Қоғам

Бүгін сүйікті қаламыздың Алматы атанғанына 100 жыл толды

Осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1921 жылы 5 ақпанда Жетісу облыстық революциялық комитеті Верный қаласының атын Алматы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

Жетісу өңірі өзінің жанға жайлы климатымен, суға бай әрі құнарлы топырағымен ерекшеленеді. Сондықтан, осынау ғажайып өңірде орта ғасырлардағы түркі және моңғол тайпаларының қонысы – Алматы қаласының пайда болуы кездейсок емес.

Археологиялық қазба жұмыстары Алматы қаласының тарихы 1000 жылдан асатынын дәлелдеді. Жетісуға келген Ресей империясының әскери басшылары да императорға жіберген есеп беру баяндамаларында Алматы қаласының орнын көргендерін айтады. 1853 жылы майор Перемышельский дәл осылай деп жазады.  Ал бір жылдан кейін қазіргі қала орнында «Зайлийское» бекінісі бой көтереді.

Қала неліктен Верный деп аталды?

1867 жылдан бастап қала ресми түрде Верный деп атала бастаған. Алайда солай болғанына қарамай, әскери бекіністің негізі қаланғаннан кейін де орыс дереккөздерінен Алма-Ата-Алматы атауы айтылып жүргенін көруге болады.

Неліктен олар қаланы Верный деп атауға шешім қабылдағаны әлі күнге дейін жұмбақ. «Верный» атауының пайда болуы туралы көптеген аңыздар мен қауесеттер бар.

Соған қарамастан, көптеген фактілер тұрғындардың жаңа қоныстар – қазіргі Талғар, Есік және Алматы қалаларын өз атауларымен атағанын дәлелдейді. Ресми түрде олар Надеждинская, Софийская, Верный деп аталған. Бірақ жергілікті халық бәрібір Талғар, Есік, Алматы дейтін болыпты.

Мүмкін, тұрғындар үшін өз тілдерінде атау оңайырақ болған шығар. Себебі тұрғылықты халыққа бұл атаулар бұрыннан таныс. Мәселен, Талғар – Талғар өзенінің, Есік – Есік өзенінің, Алматы – Алматы өзенінің маңында орналасқан.

Алматының 100 жылдық тарихы

1927-1936 жылдар аралығында Алматы Қазақ АКСР-нің астанасы болды. Еске сала кетейік, 1920 жылы алғашқы астана Орынбор болып бекітілді, ал 1925 жылы астана Қызылордаға көшірілді.

Тәуелсіздікке дейін, яғни 1936-1991 жылдар аралығында Алматы Қазақ КСР-нің жалғыз астанасы болып қала берді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да, 1991 жылдан 1997 жылға дейін Алматы Қазақстан Республикасының алғашқы астанасы болды. 1993 жылдан бастап «Алма-Ата» атауы толығымен жойылып, қала атауының жалғыз нұсқасы Алматы қалды. Кеңес үкіметі тұсында бұл атау тек қазақша мәтіндерде ғана қолданылатын еді.

1997 жылы астана Ақмолаға көшірілді. Алайда, Алматы Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азия халқы үшін маңызды тартымды стратегиялық орталықтардың бірі болып қала береді.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button