Автонесие бағдарламасы: Биыл арзан бағамен көлік алуға мүмкіндік бола ма?
Былтыр елдің төрт бірдей банкі азаматтарға арзан бағамен автокөлік сату үшін бюджеттен 20 млрд теңге қаржы алған еді. Ал биыл жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жалғаса ма? Аталмыш сауалға Lsm жауап іздеп көрген екен.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі мен Қазақстан Даму банкі жеңілдетілген автокөлік несиесін беруге жыл сайын 20 млрд теңге бөлінетінін айтады. Алайда биыл қанша қаржы және қай банкке қанша берілетіні белгісіз, бұған жоспар құрылған жоқ деп жауап берді.
Ал Ұлттық банк болса, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2023 жылға дейін жалғасатынын әрі бұған қаржы жыл сайын бөлінуі тиіс екенін хабарлады.
«Биыл 20 млрд теңгенің қалай бөлінетіні шешілген соң, қаржылық ұйымдар мен халыққа хабар беріледі«, – дейді Ұлттық банк.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2015 жылы іске қосылған. Содан бері 136 млрд теңгеге 27 мың азаматқа пайызы аз несие берілген екен.
Бағдарламаның шарттары мынау:
– Автокөлік Қазақстанда шығарылған болуы тиіс;
– Бағасы 15 млн теңгеден аспағаны жөн;
– Займ мерзімі 7 жылдан (84 айдан) аспағаны жөн;
– Номиналды пайыздық ставка – 4% жылдық;
– Тиімді сыйақы ставкасы – 7,5% жылдық.
Бұл бағдарламаға Халық банк, Сбербанк, ВТБ, Еуразия банкі, АТФ, Центркредит банкі және Forte банктерді қатысады.