Қазақстанда бензин бағасын арзандатудың үш жолы
Қазір елде бензин бағасы төңірегінде дүрбелең басталғаны белгілі. Әлемдік мұнай бағасы қалыпты деңгейде тұрғанда, жанармай бағасының көтерілгені – парадокс. Бензиннің қымбаттау себебін айту оңай. Себептері де көп. Алайда оны арзандатудың жолдары қайсы, соны қарастырып көрейік.
Бензин бағасы қайдан шығады?
Қазақстанда бензин бағасын қалыптастыратын нәрсе – бұл ішкі нарық. Яғни, өзіміздің мұнай өңдеуші зауыттар (МӨЗ). Қазақстанда олардың саны – үшеу. Павлодар, Атырау және Шымкент қалаларында орналасқан.
2018 жылы осы үш зауыттың үшеуі де модернизациядан өтіп, қуатты өндіріске кірісіп, Қазақстан нарығындағы бензин сұранысын толық қанағаттандырған еді. Қазір де солай. Үш зауыттың бірігіп шығаратын бензині ел нарығына керек бензиннен 24 пайыз көп. Яғни, Қазақстан 2032 жылға дейін бензиннен таршылық көрмеуі тиіс. Оның үстіне, еліміз өз нарығындағы өз өніміне өзі баға қоя алатындай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізеді.
Алайда бәрі сіз бен біз ойлағандай оңай емес. Бәрі мұнай бағасы мен мұнай өңдеуші зауыттардың шығынына байланысты. Қазақстандағы мұнай шығарушы компаниялар МӨЗ-ға қажет мұнайдың 70-75%-ын әкеп бергенімен, оның жартысына жуығын ғана арзан бағамен сатады. Яғни, бір баррелін 25-30 доллардан береді. Қалған мұнайды халықаралық бағамен алуға мәжбүр. Ал МӨЗ-дің шығыны шын мәнінде мұнай өңдеуге емес, оны тасымалдау мен сақтауға, операциялық шығындар мен салыққа, банк қызметіне, ҚҚС-ға, жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысына кетеді. Бұған алыпсатардың маржасын қосыңыз. Шын мәнінде бензин бағасының 11-14 пайызын ғана мұнай бағасы құрайды. Ал автоқұю бекеті бензиннің әрбір литрінен 1-3 теңге ғана пайда көреді. Яғни, олар бензиннің бағасынан емес, сұраныстың көптігінің арқасында пайда табады.
Демек, бензин бағасын ұстап тұру үшін мемлекеттік өзі іске кірісуі керек.
1-жолы. Мұнай өңдеуге инвестиция құю
Бензин – әлеуметтік маңызы бар тауар. Бензин қымбаттаса, бәрі қымбаттайды. Яғни, бағаның құлдырауы халықтың сатып алу қабілетінің де құлдырауына әкеледі. Қазақстан үкіметі 2015 жылдан бастап бензин бағасын, 2016 жылдан бастап дизель бағасын реттеуден бас тартқан. Негізгі себеп – бюджет қаржысын үнемдеу мен импортты азайту.
Бірақ мұнай-газ секторы – мемлекеттің стратегиялық маңызы бар міндеті саналады. Жоғарыда айтылғандай, бензин бағасын ұстап тұру үшін өндірісті күшейту керек. 2021 жылы сәуір айының соңындағы дерекке жүгінсек, бензин өңдеуге бағытталған айналым қаржысының 40 пайызы – банктен алынған займ ақша екен. МӨЗ-дің бұлай несие алуы бензин бағасының қымбаттауы мен нарықтың нашарлауына әкелетіні түсінікті.
Сол себепті қазақстан үкіметі баға тұрақтандыру үшін кәсіпорындардың несие жүктемесін реттеуге көмектесуі керек. Ал ол үшін мемлекет МӨЗ-ге инвестиция тартуға немесе өзі инвестиция салуға мүмкіндік берсе құба-құп. Соның есебінен МӨЗ өндіріс қуатын күшейтіп, ішкі нарықты ғана емес, көрші елдерге де арзан бензин шығару арқылы әл-ауқатын жақсартар еді. Ал экспорттан түскен табыспен инвестордың да көңілі жай табады.
2-жолы. Көлеңкелі экономиканы жіті бақылау
Бұл жерде айтылатын екі мәселе бар. Бірі – бензин сатушылардың бір-бірімен ауыз жаласып баға көтеруі. Екіншісі – елдегі арзан бензиннің көрші елге контрабандалық жолмен жасырын сатылуы.
Депутат Альберт Раудың айтуынша, елдегі бензин бағасының шарықтап кетуіне сатушылардың ауыз жаласуы себеп. Сондықтан ШҚО, СҚО, Ақмола мен Қостанай облыстарындағы ірі жанар-жағармай сату бекеттерін тексеруді сұраған. Өз кезегінде премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр антимонополия қызметі аталмыш бекеттердің барлығын тексеріп, кінәрат таппағанын айтты.
Алайда сөз барысында тексерісті қатаң жүргізуге, нарықтағы бағаға қысым көрсетуге болмайтынын, мұның арты инвестицияның кемуіне әкелетінін айтқан еді. Демек, бұл салада әлі де көлеңкелі істер болуы мүмкін.
Кей сарапшылардың айтуынша, бензин бағасының күрт өсіп кетуінің тағы бір себебі – алыпсатарлардың елдегі арзан бензинді Ресейге апарып сатуы. Өйткені Қазақстандағы бензин бағасы 170-180 теңге болса, Ресейде 250-270 теңге тең. Қомақты маржа отандық мұнай шығарушы компаниялар да, өңдеуші компанияларға да түсіп жатқан жоқ. Ортада беймәлім делдалдарға кетуде.
Демек, делдалдардың табысын жою үшін бензин бағасы көтеріліп кетуі мүмкін. Мұндайда Еуразиялық экономикалық одақтың әсері тиіп жатқаны байқалады.
3-жолы. ETS тауарлы биржасына қосылмау
Жақында қазақстандық ETS тауар биржасына бензин саудасы тұңғыш рет енгізілді. Бұл биржада энергетикалық секторға деген сұранысы мол екені байқалды. Алғашқы сессиясының өзінде АИ-92 мен АИ-95 маркалы бензиннің 19 мың тоннасы сатылып, 4 млрд теңге табыс түсті.
Алғашқы сатылымның өзінде бензин бағасы 39 пайызға өсіп кетті. Бастапқы баға бір тоннаға 169 мың теңге болғанымен, кейін ол 234 мың теңгеге дейін өсті. Яғни, бір литр бензиннің бағасы 125 теңгеден 174 теңгеге, соңғы сессияда АИ-92-нің бағасы 155 теңгеден 174 теңгеге көтерілді. Бұған қарап отырған автоқұю бекеттері де бағаны өсірді.
Сондықтан бұл жерде биржа шығарылған бензин саудасын азайтудың қажет екенін туады.