Қоғам

Бізге қай мәдениет жақын: батыс әлде шығыс?

Орта Азия шығыс мәдениетінің төлтумасы. Алайда, уақыт батыстық даму жолын таңдауды ұсынды. Себебі, дамыған мемлекеттердің көбі батыс елдері екенін көріп жүрміз.

Ал, шығыста ше? Асылы, шығыста да дамыған мемлекеттер жетерлік. Біз батыс мәдениеті және шығыс мәдениеті деп неге бөлеміз? Олардың қандай айырмашылығы бар? Адамзат өркениетінде қай мәдениеттің ықпалы басым болды?

Қазақстан үшін дамудың батыстық модулі дұрыс па, әлде шығыстық модулі дұрыс па?

Батыс елдері қалай дамыған мемлекеттерге айналды?

Жалпы, мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамуына мәдени мектептердің қандай қатысы бар?

Мәселе қалыптасқан мәдениеттің қоғамдық санаға әсерінде болып тұр. Яғни, кез келген мәдениет өз заманына лайық түсініктерді, моральдық құндылықтарды, әлеуметтік теңдік принциптерін қалыптастырады.

Бәріміз білетіндей, батыс философиясы сергектігімен, жасампаздығымен ерекшеленеді. Батыс философтары прогреске жету үшін осы жасампаздық жолын таңдап алды.

Бірнеше ғасырға шегініс жасап көрейік.

Ежелгі орта ғасырларда батыста да, шығыста да діннің ықпалы басым болды. Әрине, діндердің адамзат дамуына қосқан үлесі орасан. Тек діндер адамның жасампаздығына көптеген шектеулер қоятын. Бұл «тудырушы сипаты тек Құдайға тән» дегенге саяды.

Адамдар өнер жарата алмаса, ғаламды, жер бетін зерттемесе, ғылыммен айналыспаса құрдымға кететінін батыс философтары түсіне білді. Сондықтан олар сергектікке ұмтылды. Адам өмірін құндылық дәрежесіне көтере білді.

Адам өмірі құндылыққа айналған кезде ғана теңдік принциптері, жеке тұлғаның құқықтары, бақытты өмір сүрудің жолдары алдыңғы кезекке шықты. Адамның бақытты өмір сүруі үшін әлеуметтік-экономикалық мәселелері шешілуі керек еді. Осылайша ғылым адамға қызмет етуді бастады.

Осыны түсінген батыс елдері дамудың, прогрестің жолына түсті. Кез келген салада ғылыми жаңалық ашылар болса, бұл жаңалық бірінші кезекте адамзаттың игілігіне қызмет ету керек болды.

Иә, ғылым адамзатқа қызмет етуді бастады. Сонымен қатар, адамның бақытты өмір сүруі үшін тек экономикалық мәселелерінің шешілуі аздық ететін еді. Адамға қоғамдағы рөлі, жеке тұлға ретіндегі теңдігі, әлеуметтік статусы анықталуы тиіс болатын.

Батыс елдері осылайша демократия жолын таңдады. Ендігі жерде жеке тұлғаның құқығы бәрінен биік мәртебеге ие болды. Батыс елдерінің конституциясы да осыған сай жасақталды.

Дамудың батыстық модулі көптеген дамушы елдерге үлгі болатыны да осыдан.

Шығыс мәдениеті прогреске қарсы ма?

Жоқ, шығыс мәдениеті прогреске мүлде қарсы емес. Тек шығыс баяулықты, тұрақтылықты сүйеді.

Батыс философиясын сергектігімен қатар, жаңашыл деуге болады. Ал, шығыс философиясы дәстүршіл.

Жалпы, батыс және шығыс мәдениеті деп бөлу тегіннен-тегін қалыптаспаған. Батыс жер бетіндегі фәнилік өмірді дәріптесе, шығыс о дүниедегі мәңгілікті аңсайды. Бұны батыс – уақыт, шығыс – кеңістік деп түсіндіруге болады. Шығыс мәдениетінің тұрақтылықты, мәңгілікті құндылық дәрежесіне көтеретіні кеңістікке ұмтылысты білдіреді.

Бірақ, бұл шығыс қозғалысты қаламайды деген сөз емес. Шығыс ғылымы өзінің прогресшіл қадамдарын баяғыда жасап қойды. Арыға бармай-ақ, бүгінгі күннен мысал келтірейік. Қазіргі Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдері технология бойынша революция жасай алды. Сингапур экономикалық қарқынды дамудың үлгісін көрсетті.

Мойындау керек, шығыс елдері әбден сіңісті болған феодализмнен арылып, демократияға қадам басуда біраз уақыт кешеуілдеді. Бір жағы бұл шығыс мәдениетінің дәстүршілдігінен болды деп кесім жасауға негіз бар. Алайда, шығыстың дәстүршілдігін кертартпа құбылысқа балау әбестік болар еді.

Жоғарыда келтірген шығыс елдері аз уақыттың ішінде қалайша қарқынды даму жолына түсті? Аз уақыттың ішінде қалайша ғылыми-технологиялық революция жасай алды?

Шығыс мәдениетіне тән дәстүршілдік жаңа формацияға ауысып жатқан жоғарыдағы дамушы елдердің асығыстыққа салынбауына сеп болды. Ғылыми-технологиялық революция жасау тек жылдамдықты қажет етпейді. Технологияны мұқият зерттеп, меңгеруге керекті жігер мен шыдамды да қажет етеді. Ал, дәстүрлі мәдениет өкілдеріне тұрақтылық, табандылық, төзімділік тән.

Дәстүр мен жаңашылдықты стихиялы түрде үйлестіре білген заманауи шығыс мәдениетін – дамудың шығыстық модулі деуге болады.

Қазақстанның даму модулі қандай?

Қазақстан батыс елдерінде өркен жайған демократия принциптерін таңдап алды. Жаңадан қабылданған Конституциямызды демократиялық құндылықтарға негіздеп жасақтады.

Сондай-ақ, кезең-кезеңімен жүзеге асатын бірнеше жылдық жоспар құрды. Бұл асығыстыққа жаны қас шығыс елдерінің тәжірибесіне тән.

ХХ ғасырдың басында Алаш орда көсемдері Жапония туралы кешенді зерттеулер жүргізді. Олардың даму жолы, дәстүрлі өмір салтынан модернизацияға ауысу кезеңдері, экономикалық, саяси  реформалары жайлы білуді маңызды санады.

Неге деп ойлайсыз? Өйткені, олардың жаңа формацияға ауысу кезеңі біздің халықтың сол кездегі әлеуметтік ахуалына ұқсас еді.

Ал, қазір ше? Қазіргі Қазақстанның жағдайы әлем елдерінің қайсысын еске салады? Расында, бізге батыс мәдениеті жақын ба, шығыс мәдениеті жақын ба?

Бізге дамудың қандай модулін таңдап алған дұрыс? Кезең-кезеңімен жүзеге асатын жоспарлы межеге қайтсек ертерек жете аламыз?

Сіз қалай ойлайсыз?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button