Қазақта эмигранттық әдебиет бар ма?
Эмигранттық әдебиет туралы айтатын уақыт жеткен сыңайлы. Себебі, соңғы жылдарда шетелге кеткен азаматтарымыздың қатары көп. Бұл әлеуметтік миграция эмигранттардың жаңа буынын қалыптастыруда. Қала берді, өткен ғасырларда тағдыр тәлкегімен босып кеткен халқымыздың бір парасы Батыс Еуропада диаспора ретінде қалыптасып үлгерді.
QadamAsia сайтының ұжымы «Қазақта эмигранттық әдебиет бар ма?» тақырыбында белгілі қаламгерлермен сұқбаттар сериясын ұйымдастыруды қолға алды.
Осы орайда, «Жұлдыздың лағыл елесі», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Көгілдір шабыт» секілді кітаптардың авторы Сұраған Рахметұлымен әңгімелекен едік.
– Бізде эмигранттық әдебиет бар ма? Бар болса оның тарихын қай кезеңнен бастаған дұрыс?
–Бұл құбылыс ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әлемді қамтыды. Мұны диаспоралық әдебиет деп айтып жүргендер де бар. Алайда, оның дұрыс-бұрысын дәлелдеген нақты қисынды сараптамалық еңбектер жоқтың қасы. Бірізді ұғым жоқ, бытырау басым.
Негізі екеуі бір нәрсе. Диаспора (грекше: бытыраңқы) түсінігі VІ ғасырдағы жөйіттер мен палестиналықтар қырғынынан қалған қиғылықты ұғым. Бұл дүниетанымның әлемдік әдебиет тарихында біршама үлгілері болған. Десе де, құбылыс ретінде диаспорология, эмигрантология, мигрант, эмигрант атауларына онша маңызды ғылыми талдаулар жасалмады.
Плано Карпини, Гильом де Рубрук, Марко Поло дереккөздері ХІІІ ғасырдағы бабаларымыздың көші-қонынан біраз сыр шертеді. Бірақ, бұл эмигранттық әдебиет емес.
Батыстың һәм орыстың саяхатшылары А.И.Левшин, Н.А.Аристов, Г.Н.Потанин, тіпті, сонау кезеңде қазақтың ән-күйлерін «тыңшылаған» А.В.Затаевичсекілді кезбе зерттеушілердің еңбектері бертіндегі қазақтардың тұрмысы мен миграциясынан біршама хабар береді. Әйткенмен, бұл да эмигранттық әдебиет емес. Бұлар қазақ миграциясының хатқа түскен деректері.
Біздегі бір аумақтан екінші өлкеге өткен кездегі үстемдік, азаттық сарындары ұзақ өмір сүре алмады. Себебі, бұл ауызша мұралар болатын.
Көшпелі өркениеттегі барлық руһани мұралар мен этнографиялық ауызша тарихты эмигранттық әдебиеттің нышандарына негізді, негізсіз жатқыза беруге болмайды.
Әр дәуірдегі айдау, көші-қон, қудалану, елден айрылу, босу кезеңдерінде сағыныштан, сарын аңсаудан (ностальгия) туған толғаулар, абақты жырлары бүгінгі әдебиет кеңістігінде не деп аталатыны да беймағұлым.
–Болашақта эмигранттық әдебиет қалыптасып, өркен жаюы мүмкін бе? Жалпы, эмигранттық әдебиеттің мәдени құбылыс ретінде өркен жаюы тиімді ме?
–Эмигранттық әдебиеттің құбылыс ретінде өмір сүретін, өрбитін, өркениетке тырмысатын, тіптен өлетін, өшетін кезеңдері бар екені даусыз.
Меніңше, Шоқан Уәлихановтың Ыстық көл, Құлжа, Қашғар сапарнамасы және Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шежіресі», Мұқаметжан Тынышбайұлының «Қырғыз-қазақ халқының тарихына арналған материалдары» осынау эмигранттық әдеби негіздемелерге мұрындық болар құндылықтар есебінде қалады.
Эмигранттық әдебиет үлгілері «ел айрылған», «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңдеріндегі «Елім-ай» әнінен бастап, қазақтың қара өлеңі мен ән күйінде толып тұр. Зұлмат жылдардағы толғаулар, туған жерге деген сағыныш, зар, шер, көріс, қазақ руһының жадысы.
