Инфляция: Қымбатшылықты тоқтата аламыз ма?
Пандемиядан кейінгі экономиканы күннен-күнге инфляция жеп барады. Халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендеп, табысы азайып, жинаған қаржысы құнсызданып кетті. Екінші жағынан қымбатшылық тағы қысып жатыр. Теңгенің құнсыздануымен бірге азаматтардың алып отырған еңбекақысы, зейнетақысы да құнсызданып кетті.
Нарық заңы
Жалпы, әлемдік экономикада инфляция мен қымбатшылықты тоқтатудың жолы мен әдіс-амалы өте аз. Экономиканың қай түрін алсақ та, нарықтық, жоспарлы, жартылай нарықтық экономиканы алсақ та осы. Инфляция мен қымбатшылықты тоқтатудың жолы ретінде бағаны бақылау, ұстап тұру сынды шараларға баруға болады.
Бірақ мұның арты екі үлкен мәселеге алып келеді. Бірі – дефицит пен қара нарық. Мәселен, Қазақстанда қыста дәрі-дәрмектің бағасын ұстап тұру саясатының әсерінен кейбір дәрілік препараттар дефицитке айналды. Кардиомагнил сынды дәрілер мүлдем дәріхана сөресінен жоғалып кетті.
Екіншісі – бағаның күрт өсуі. Баға – серіппе сынды. Ұстап тұрған сайын қайтарым қуаты да мықты болмақ. Бір күні болмаса да, бір күні жарылады.
Инфляция неден пайда болды?
Қазақстан азық-түлік пен жылжымайтын мүлік құнының күрт көтеріліп кетуіне себеп – инфляция. Пандемиядан кейінгі әлем инфляциялық дағдарысқа тап болды. Қазақстандағы инфляция пандемияға дейінгі кезеңде 6% болса, одан кейінгі кезеңде 7,2%-ға жетті. Ал көрші Ресейдегі инфляция 2,3%-дан 6,02%-ға бір-ақ секірді. АҚШ-тың жылдық инфляциясы 2,5% болса, пандемиядан кейін 5%-ға құлдырады.
Ал инфляцияның пайда болуына экономикаға құйылған мол қаржы себеп. Мемлекеттер пандемиядан тұралап қалған өндіріс пен бизнесті қалпына келтіру үшін нарыққа мол қаржы құйды. Содан әлемдік экономикада қаржы көбейіп, оның құнсыздануына әкелді.
Азық-түлік бағасы түсе ме?
Қазір Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының қымбаттауы орын алуда. Инфляцияның кесірінен азық-түлік бағасы 2014-16 жылғыдан 2021 жылға дейін 27%-ға көтерілді. Бұл – он жылдың ішінде орын алған ең үлкен азық-түлік дағдарысы.
Яғни, бүкіл әлемде азық-түлік бағасы орта есеппен жарты бағаға қымбаттады.
Еуропалық сарапшылардың айтуынша, азық-түлік бағасының өсуі әсіресе импортқа тәуелді елдердің қалтасына соққы болмақ.
Ал қазақстандық сарапшы, экономист Андрей Чеботаревтің айтуынша, елде азық-түлік бағасының түсе қоюы екіталай.
«Картоптың бағасы арзандай ма дегенге келсек, меніңше, арзандай қоюы екіталай. Картоппен қосап ұн мен майдың, қант пен басқа да импорттық азық-түліктің бәрі қымбаттайды. Мемлекеттік органдар бағаны қысып, қадағалайтын болса, азық-түлік одан әрі қымбаттауы мүмкін. Өйткені нарықта дефицит пайда болады да, оны пайдаланушы саудагерлер бағаны тағы да өсіріп жібереді. Жалпы, осы қыста-ақ Орталық Азияда биыл картоп жетпейтіні белгілі болған еді», – дейді Андрей Чеботарев.
Құрылыс материалы
«Құрылыс материалы бағасының қымбаттауын да тоқтату қиын» дейді экономист. Қазақстан цемент, кірпіш сынды құрылыс материалдарымен ішкі нарығын толық қамтамасыз етіп отыр. Бірақ арматурамен тек 50 пайызын ғана қамтыған. Қалған құрылыс материалдарының барлығы шетелден әкелінеді.
«Құрылыс материалдары әлі қымбаттай ма дегенге келсек, баға әлі де көтеріледі деп жауап берер едім», – дейді Андрей Чеботарев.
Қазақстандағы құрылыс материалдарының қымбаттауына алып келген тағы бір себеп бар. Ол – Қытай. 2020 жылдың соңында Қытай құрылыс саласына стимул беріп, тұрғын үй салуды күшейтті. Содан темір мен арматураға деген сұраныс көбейді де, Қазақстанда өндірілген арматураның жартысы көрші елге кетіп жатыр.
Үй бағасы
Экономист үй бағасының қымбаттау мен қымбаттамауы алдағы жағдайға, мемлекеттік бағдарламаға тікелей байланысты екенін айтады. Биыл қаңтар мен сәуір айларында баспаналар жаппай сатылып, үй сатылымы 25-30 пайызға дейін өскен еді. Өйткені нарыққа зейнетақы қаржысы құйылып, оған баспана алған азаматтар көп болды. Бірақ қазір зейнетақы қаржысы саябырсыды. Үй сатылымы да сәуір айынан кейін түсе бастады.
Қазір бұрынғы деңгейге жетті. Енді үй бағасы да тұрақтай ма дегенге жауап екіұшты. Өйткені жоғарыда айтылғандай, құрылыс материалдары қымбаттаса, жаңадан салыған үйлердің де қымбаттайтыны сөзсіз. Онымен бірге екінші нарықтағы үйлер де қымбаттауы мүмкін.
«Екінші жағынан үйдің бағасы былтыр не биылғыдай қымбаттамауы мүмкін. Бірақ жылдық инфляцияның әсерінен аздап тұрақты түрде баға өседі», – дейді экономист.
Оқи отырыңыз: Баспана бағасының қымбаттауына әкелген негізгі себеп