Ғылым

Түйіндемені қалай жазамыз: 2021 жыл трендтері

«Түйіндемені қалай жазамыз?» деген сұрақтың әрбір жұмыс іздеп жүрген адамның ойында жүргені анық. Жұмысқа орналасудың алғашқы қадамы – осы бір жапырақ қағаз екенін ұғынуыңыз керек. «Түйіндеме жазғанда нені ескеру керек?», «Үлгілер бар ма?» деген сұрақтарға жауап беретін боламыз.

Түйіндемеде мамандығыңызға байланысты мәліметтер маңызға ие. Ал ол жерде қандай деректер келтірген дұрыс?

Қызметіңіз бен байланысу үшін ақпарат

Аты-жөніңізден кейін ұсынылып жатқан қызметіңіз көрініп тұруы керек. Бұл – түйіндеменің аты іспетті. Мәлімет анық болған сайын сенім күшейеді. Мысалы, «фотограф», «дизайнер», «копирайтер» т.б.

Ал сізбен байланысу ақпараты дегеніміз әлеуметтік желідегі парақшаларыңыз, электронды мекен-жайыңыз, телефон нөміріңіз болуы мүмкін. Сонымен қатар тұрғылықты мекен-жайыңыз туралы жазғаныңыз да дұрыс.

Бұдан бөлек сізді «жеке фотомды қою маңызды ма?» деген сұрақ мазалайтын шығар. Негізінде міндетті емес. Десе де фотоңыз сіз туралы түйіндемеде көрсетілмеген ақпаратты айтуы мүмкін. Одан бөлек фото – сіздің батылдығыңызды көрсетеді (өйткені адамдардың көбі фотосын көрсетуден қысылады).

Тәжірибеңіз туралы

Бұл – ең маңызды бөлім. Өйткені жұмыс беруші сіздің жинаған тәжірибеңізге көп мән береді. Мұнда осы күнге дейін мамандығыңыз бойынша қандай жұмыс жасадыңыз, сол туралы жазыңыз (қанша жыл көлемінде, кімнің қызметінде, жеткен жетістіктеріңіз туралы). Егер ұсынылып жатқан мамандық емес басқа сферада жасаған болсаңыз, ол ақпаратты көрсетпегеніңіз дұрыс.

Біліміңіз туралы

Ең алдымен аяқтаған жоғары оқу орны туралы жазыңыз. Одан бөлек өткен курстарыңыз бен тренингтер туралы, алған сертификаттар туралы жазған ұтымды болмақ. Ал жас мамандар түйіндемеде оқу практикасы мен тағылымдамадан өткен жері туралы ақпарат бергені жөн. Жұмысқа қатысы жоқ ақпараттарды көрсетуден аулақ болыңыз. Алайда шет тілі, ораторлық шеберлік курстары түйіндемеңізді әрлей түседі.

Мұнда оқуға түскен және аяқтаған уақытыңызды, жоғары оқу орнының, факультеттің атын, білім алған дәрежеңізді (бакалавриат, магистратура) көрсеткен дұрыс.

Кәсіби қабілеттеріңіз туралы

«Түйіндемені қалай тартымды етемін?» деген сұраққа осы бөлім жауап береді. Жұмыс беруші сіздің қолыңыздан не келетінін осы жерден оқи алады. Ал егер не жазатыныңызды білмесеңіз, қалдырып кетсеңіз де болады. Десе де мұнда қандай бағдарламаларда жұмыс жасай алатыныңызды жазсаңыз пайдалы болмақ.

Кейбір компаниялардың жұмысы компьютерге тікелей байланысты болуы мүмкін. Сол себепті компьютерді қандай деңгейде білетініңіз жайлы жазыңыз.

Тілдерді меңгергендігіңіз туралы

Кейбір компаниялар қызметкерлерден шет тілдерін білуді талап етеді. Бұл – солар үшін жауапты бөлім. Түйіндемеде қай тілді қандай деңгейде білетініңізді көрсетсеңіз жеткілікті.

Өзіңіз туралы қосымша ақпарат

Мұнда жеке қасиеттеріңіздің бәрін тізіп берудің қажеті жоқ. Жалпы маман ретінде артықшылықтарыңыз бен кемшіліктеріңіз туралы жазсаңыз жеткілікті. Адамдардың көбінің жағымсыз қасиеттері туралы жазуға батылдары жетпейді.

