан екенін айтады. Қазақты танымайтын еуропа «бұл қандай халық» деп сұраса керек. Содан Темекең университет басшылығымен келісіп тағы 2 сағат Қазақстан туралы арнайы лекция оқыған екен.

Кейін ғылыми жетекшісі Лущик » Ұлы орыстың өзі Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен Оксфорд университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақсың!» деп зор құрмет білдірген екен шәкіртіне.

«Кез келген жетістікке жету үшін адамда мамандығына деген махаббаты болуы керек. Адам жетістігінің 99 пайызы еңбек екеніне сенімдімін», – дейді ғалым.

Қазір ғалым қазақ тіліне лайық латын графикасын түзіп, екшеп жатқан көрінеді. Басты критериі – қазақ тілін компьютер тіліне лайық етіп жасау.

Серік Ақсұңқарұлының естелігі қолданылды

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button