Қазақстан мен Ресей трансшекаралық қорық құрмақ
Қазақстандағы жануарлар мен өсімдіктерді, дала белдеуінің экожүйесін сақтап қалу мақсатында Ресеймен шекарадағы аумақта қорық құрылмақ. Мұны ҚР премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр «Бөкейордасы» табиғи резерватын құру туралы депутаттық сауалға жауап беру кезінде айтты.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанның биологиялық алуандығын сақтау қауымдастығы Михаэль Зукков қорымен бірлесіп Орталық Азияның қоңыржай шөлдерін сақтауға бағытталған CADI жобасын іске асыруда.
Аталған ұйымдар Батыс Қазақстанда құрылған табиғи резерват пен Ресейдің Волгоград облысындағы «Эльтон көлі» биосфералық қорығының аумағын бірге қамтитын трансшекаралық биосфералық қорық құру жоспарын қолдауға дайын отыр.
«Табиғи резерват құрылғаннан кейін Ресей Федерациясымен трансшекаралық қазақ-ресей биосфералық қорығын құру бойынша келіссөздер басталады«, – дейді Скляр.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда Бөкей ордасы маңындағы дала экожүйесін сақтау мақсатында табиғи резерват құрылатыны айтылған.
Ал мәжіліс депутаты Айжан Ысқақова қазақ даласы Амазон орманы, Дүниежүзілік мұхит, Гольфстрим ағысы, Антарктида мұздығы сынды бай экожүйелер сияқты қазақ даласы да әлемде теңдессіз экожүйе екенін айтып, оны сақтап қалудың шараларын ұйымдастыруды ұсынған еді.