Қоғам

Қазақстанда алғаш рет Шымкент циркі жануарлармен өнер көрсетуден бас тартты

Қазір дүниежүзі бойынша жан-жануарларға гуманистік көзқараспен қарау ұстанымын қолдау акциялары жүріп жатыр.

Жануарларды қинап түрлі трюктерге үйрету, хайуанаттарды адамдардың көңіл-күйін көтеру үшін пайдалану, тропиктік аймақтың хайуанаттарын климаты суық өлкелерге қинап жерсіндіру, су жануарларын жасанды бассейндерде ұстау секілді факторлар жан-жануарларға гуманистік көзқараспен қарау ұстанымына мүлде қайшы келеді.

Бірнеше жылдан бері белсенділер Қазақстандағы цирктерде де жануарлармен өнер көрсетуге тыйым салу керек екенін айтып жүрген еді. Елімізде бұл бастаманы алғаш болып көтерген Шымкент қаласы болды. Қала тұрғындары жануарлардың қатысуынсыз жаңа бағдарламаны осы көктемде көре алады.

«Шымкент-цирк» биыл Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстанда цирк нөмірлерінде жануарларды пайдаланудан бас тартуға бағытталған «Жануарларсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасын бастайды.  

Жануарлардың қатысуынсыз жаңа бағдарлама ұлт мақтанышы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын болды.

«Шымкент-цирк» бұдан кейін төмендегі бағыттарда жұмыс жасайтын болады:  

  • Клоундық және шапито; 
  • Джигитовка және каскадерлық;  
  • Жонглерлік ету және эквилибристика;
  • Әуе гимнастикасы.

Айта кету керек, жан-жануарларға гуманистік көзқараспен қарау акциясының негізінде әлемнің 45 мемлекеті жануарлар өнер көрсететін цирктер мен хайуанаттар бағына тыйым салды. Бұл акция мемлекеттік дәрежеде қолдау таппаған елдердің кейбір қалалары өз өкілеттіліктерімен цирктердің жабылуына қол жеткізді.

Мәселен, Мадрид қаласы әкімдігі жан-жануарларға гуманистік көзқараспен қарау акциясын қолдайтынын мәлімдеді. Артынша Испанияның 300 қаласы осы акцияны қолдап шықты. Берлин, Дюссельдорф, Кёльн, Мюнхен қалалары бастама көтеріп, Германияның 50 қаласы хайуанаттары бар цирктердің жабылуына ықпал етті.

Мұндай мысалдар әлем бойынша жетерлік. Жан-жануарларға гуманистік көзқараспен қарау акциясы шын мәнісінде жалпыұлттық қолдау табуға лайық бастама.

Шымкент қаласы Қазақстан бойынша бірінші қадам жасап, цирк репертуарында жануарларды пайдаланбауға шешім қабылдады. Бұл бастаманы әрі қарай өзге қалалар да қолдайтын болады деп сенеміз.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button