Қоғам

Айлығымыздың зейнетақы мен салыққа аударылатын пайызын қалай есептейміз?

Қарапайым халық ай сайынғы жалақысынан зейнетақы аударымына деп 10%, ал жеке табыс салығына деп тағы 10% мөлшерінде алынатынын біледі.

Алайда, айлығыңыздың 20%-ы толықтай ұсталып қалмайтынын байқайтын боларсыз.

«Qadam.asia» бүгін неліктен жоғарыдағы екі алымды қосып, 20% алынады деп кесіп айтуға болмайтынын түсіндіріп береді.

Міндетті зейнетақы жарнасы толық 10%-ды құрайды

Зейнетақымен қамтамасыз ету заңына сәйкес жалдамалы еңбек шартымен жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жалақысынан 10%-ы ұсталады. Жұмыс беруші бұл ақшаны бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуы тиіс.

Бұл орындалмаса салық комитетінің өкілдері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сүйене отырып айыппұл салуы мүмкін. Сондай-ақ, кез келген жеке тұлға өзінің зейнетақы қорындағы аударымдарын жеткіліксіз деп санаса, онда ол қосымша аударым жасай алады.

Маңызды:

Салымшылардың жинағы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында» шоғырланады. Қордағы ақша пайда табу мақсатында айналымға түседі. Яғни қордағы қаржының кірісін арттыру үшін олар әртүрлі қаржылық құралдарға инвестицияланады. Егер де әртүрлі себептерге байланысты инвестицияға құйылған қаражат шығынға ұшыраған жағдайда олар мемлекет есебінен қайта қаржыландырылады.

Есте сақтаңыз:

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» мамандарының сөзінше, 2018 жылдан бастап зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріледі. Яғни «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» жалақыдан аударылатын жарналардың нақты енгізілген мөлшерінің (инфляцияға қарамастан) сақталуына мемлекет кепіл береді.

Қордағы зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып қалады және мұраға қалады. Зейнетақы қорындағы жинақ ақша ешқашан инфляцияның құрбаны болмайды.

Жеке табыс салығын қалай жеңілдетті?

Міндетті зейнетақы жарнасы шегерілгеннен кейін айлығыңыздан 10% жеке табыс салығы (ЖТС) алынады.

Бұл сома тікелей республикалық бюджетке түседі. Ал бюджет сәйкесінше еліміздің табысын құрайды. Жиналған қаражат кейіннен әртүрлі бағдарламаларға жұмсалады. Оның ішіне зейнетақы, шәкіртақы, жол құрылысы, денсаулық сақтау ұйымдары мен мектептер, бюджет қызметкерлерінің жалақысы бар.

Маңызды:

Айта кетейік, 2019 жылдың басынан егер де жалақы мөлшері 25 АЕК-тен аспаса (2021 жылы – 72 925 теңге) онда жеке табыс салығына (ЖТС) 10% емес, тек 1% алынады.

Бұл бастаманы 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» көтерген болатын.

Есте сақтаңыз:

«Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек», – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қолға түсетін айлық мөлшері қалай есептеледі?

Жоғарыда аталған есептеудің формуласын қарастырайық. Мысалы: жалақының мөлшері – 90 000 теңге.

90 000 * 10% = 9000 теңге (міндетті зейнетақы жарнасы).

Осыдан кейін, заң бойынша қалған сомадан ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) алынады. Себебі оған салық салынбайды. ЕТЖ 2021 жылы – 42 500 теңге.

81 000 – 42 500 = 38 500 теңге.

Ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) алынғаннан кейін, қалған соманың 10% жеке табыс салығына (ЖТС) аударылады.

38 500 *10% = 3 850 теңге жеке табыс салығы (ЖТС).

Еңбекақы = 90000 – 9000 – 3 850 = 77 150 теңге.

Нәтижесінде қолға түсетіні – 77 150​ теңге қалды. Бұл 90 000 теңге айлығыңыздан таза табыс.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button