Қоғам

Ирандағы қазақ қызының Қазақстанға келіп оқуға түсуіне кім көмектеседі?

Саджеде биыл мектепті бітіреді. Ирандағы қазақтардың арман-мұратын арқалап Қазақстанға келуді қалайды екен. Атамекенімде оқып, білім алсам, жұмысқа орналассам дейді.

Ол кішкентай болғанына қарамай қалалық футбол клубында төреші әрі ойыншы. Алайда, Иранда әйелдер спортына селқос қарайтынын, қыздарға тыйымдардың көп екенін айтады. 2014 жылы Назарбаев іссапармен Иранға барғанда басынан сипап, Қазақстанда университетке түсуіңе көмектесемін деген екен.

Саджеде ол кезде бала ғой. Бала кезінен Қазақстанға келіп оқу арманы болыпты.

«Qadam.asia» бүгін Ирандағы қазақ қызы Саджеде Джаманимен эксклюзив сұқбат ұйымдастырды.

Саджеде, футболға қызығады екенсің. Спортқа деген қызығушылығың қай кезден басталды? Жетістіктерің бар ма?

Иә, мен кішкентай кезімнен спортпен шұғылданамын. 4-сыныптан бастап волейбол, футбол, жеңіл атлетика бойынша мектеп командаларымен жарыстарға қатыстым.

Ал футбол ойындарына деген қызығушылығым 15 жастан басталды. Өйткені, Иранда әйелдер футболы онша танымал емес. Негізінде бала кезден футбол ойнағым келді. Бір күні қызығушылық танытып, футбол клубына бардым. Қазір «Каспий Горган» командасында ойнаймын.

Бірақ бізге төреші яки ойыншы болуға таңдау жасау керек болды. Мен төреші болуды таңдадым және көбінесе футбол мен футзалда және пейнтболда төрелік етемін.

Мен Иранның ПФА лигасында бірінші провинциялық позицияға да, үшінші ұлттық позицияға да ие болдым. Аллаға шүкір, мен өзім таңдаған спортта жетістікке жетттім. Алда бұдан да биік белестерге жету үшін тырысып бағамын.

Иранның қай жерінде дүниеге келдің? Ата-анаң, отбасың туралы айтып берсең…

Мен 2002 жылы Иранның Горган қаласында дүниеге келіппін. Әкем қарапайым жұмысшы, ал анам үй шаруасындағы әйел. Ата-анам өте мейірімді және дұғашыл адамдар. Өзімнен кейін 14 жасар інім бар.

Отбасымның маған берген ең үлкен сабағы – адамгершілік. Мен ешқашан адам екенімді ұмытпаймын. Егер біреу менен көмек сұраса, оған міндетті түрде көмектесіп, уақытында дұға етемін. Аллаға шүкір, ата-анам ізгі адамдар. Қандай жағдайда болмасын өзіміз қалаған нәрсе үшін күрессек, соңында жетістікке жететінімізді түсіндім.

Анамнан мейірімді, қайырымды және риясыз болуды үйрендім. Мен өз отбасыммен мақтанамын және оларды ұятқа қалдырмай, солардың бір арманын орындау үшін көп еңбек ететін боламын. Олар үшін табысты және жақсы бала болғым келеді.

«Иранда әйелдер спорты шектеулі»

Иранда әйелдер спорты қаншалықты жолға қойылған?

Иранда әйелдер спорты ерлермен салыстырғанда өте төмен. Олар бірінші кезекте ерлер спортына көңіл бөледі және әйелдер ойыны шектеулі. Онымен қоса, кей ойыншылар және төрешілер басқа елдерге кетіп, сол елдің футбол командасында ойнап, әлем бойынша жетістіктерге жетіп жатыр. Оның себебі, Иранның өз спортшыларына көп мән бермеуінде.

Менің өз еліме барып, оқып, жетістіктерге жетіп, Қазақстанның туын көтергім келеді. Менің арманым осы. Сол арманыма жету үшін барымды саламын.

«Иранда Қазақстанға барғысы келетін жастар көп»

Ол жақта спортта, ғылымда, өнерде жетістікке жетіп жүрген қазақ жастары бар ма?

Ирандағы спортпен айналысатын көптеген қазақ қыздарын білемін, араласамын. Олардың да мен сияқты үлкен командаларда ойнағысы келетіні сөзсіз. Олар өз саласында өте білікті адамдар. Біздің барлығымыздың арманымыз өз елімізге қайтып, өз еліміздің командасында ойнап, Қазақстанның туын көтеру. Қазақстанға барып сол жақтың командасында ойнап жүрген біршама қызық қыздары бар. Біз де солар секілді болғымыз келеді.

«Назарбаев Иранға келгенде басымнан сипап, Қазақстанда оқуыңа көмектесемін деген болатын»

Футболдан Қазақстанның құрамасында ойнағың келеді екен. Университетті Қазақстанда оқығың келе ме?

