Қайырымды адамдарды біріктіргісі келетін Сабинаға қолдау керек
Адамзат тарихында әр қоғамда әрқашан еш ақы сұрамай ерікті түрде көмек көрсетуге дайын адамдар болған. Мысалы, қазақ халқында ежелден келе жатқан «Асар» дәстүрі бар. Егіншілік дамыған өлкелерде арық, кәріз қазу, тазалау секілді суландыру жүйесіндегі жұмыстарды, сондай-ақ, үй тұрғызу, қора-қопсы салу сияқты құрылыс жұмыстарын асар жасау арқылы атқарған.
Қазіргідей нарықтық қатынастар жағдайында адамдардың көпшілігі қаржылық пайда іздеп жүрген кезде, еріктілер баршамызды өзара көмек көрсету дәстүрлерін орындай отырып, қоғам алдындағы адамгершілік парызымызды ұмытпауға шақырады.
Кейбір еріктілер қан тапсырып, донор болады, ендібірі қайырымдылыққа кимейтін киімдерін беріп жатады. Ақшасы барлар ізгі жобаларға демеушілік жасайды, өйткені мұндай жобаларды ұйымдастыра алу үшін де үлкен еңбек пен ізденіс және жылы жүрек керек. Ал ондай ұйымдастырушы жандардың қалтасынан шығаратын ақшасы бола бермеуі мүмкін. Мұндай адамдар қайырымдылық істің ыстық-суығына қарамастан, көмекке мұқтаж жандарға үміт пен сенімділік сыйлайды.
Сондай жандардың бірі – Сабина Назарова. Ол 2013 жылдан бері үздіксіз қайырымдылықпен айналысып, өмірін волонтерлік іске арнаған. Қазіргі таңда Жастар ресурстық орталығында жұмыс істей отырып, өз командасымен бірге «Волонтерство Вокруг Света» жобасын құрған.
Жобаның мақсаты не?
Бұл жобаның мақсаты – Қазақстан жастарын әртүрлі елдердегі еріктілер ұйымдарының тәжірибесімен таныстыру, пікірлес жандар табуға, өз білімін әлеуметтік жобаларға арналған жаңа, креативті идеяларға құюға көмектесу.
Бұл жоба не үшін керек?
Өткен 2020 жыл Мемлекет басшысының жарлығымен «Еріктілер жылы» боп бекітілген еді. Мұның өзі еліміздегі волонтерлік істің қаншалықты маңызға ие екендігін көрсетеді. Волонтерлік істің ауқымы кең, мүмкіндігі көп. Бұл жастардың әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқаратыны анық. Әлемдегі түрлі Жастар ұйымдарымен ынтымақтастық жасай отырып, еліміздің өркендеуі үшін шет елдермен коммуникация жасауда берік көпір орнатуға болады. «Волонтерство Вокруг Света» жобасы осындай айтулы істе алғашқы қадамдарын жасап үлгерген.
Бүгінгі күнге дейін Сабина Назарова бастаған еріктілер тобы Еріктілік туралы 9 бағдарлама түсіріп үлгерген. Бұл бағдарламаларда Орта Азия мен Ресейдің Жастар ұйымдарын қамтыған. Бағдарламаларды интернет желісінде тегін көруге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, «Волонтерство Вокруг Света» медиа-жобасы Ресей Ғылым Академиясының марапатына ие болған.
Бұл жобаны ары қарай дамыту үшін…
Алайда, жоба еріктілерінде арнайы түсірілім жабдықтары жоқ. Олар тек әуесқойларға арналған камераны немесе смартфонның камерасын пайдаланып жүр. Халықаралық деңгейде түсірілім жұмыстарын жалғастыру үшін кәсіби жабдықтарға қаражат табу керек. Сондықтан, камера мен петличка сатып алу үшін Smart Time краудфандиң интернет алаңында 10 ақпаннан 23 сәуірге дейін қаржы жинау уақыты белгіленіп, қолдау білдіргісі келетін адамдарға төлем жүргізу ашылды. Жалпы жиыны 200 000 теңге қажет.
Еріктілер тобы бұл жобаны стильді, әдемі, сапалы жасағысы келеді. Егер камера сыйлайтын демеуші табылса, бағдарламаның әр шығарылымында титрге аты-жөнін жазады. Сонымен қатар, өз үлесін қосқысы келетін барлық жанға сыйлық дайындаған:
3500 теңге үшін – еріктінің фирмалық сөмкесі;
2000 теңге үшін – еріктінің фирмалық жейдесі.
Бір қарасаңыз, сіз бұл ақшаға өзіңізге зат сатып алғандай боласыз, ал екінші жағынан, қайырымдылық іске өз үлесіңізді қосасыз.