Көптеген мамандықтар үшін стресске төзімділік, шыдамдылық, сыпайылық, тәртіптілік секілді қасиеттер маңызды. Алайда «жауапкершілігім мол», «ұқыптымын» деген жауыр болған сөздерден қашқаныңыз абзал. Олардың орнына «тапсырмаларды саналы түрде орындаймын», «тапсырманы әрдайым уақытында орындаймын» деген тіркестерді қолдансаңыз дұрыс болады.

Егер жеке дамуға, білім алуға қатысты хоббилеріңіз болса, түйіндемеде көрсеткен дұрыс. Бұл сіз жайлы толықтай ақпарат береді. Алайда «йогамен айналысамын», «кино қарағанды ұнатамын» деген тіркестермен түйіндеме бетін толтырмауға тырысыңыз.

Түйіндемені толтырып болған соң назар аударыңыз:

– Грамматикалық, лексикалық және пунктуациялық қате жоқ па екенін қарап шығыңыз. Жұмыс ұсынушыға жібермес бұрын онлайн сервистерде қателеріңізді тексерсеңіз болады.

– Бұған дейін қызмет еткен жұмыс орындары туралы жазғанда өткен шақта, ал қазіргі жұмыс орныңыз туралы осы шақта жазыңыз.

– Түйіндеме біркелкі хабарлау стилінде, бір жақты болуы керек. Қысқартылған сөздерді пайдаланбауға тырысыңыз.

– Түйіндеменің форматы оқуға ыңғайлы болғаны дұрыс (орташа шрифт, интервалдар арасындағы біркелкі қашықтық т.б.)

– Түйіндеменің қағаз нұсқасына сапалы ақ парақ пайдалану керек.

– Көлемі 2 беттен көп болмағаны дұрыс. Тіпті, 1 бетке де өзіңіз туралы барлық ақпаратты сыйғызуға болады.

– Өтірік ақпарат жазбаңыз. Қажет болған жағдайда түйіндемеде келтірілген ақпаратты растауға тура келеді.

Түйіндемені әсемдеу:

– Дизайн. Түстердің үйлесімі. Иә, бұл – ақпараттан бөлек түйіндеме тартымды болуы керек деген сөз. Сөзбен емес санмен, графикалық элементтермен көркемделген түйіндеме сәтті шығады. Сонымен қатар мәтініңізде әртүрлі пішіндер мен шрифттерді пайдалануыңызға болады.

– Стиль. Әрине, сіздің жазу стиліңіз. Артық сөздер мен түсініксіз терминдерді қолданбай, қысқа жазыңыз. Жұмыс орнына қатысы жоқ ақпараттардан аулақ болып нақты жазыңыз. Мақсатшыл әрі белсенді, амбицияға толы жан екеніңіз түйіндемеңізден көрініп тұрсын. Жазғаныңыз дәл әрі анық болғаны дұрыс. Қажетті ақпараттарды ғана ұсынатын сұрыптай алатын қабілетіңіздің болғаны жақсы. Адалдық пен сауаттылық та маңызды.

– Көлем. Жоғарыда айтып өткендей түйіндеме екі беттен көп болмағаны дұрыс. Ал бір бетке жетпей қалса, қосымша ақпараттармен оны бір бет қылу керек. Түйіндеме жазғандағы шрифт Times New Roman немесе Arial, 12 көлемінде болуы керек.

Резюме жасауға арналған тегін қосымшалар

Сanva.com, wilda.ru сайттары арқылы түйіндеме жасап көріңіз. Мұнда дайын шаблондар бар. Одан бөлек өз идеяңызбен де жасай аласыз.

Сanva.com – графикалық дизайн жасауға арналған қосымша. Тегін және ақылы нұсқалары бар. Мұнда түйіндеме, инфографика, презентация, логотип, сертификат, плакат т.б. жасай аласыз.

Ерекшелігі – таңдау көп. Дизайнға арналған сайт болғандықтан, мұнда талғам да қалыптасқан. Өзіңіздің қалауыңызға сай бір шаблонды таңдап, мәліметтерді өзгертіп, түйіндемеңізді дайындаңыз. Сонымен қатар суреттер мен элементтерді, диаграммалар мен мәтіндерді қолданып, өз идеяңызбен түйіндеме жасауға болады.

Wilda.ru. Мұнда документті құрастыра және өңдей аласыз. Одан бөлек сайттың макеті, презентация, буклет, түйіндеме, ашықхат жасауға болады. Бұл қосымшада да дайын шаблондармен қатар өзіңіз жасай алатын мүмкіндік бар. Алайда аталмыш қосымшаның ерекшелігі – мәтінге көп көңіл бөлгендігінде. Графикалық элементтерге қарағанда мұнда сөз көп. Десе де шаблондарды таңдауға мүмкіндік көп екенін айту керек.  

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button