Қоғам

«Мемлекеттік жәрдемақы» бергісі келген алаяқтар

Елдегі пандемия жағдайы экономикалық секторға айтарлықтай зиянын тигізді. Көптеген мекемелер жұмыскерлерін қысқартуға, жалақыны азайтуға мәжбүр болды.

Осының салдарынан халық тұрмысы төмендеп, бірқатар азаматтар табысынан айырылды. Бұл интернеттегі алаяқтардың қаптап кетуіне себеп болды.

«Qadam.asia» өткен жолы интернеттегі оңай ақша тапқысы келетін жалған компаниялар мен алаяқ адамдар туралы «Карантин кезінде алаяқтар көбейді: Қалай сақтанамыз?» атты материал жариялаған болатын.

Бұдан бөлек карантин кезінде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. «Ерекше тапқыр алаяқтар» өзге адамдардың ақшасын аңди отырып, мемлекет тарапынан көмек түрінде әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар тақырыбын да қозғады.

Бәріңіз білетіндей, карантин шараларының енгізілуіне байланысты мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар артты. Жұмысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңгеден көмек берілу қолға алынды. Тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы отбасыларға жәрдемақылар тағайындау бұрынғыға қарағанда көбейді.

Мемлекет тарапынан берілетін осындай жәрдемақылардың көбейгенін өз пайдасына жаратқысы келген алаяқтар «өз есептерінен мемлекеттік жәрдемақы береміз» деп халықты алдауға кірісті.

Олар фейк Telegram боттарынан күтпеген жерден тағайындалған жәрдемақыны беру үшін SMS-хабарламалар жібереді. Жәрдемақыны беру үшін сізден картаның нөмірі мен кодын сұрайды. SMS-хабарламаға жауап келмеген жағдайда азаматтардың жеке нөмірлеріне қоңырау шалып, ресми өкіл ретінде өзін таныстырып, сендіруге тырысады.  

Алаяқтықтың бұл түрі төтенше жағдай мен карантин енгізілгеннен бастап орын алған және Telegram желісінде кең етек жайған.

Маңызды:

Цифрлық қызметтерді алу кезінде қырағылық танытуыңыз керек:

  • доменнің атауы, бот атауы, жазылушыларының саны дұрыстығына көз жеткізіңіз;
  • банк карталары, телефондағы SMS кодтары туралы ешкімге айтпаңыз;
  • өз электрондық цифрлық қолтаңбаңызды (ЭЦҚ) басқа адамдарға бермеңіз.

Есте сақтаңыз:

Басқа біреудің ЭЦҚ-сын алған алаяқ тек ақшаны иеленіп қана қоймай, сол  ЭЦҚ арқылы барлық электрондық құжаттарға қол қою құқығын иелене алады.

Бұл дегеніміз – ЭЦҚ-ны алған алаяқ электронды түрде сіздің атыңыздан көптеген құжаттарды рәсімдеп алуы мүмкін екенін білдіреді.

Карантин кезеңіндегі алаяқтардан сақтану үшін біз барлық азаматтарға интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға, әлеуметтік желілердегі жарнамалар мен күмәнді іс-шараларға қатыспауға кеңес береміз.

Өз қауіпсіздігіңіз үшін кез келген ұсынысты қайта тексеріп, қажет болған жағдайда мамандардың кеңесіне жүгінуіңіз керек екенін ұмытпаңыз.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button