Ғылым

Миф әлде шындық: Тышқандар ірімшікті жақсы көре ме?

Мультфильмдер мен комикстердің көбінде тышқандардың ірімшікті қаншалықты жақсы көріп жейтінін көрсетеді. Санамызға сол түсінік сіңіп қалған. Шынымен де олар ірімшікті жақсы көріп жей ме?

Қақпанға ірімшік қойсақ, тышқандар оған түсетін секілді. Ірімшікті мультфильмде емес, шынайы өмірде қақпанға қойып, тышқан ауласақ не болады? Көп жағдайда қойылған азық сол күйінде қалып кетеді. Олар ірімшікке көңіл аударып қарамайды да. Өйткені тышқандар шынайы өмірде бұл тағамды жақсы көріп жемейді. Ал ірімшіктің кейбір түрлерінің иісі қатты шығатындықтан, тіпті, тышқандардың өзі оның иісінен қашады. Егер ол өзі иісінен қашып кетпесе, ірімшік арқылы тышқанды аулай алмайсыз.

Дэвид Холмс – жануарлардың әрекетін зерттеген маман. Ол тәжірибесінде тышқандардың ірімшікті жақсы көрмейтінін дәлелдеді. Егер тышқандар күнделікті азығын тауып жей алса, ірімшікке мүлдем назар аудармайды. Ал ол аш болса, көзіне көрінген нәрсенің барлығын жейді. Тіпті, тамақтың иісіне мән бермейді. Өйткені оған өмір сүру керек.

Тышқандардың ірімшікті жақсы көретіні туралы миф қалай пайда болды?

Бұл түсінік Дисней мультфильмдері пайда болғанға дейін қалыптасқан. Бұдан 2 000 жыл бұрын Римдік философ Сенека бір хатында осы тіршілік иесі туралы жазған.

Былай болжам жасауға болады. Ежелгі адамдар азық-түліктерін түрлі паразиттерден сақтау үшін бір жерге жасырып қойған. Сол кезеңде тышқандардың адамдардың тамағына қолы жетпеген. Ал ірімшікті олар ашық жерде сақтады. Оның себебі – ірімшікті даярлау кезінде оған ауа бару керек. Демек тышқандарға ірімшік қана қолжетімді болған. Сол себепті олар өліп қалмас үшін ұнатпайтын азығын да жеген. Дәл осы жерден тышқандар ірімшікті жақсы көреді деген түсінік қалыптасты.

Арнайы мамандар бұның қате екенін дәлелдесе де, бұл түсінік халық арасында әлі кең таралып жатыр.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button