Қоғам

Алтынбек Сәрсенбайұлының қабіріне не деп жазылған?

Ел игілігіне қызмет еткендер де, елге зұлымдық жасағандар да халық жадында сақталады. Халық адал ұлдарын да, залымдарды да ауық-ауық еске алып отыруды ұмытпайды. Небәрі 43 жастан енді асқан шағында қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлын бар қазақ үлкен махаббатпен еске алады.

Халқының махаббатына бөленген Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына да 15 жыл толыпты. Бірақ, осы уақыт аралығында Алтынбек есімі ел тағдырымен, қоғамдық-саяси тіршілігімен, мәдени өмірімен байланысты кез келген әңгімеде қайраткерлік тұлғасымен қоса айтылады.

Алтынбек Сәрсенбайұлын кім өлтірген?

2006 жылдың 13 ақпанында күндізгі сағат 11:40 шамасында Алматы облысы, Талғар ауданындағы «Көктөбе» және «12 бригада» ауылдарының арасындағы жолдың шетінде оқ тиген жарасымен Алтынбек Сәрсенбайұлының, көлік жүргізушісі Василий Журавлёв және көмекшісі Бауыржан Байбосынның мәйіті табылған.

Сол күні-ақ Алматы облыстық прокуратурасына сілтеме жасаған басылымдар: «Жол жиегінен өлі табылған үш ер адамның біреуінің қос қолы артына қайырылып, екіншісінікі алдынан байланған. Үшеуінде арқасынан және қарақұсынан тиген оқ ізі қалған», – деп хабар таратты.

Талғар ауданында тау шатқалынан табылған мәйіттердің өлтірілгеніне 2 күн болған еді. Яғни 2006 жылдың 11 ақпанында Алтынбек Сәрсенбайұлы көмекшісі Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Василий Журавлевпен бірге Алматы қаласының сыртында атып өлтірілген.

Бұл туралы ресми басылымдарда «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы тобы офицерлерінің қатысуымен жасалған қастандықтың нәтижесінде қаза болды» деп жазылды.

Ал, отбасы мен қызметтестері бұл өлімді саяси тұрғыдан өлтірілген өлім деп атады және бұл өлімге жауапты жоғарғы билік деп айтты.

Сол жылы ақпанның 20-сы күні Қазақстанның Ұлтық Қауіпсіздік Комитетінің жетекшілері – Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев және оның екі орынбасары Владимир Божко мен Қозы-Көрпеш Қарбусов, сондай-ақ «Арыстан» арнаулы жасағының командирі Сержан Қойбақов отставкаға өтініш береді.

Отставканың себебі, Қазақстанның ақпараттық агенттіктері Сәрсенбаевтың өліміне ҰҚК-нің сол кездегі қызметкерлері қатысқанын хабарлағаннан кейін туындаған айғай-шуға байланысты болды.

Қозы-Көрпеш Карбусов пен Владимир Божконың өтінішінен басқаларының отставкасы қабылданған еді. Сөйтіп Владимир Божко ҰҚК-нің төрағасының міндетін атқарушы болып бекітілді.

Сот кімді айыпты деп таныды?

Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінен кейін он күннен астам уақыт өткенде, яғни 25 ақпанда Қазақстан Сенаты аппаратының басшысы Ержан Өтембаевтың қамауға алынғаны туралы хабар тарады.

2 наурызда Ержан Өтембаев Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілгенін мойындаған. Ержан Өтембаев өзінің Назарбаевқа жазған жеке хатында өзіне тағылған кінәсін мойындап, кісі өлтіруді марқұм «оның ар-намысына нұқсан келтіргендіктен» ұйымдастырғанын айтады.

Ержан Өтембаев үш адамды өлтірудің басты тапсырыс берушісі ретінде 20 жылға бас бостандығынан айырылады. Кісі өлтіруді орындаушы Рустам Ибрагимовке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының офицерлері әртүрлі мерзімге сотталды.

2014 жылы жаза мерзімі қысқартылған Ержан Өтембаев түрмеден босатылады. Өйткені үш адамды өз қолымен өлтірген Рустам Ибрагимов сотта айтқан сөзінен бас тартып, қылмыстың тапсырыс берушісі ретінде Рахат Әлиевті көрсетеді. Ал Сарсенбайұлының туыстары Өтембаевтың босатылуымен келіспей, сот үкіміне наразылықтарын білдірді.

«Бәріне де уақыт пен халық төреші»

«Ел азаматтарының бақытты һәм бақуатты өмір сүруі үшін күрестік… Бәріне де уақыт пен халық төреші»

Бұл Алтынбек Сәрсенбайұлының зиратындағы тасқа жазылған өз сөзі.

Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы әр жылдары саясаткер, дипломат, журналист ретінде түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Он жылға жуық уақыт министр болды. Ол 44 жасқа да толмаған шағында өмірден өтті. Осы қысқа ғұмырында халқының игілі жолында атқарған жұмыстары ел есінде.

Ол, шынында, елінің бақытты һәм бақуатты өмір сүруі үшін күресті. Сол жолда өмірін сарп етті. Өзінен кейінгі ұрпаққа адалдық, ізгілік принциптеріне берік ғұмыр кешудің үлгісін қалдырды. Оның күрескер ғұмыры мен еңбектері өз бағасын алады деп сенеміз.

Иә, бәріне де уақыт пен халық төреші…

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button