Қоғам

Ашаршылық жылдары қанша қазақ қырылды?

Бірнеше күннің алдында 1921-1922 жылғы ашаршылық пен 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың 90 жылдығына арналған жиын өткенін білеміз. Осыдан кейін ашаршылық тақырыбы қызу талқығы түсіп жатыр.

Мәселен, саясаттанушы Досым Сәтпаев ашаршылыққа геноцид ретінде баға беру керек деген пікір білдірді.

Досым Сәтпаев: «Мен үнемі ашаршылықты геноцид деп жазу керек деп айтамын. Геноцидтің тамыры тереңде. Яғни, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, алдындағы бар малын тартып алу арқылы қазақты өмір сүру құқығынан айыру дегеннің өзі геноцид емес пе? Ресейлік, кейбір қазақстандық тарихшылар, беймәлім зерттеушілер «барлық жерде ашаршылық болды» деп айтқысы келеді. Бірақ біздің елдегі жағдай туралы Кремль, Сталин білді. Қазақтың алдындағы малын тартып алып, «егін шаруашылығымен айналыс» деп ғасырлық өмір сүру дағдысын өзгертуі ұлттың тамырына балта шабумен бірдей» – деп баға берді.

Ал, кейбір сарапшылар ашаршылыққа саяси баға беруден бұрын, сол жылдары қанша адам қайтыс болғанын зерттеп, соларды ұлықтауды қолға алу керек дейді.

Мысалы, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы: «Біз сол қырғында көз жұмған құрбандарымызды толық түгендеп алуымыз керек. Қалғаны – екінші мәселе. Мен үшін, бүгінгі күні кім кінәлі дегенді іздеуден гөрі, бар күш-жігерімізді қанша бауырларымыз қайтыс болды, олардың аты-жөндері кім екенін анықтап, сол бойынша тізім жасап, есімдерін анықтап, тасқа жазып, ескерткішін қойып, ұлт болып жоқтау» – деген пікір білдірді.

Ашаршылық – қазақ тарихындағы азалы жылдар. Архив материалдары мен естеліктерді қарап отырсаңыз, жаныңыз түршігеді. Қалыпты тіршілігін кешіп жатқан халық аштыққа қалай ұрынды? Бұл қолдан жасалған аштық па? Ашаршылық жылдарында қанша қазақ көз жұмды? Қаншасы босып кетті?

Ашаршылық үш рет қайталанған

Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азаматтық соғыстың басталуы, мал-мүліктерді тәркілеу мен патшалық биліктің жіберген жазалаушы армиясының басқыншылығы, қала берді, індет пен қатты суық және құрғақшылық – ХХ ғасырдың басындағы бірінші ашаршылыққа себеп болды. Бұл 1916-1918 жылдар еді.

«Наша газета» 1918 жылғы 13 тамыздағы нөмірінде: «Сыр өңірінде басталған аштық пен індеттің халықты қырып, қаусатып тастағанын сол кездердегі тарихи деректерден көреміз. Бір ғана 1918 жылдың өзінде Түркістан халқының 30 пайызы аштықтан қырылған» – деп жазыпты.

Енді өз тарихымыз туралы өзіміздің баспасөзде не деп жазылғанына тоқталайық.

1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхан: «1914 жылы Ресей халқының жалпы саны 161 млн 700 мың еді. Көкшетау уезінің халқына 1896 жылдан кейін 1907 жылы және одан он жыл өткен соң 2 рет санақ жүргізілді. Қазақтардың өсу қарқыны әлемдік деңгейден жоғары. Егер әрбір 200 қазаққа орта есеппен 3 адам қосылып тұрады десек, онда 1914 жылы қазақтардың саны 6 млн 470 мыңға жеткен» – деп жазған.

Деректерді салыстырып талдау жасағанда 1916-1918 жылдардағы аштық кезінде кемі 1,5-2 млн адам көз жұмғанға ұқсайды.

Бұдан бөлек, босып кеткендердің саны – 300 мыңнан 1 млн-ға дейін. 1916-1917 жылдары 300 мыңға жуық қазақ басқа өңірлерге, атап айтқанда Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға және оңтүстік облыстарға ауып кетті.

Мұхтар Әуезов 1921-1922 жылдары 1 млн 700 мың адам қайтыс болғанын айтады

Араға бірнеше жыл салып, 1921-1922 жылдары ашаршылық тағы қайталанады.

Себептерін қарастырып көрейік:

  • Азамат соғысы мен жаңадан орныға бастаған Кеңестік биліктің түрлі әскери жазалаулары, тонаушылық;
  • Табиғи апат, қолайсыз ауа райы салдарынан орын алған жұт. Малдың 80%-ы кырылады. Ауылшаруашылық өнімінің 80%-ын Кеңестік билік орталыққа тасып әкетіп, халық азық-түліксіз қалады. 1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізе бастаған азық-түлік диктатурасына сай «Азық-түлікті тәркілеу» науқаны басталады.
  • Сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келеді.

КазОАК-нің Төрағасы С.Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында сол жылдың көктемінде алынған толық емес деректе Қазақстан бойынша аштыққа 2 832 000 адам ұрынған.

Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша, өлген адамдардлың саны – 1 млн 700 мың.

Ал Кеңестік деректер «1 114 000 адам өлді» деп көрсеткен. 2010 жылдың 12 желтоқсанында Украинаның «Наше слово» газетінде (украин тілінде) шыққан қазақстандық саясаттанушы Данила Бектұрғановтың «Ұлы жұт немесе қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғыны жайлы» мақаласында: «1921-1922 жылдары Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша аштыққа ұшырағандардың саны 2 млн 286 мың 591 адам болып, соның 68,2% – 1,5 млн қазақ өлген» – деп келтірілген.  

Отызыншы жылдардағы үшінші ашаршылық

Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою қазақ даласын үшінші рет аза құштырды. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын тіршілік көзінен айырып, жаппай және күшпен отырықшыландыру науқаны 1929-1933 жылдардағы ашаршылыққа себеп болды.

Дәл сол кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерін толықтай орталыққа тасып әкету басталған еді. Қарапайым халыққа еш негізсіз және қасақана салықтарды салынды, соттау мен қудалау басталды.

Ресми халық санағы мен түрлі мұрағаттардың, құпиялығы жария болған мәліметтер бойынша 1930-1933 жылдары 2,4 млн адам аштықтан қырылғанға ұқсайды.

Мысалы, Сара Камерон – 1,8 млн десе, тарихшы Бүркіт Аяған: «1932-1933 жылдары 2,3 млн адам құрбан болды» – дейді.

1930-1931 жылдар аралығында 1 млн 70 мың адам Қытай, Иран, Ауған, өзге де өңірлерге босып кеткен.

Байқасаңыздар, ғылыми құжаттарға сүйенген деректердің өзінде бірізділік жоқ. Себебі, Кеңес заманында аштықтың зардаптары мейлінше жасырын ұсталды. Бұрмалаған ақпараттар таратылды.

Ендігі жерде барлық архив құжаттарын зерделеп, нақтылы тұжырымдарға келу керек. Қазақ тарихындағы зұлмат жылдардың шындығы ашылмайынша боздақтардың рухы шат болмақ емес.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button