Ғылым

Жүсіпбек Аймауытовтың психологтар мен педагогтарға арналған 4 кітабы

Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовты «Ақбілек», «Қартқожа», «Күнікейдің жазығы» сынды шығармалары арқылы жіті танимыз. Бірақ оның қазақ топырағына алғаш рет психология ғылымын әкелгенін және педагогика бағытында мұғалімдерге көмекші құралдар жазғанын бірі білсе, бірі білмес. Бүгін біз жазушының осы бағыттарда жазылған 4 кітабын оқуға ұсынамыз.

«Тәрбиеге жетекші»

Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылдары «Абай» журналының бас редакторы бола отырып, тәрбиемен байланысты бiрнеше ғылыми мақалалар жариялаған. Солардың iшiнде 1922 жылы жеке кiтап болып шыққан «Тәрбиеге жетекшi» атты еңбегiн ерекше атап өтуге болады. Ол еңбегiнде Ж.Аймауытов «Адам мiнезiнiң, ақыл-қайратының әртүрлi болуы – тәрбиенiң түрлi-түрлi болуынан… Адам баласының ұрлық iстеуi, өтiрiк айтуы, кiсi тонауы, өлтiруi сияқты бұзақылықтарды жасауы – тәрбиенiң жетiспегендiгiнен» – дейдi. Бұл кітапта тәлiмгер-ғалым бала тәрбиесiнде  туған елдiң әдет-ғұрпы мен  салт-дәстүрiнiң белгiлi мөлшерде қалай әсер ететiнiн ғылыми тұрғыда дәлелдей түскен.

«Комплекспен оқыту жолдары»

1929 жылы «Қазақ» баспасынан жарық көрген кітап. Автордың өзі айтқандай, «Мұғалiмдерге, қайталама курстарға, тәрбие техникумдарына көмекшi құрал» ретiнде жазылған еңбектi қазақ ағартушылық iлiмiне, этнопедагогикасына қосылған үлкен үлес деп бағалауымыз керек. Ж.Аймауытовтың бұл еңбегi сол кездегi қазақ даласындағы оқу-ағарту iсiне қосылған iрi жаңалық болып саналады. Өйткенi автор аталған кiтапты педтехникумда оқытқан сабақтарының желiсi, жүргiзген тәжiрибесi негiзiнде, сондай-ақ бағдарлама, комплекс жайында сол кездегi орыс тiлiнде жарық көрген материалдарға сүйене отырып, оны қазақтың тұрмыстық-әлеуметтiк жағдайына бейiмдей қолдануды тұңғыш рет ұсынушы.

«Жан жүйесі мен өнер таңдау»

1926 жылы шыққан бұл кітаптан білуіміз керек нәрсе – соңғы кездерде ғана Қазақстан қоғамдық, ғылымында орын ала бастаған социологиялық зерттеулер, анкета жүргізу сияқты әдістерді Жүсіпбек сол кездің өзінде-ақ өте шебер қолданған. Аталған кітап психология, педагогика, әдістеме ғылымдарын ұштастыра оқытуға терең мән бередi. Бұл ғылыми зерттеу өз уақытында жоғары бағаланғандығын және еңбектің құндылығын, бүгінгі тәрбие мәселесіне де қажет екендігін айтып өткеніміз жөн.

«Псиқолоғия»

Автор «Псиқолоғия» кітабының алғы сөзінде: «Өзге білімдер затшылдыққа табан тіресе, аяғын нық басқан жоқ… Қарапайым адамға жұмбақ сықылды көрінетін талай нәрселер психологияда қаралады…» – дейді. Аймауытовтың 1926 жылы баспадан шыққан «Псиқолоғиясы» осы ғылым саласында қазақ тілінде жазылған тұңғыш кітап. Сонысымен де бұл кітаптың арқалаған жүгі ауыр. Автордың бізге қалдырған бай мұраларымен танысқанда бірден көзге түсетін ерекшелік – адам психологиясын жете әрі терең білуі. Оның психологияны зерттеп, көтерген мәселелері – қазақ топырағында ешкім де көтермеген мәселе. Бұл кітап сонысымен ерекше.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button