Қоғам

Баспана бағасы. Қазақстанда құрылыс материалы әлі де шарықтауы мүмкін

Қазақстанда жаңа үйлердің бағасы 25-30 пайыз қымбаттауы мүмкін. Басты себеп – құрылыс материалдардың қымбаттауы. Тұрғын үй құрылыс саласының сарапшылары осындай болжам жасап отыр.

Мәселен, «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, бір ғана арматураның өзі жыл басынан бері 142% қымбаттап кеткен. 2020 жылдың наурыз айында 198 мың теңге болса, қазір 430-480 мың теңгеге жетті. М-400 маркалы цементтің бағасы 60 пайыз қымбаттап, 16 мың теңгеден 26 мың теңгеге бір-ақ жетті.

«Құрылыс саласы қауымдастығының деректеріне сүйенсек, егер бағаны дер кезінде реттемесек, тұрғын үй бағасы 25-30 пайыз қымбаттауы ықтимал. Егер тұрғын үй қымбаттаса, мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан құрылыс нысандарының жағдайы не болмақ? Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасымен квадратура бағасы бекітіліп, мемлекеттік сатып алу бойынша сараптама өтіп кетті. Онда баға өсуі мүмкін деп бөлек сома қарастырылған жоқ. Проблема бізді қуып жетті. Нарық пен кәсіпкерлер палатасы айтып жүрген мәселе мінекей алдымыздан шықты», – деп жазды Якупбаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ендігі мәселе – құрылыс компаниялары бұрынғы бағамен есептеп берген нысанды қалай салып бітпек.

«Тұрғын үй құрылысын ынталандырушы бағдарламалар да тоқтап жатыр. Несиенің пайызының көтеріліп бара жатқаны – ол бар», – дейді Якупбаева құрылыс саласының мәселелерін санамалап.

Ал мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, құрылыс материалдары бағасының қымбаттауына кейіне мемлекеттік органдардың өздері кінәлі.

«Мәселен, осы жылы 30 сәуірде Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі шетелден цемент сатып алуға тыйым салып еді, ішкі нарықтағы цементтің бағасы бірден 35% өсіп кетті. Артық қыламын деп, тыртық қылды», – дейді Перуашев.

Сондықтан депутат индустрия министрлігіне цемент импортына қайта рұқсат беруге шақырды. Әрі құрылыс материалдарын шығарушы отандық компанияларға жеңілдіктер берудің жолдарын қарастыруды ұсынды.

Оқи отырыңыз: Баспана бағасының қымбаттауына әкелген негізгі себеп

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button