Иә, Қазақстанның командасында ойнағым келеді. Бірақ менің мақсатым – спорт төрешісі болып үлкен дәрежедегі Еуропалық ойындарға Қазақстанның атынан шығу.

Қазақстанның спорт университетінде оқып, өз біліміммен аяққа тұрып, сол жақта жұмысқа орналасқым келеді.

2014 жылы Горганға Қазақстанның, Түрікменстанның, Иранның президенттері келді. Біз олардың алдынан шығып гүл бердік. Сонда Назарбаев менің басымнан сипап «Атың кім? Жасың нешеде? Руың қандай?» деп сұрады. Мен «Атым Саджеде, руым Олжашы, әкемнің аты Ілияс» деп  жауап бердім. Сосын ол кісі «Мен осы әңгімені есте сақтаймын, сен Қазақстанға кел, еліңе келіп оқу оқы, университетке түсуіңе көмектесемін» деген болатын.

Сол кезде-ақ барғым келген, бірақ болмады. Ол кезде төменгі сыныпта оқитынмын. Қазір 12 жыл оқып мектепті бітіруге таяу қалдым. Енді менің Қазақстанның университетіне түскім келеді. Өз басым Назарбаевпен жолығатындай мүмкіндік болып қайта сөйлессем, ол кісі мені танитынына сенемін!

Жалпы, Қазақстанға түбегейлі көшуге ата-анаң қалай қарайды?

Ата-анам алғашында менің арманыма қарсы болды. «Ол жерде жалғыз қалай жүресің? Жалғыз өзіңе қиын болады» деген секілді сөздерді айтып қатты уайымдады.

Бірақ біраз уақыт өткен соң менің Қазақстанға қатты барғым келетінін, Қазақстанның командасында ойнағым келетінін, менде үлкен арман, талпыныс бар екенін білген кезде олар мені түсінді. Ендігі жерде шешіміме қарсы шықпайтын болды. Менің Қазақстанның командасында ойнағым келетінін, төреші болғым келетінін шынымен түсіне алды. Мен сол үшін оларға өте ризамын.

Әкем маған «Уайымдама, сен үшін барымды саламын» дегенде қатты қуандым. Одан әрі жігерлене түстім. Бір жағынан, ата-анамның мені ақылы университеттерге түсіруге қалтасы көтермейтінін ойландым. Бірақ, әкемнің мені қолдайтынын түсініп, тегін оқуға түсуге, қосымша табыс тауып өз күнімді көруге деген шабытым оянды.

«Ирандағы қазақтардың елге қайтқысы келеді»

Иранда қанша қазақ отбасы бар? Негізінен қай жерлерде шоғырланған? Ол жақтағы қазақтардың жағдайы қалай? Қандай жұмыстар істейді? Қазақстанға көшкілері келе ме?

Иранда 2000-ға жуық қазақтар өмір сүреді. Кейбіреулері дәрігер, мұғалім, немесе қарапайым жұмысшы. Негізінен Горган, Бәндәрторкемән, Комбат деген жерлерде өмір сүреді.

Егер Қазақстаннан үй, жұмыс берсе олардың да келгісі келеді. Қазірдің өзінде Ираннан Қазақстанға немесе Қазақстаннан Иранға адамдар келіп кетіп байланыс орнатуда. Сондай-ақ, ертеректе Ираннан Қазақстанға көшіп кеткендер де бар. Ирандағы табысы аз қазақтар Қазақстанға барсақ жұмыс табамыз, жағдайымыз жақсарады деп үміттенеді.

«Қазақстанда әйелдерге ер адамдармен тең мүмкіндік беріледі деп сенемін!»

Қазақстанға бұрын келмеген боларсың. Тәуелсіз Қазақстанды қалай елестетесің?

Қазақстанға анам барып көріп келді. Ол жақта көптеген туыстарымыз бар. Ал өзім әлі Қазақстанға барып көрмедім.

Мен Қазақстанды үлкен, әдемі, таза, Иранға қарағанда мүмкіндігі көп мемлекет деп елестетемін. Ол жерде әйелдерге мән береді. Мен ол жерде тіпті 10 жасар қыздар да жарыстарға қатысып, футбол ойнайтынын видеодан көрдім. Ал бұл жақта 20-ға толмаған қыздарға ойнауға болмайды. Ал маған Қазақстанда қыздарға кішкентайынан дайындалуға, спортқа қатысуға болатыны ұнайды. Ол жақта қыздар командалары да еуропалық турнирлерге шыға алады. Қазақстанның туы әрдайым жоғарыда болғанын қалаймын. Және мен соған Қазақстан азаматы ретінде үлес қосқым келеді. Қазақстан, Алға!

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button