–Көршілес Қытай, Моңғолия, Өзбекстан секілді елдердегі қазақтар арасынан қаламгерлер көптеп шығады. Ал, алыс шетелдердегі, Еуропадағы қазақ диаспорасынан неге ақын-жазушылар шықпайды?
–Кеңестік жүйенің ызғарына тоңып шетелге қоныс аударған қазақтар тағдыры,Қазан төңкерісінен кейін жеткен азаматтық соғыс, қатаң ұжымдастыру, геноцид, аштық тудырған лаңқазақ әдебиетіне мөр ізін салды.
Дүниежүзінің 43 еліне шашыраған қазақтардың дені Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан секілді елдерде диаспора ретінде өмір сүруде. Өзге топырақта ғұмыр кешкен Ақыт қажы Үлімжіұлы, Арғынбек имам Апашбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Сұлубай Сапиұлы, Бүркітбай, Асқар Татанай, Ақтан Бабиұлы, Даниял Дікейұлы, Нәжікеш Таңқайұлы қатарлы көптеген жыршылардың жырлары бір сарында елдің руһын оятуға арналған-ды.
Әрине, оларды эмигранттық әдебиет өкілдері деуге болмас. Әйтсе де, шетелдегі қазақтардың арман-мұраты осы ақындардың шығармашылығында көрініс тапты.Мына жақтан Мұстафа Шоқайдан Халифа Алтай мен Қасен Өр-Алтайға дейінгі аралықтағы әдебиетті айтыңыз.
Шет кеткен қазақтар жалпы адамзаттық құндылық, трагедиялық, геноцидттік ақуал тұрғысында интеллектуалдық жағынан өзгелер тұшынатын дүнтетанымдық әдебиет жасай алды ма? Бұл да маңызды сұрақ.
Сөзіміз дәлелді болу үшін эмигранттық әдебиеттің элементтері кездесетін туындыларға тоқталар болсақ, Мұқтар Мағауиннің– «Аласапыраны» мен «Жармағын», Қабдеш Жұмаділовтің –«Соңғы көшін», Мағаз Рәзданұлының «Алтайдың ақиықтарын», Амин Әмірбай мен Ростисав Петровтың «Қара Ертіс» роман-хроникасын, Қажығұмар Шабданның «Қылмыс» һәм бірді-екілі шығармаларын, Батырхан Құсбектің «Зақа батыр» мен «Панасын», Шайсұлтан Қызырдың«Бұлаң дүниесін», «Қайқая шапқан қарагері»мен «Дабылын», Шәміс Құмардың «Көз жасы сарқылмайдысын», «Ер Жәнібек» пен «Бөке батырын», Зейнолла Сәніктің«Сергелдеңін», Жақсылық Сәмитұлының«Қаһарлы Алтайын», Омарғазы Айтанның «Аң шадырын оқ табарын», Нәзір Көркиннің «Түрме махаббатын», Сейтхан Әбілқасымұлының«Қара боран»мен «Оспан батырын», Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібегін» мақтанышпен атауға болады.
–Өзіңізді болашақта эмигрант қаламгер ретінде елестетесіз бе?
–Орыстың атақты жазушысы Иван Буниннің өмірінен хабардарсыздар. Шетте жүріп орыстың сұлу табиғаты мен туған жері туралы ғажайып туындылар жазды. Сол шығармалары үшін 1933 жылы Нобель сыйлығын алды. 1953 жылы өзі жек көретін қазан төңкерісінің 36 жылдығы тойланып өткен күннің ертеңінде о дүниелік болған дара тұлға эмигранттық әдебиеттің көрнекті өкілі болып қалды. Бұдан кейін америкалық эмигрантқа айналған орыс ақыны Иосиф Бродский Нобель сыйлығынақол жеткізді. Бұл 1957 жыледі. Ол да артында адамзат игілігіне айналған туындылар қалдырды.
Бірақ, адамзатқа ортақ ұлы туынды жазу үшін эмигрант болу шарт па? Шын суреткерге эмигранттық лақаптың қажеті шамалы.
Өзіме келер болсақ, мендиаспора өкіліненмін деп айта алмаймын.