Қоғам

Банк несие беруден бас тартты ма – себебін біліңіз

Қазақстан азаматтарының көпшілігі банк не шағын несие ұйымдары кредит бермей қойған кезде, оның себебін білуге тырыспайды. Бұл жайлы Қазақстандағы IDF Eurasia талдау тобының зерттеушілері айтады.

Олар мұндай ойға 20 мың азаматқа (21-55 жас аралығы) сауалнама жүргізіп, қорытындысын білгенде келген. Зерттеушілердің айтуынша, банкке не шағын несие ұйымдарына кредит алуға өтініш беріп, алайда ала алмағандардың 60 пайызы банктің неге бас тартқанын, несие бермей қоюының себебін білуге тырыспаған екен. Ал қатысушылардың 20 пайызы кредитордың несие бермеуінің себебін сұрап, жауап беруін талап еткен. Ал қалғаны 20 пайызы бас тартудың себебін сұрап қана қоймай, «несие тарихын қалай жөндеуге, реттеуге болады» деп кеңес сұраған екен.

Қаржылық қызметті тұтыну құқығы бойынша азамат қандай да бір банк пен несие ұйымдарынан кредит ала алмаған жағдайда, оның себебін сұрауға, білуге құқылы. Банк қызметкері мұны түсіндіруі керек әрі азамат несиені алу үшін не істеу керегін де банктен сұрап, кеңес алса болады.

Егер банк бұдан да бас тартса, онда Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттікке жүгініп, шағым не өтініш берсе болады.

Айта кеткен жөн, несие беруден бас тартуға себеп болар жағдайлар мынау:  

– Төлемді кешіктіру, мерзімін өткізіп алу (мұның бәрі несие тарихында жазылып тұрады);

– Бюджетке салық пен айыппұл төлемеу;

– Ресми табысының болмауы;

– Зейнетақы жинағында аз қаржы болса.

Сондай-ақ, заемщик жайлы кез келген теріс, негативті ақпараттың бәрі несие беруден бас тартуға әкеледі.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button