Қоғам

«Мені үйге апармаңызшы»: жоғалған балаларды кім іздейді?

Қазақстанда жыл сайын бала жоғалу фактісі көбеймесе азаятын түрі жоқ. Жоғалған балаларды іздестіретін туыстары мен полициядан бөлек, үшінші топ бар. Олар – волонтерлер. 2018 жылдан бері жоғалған балаларды табуға ерікті түрде атсалысып жүрген Назерке Сексенбайқызымен қоғамда көп елене бермейтін осы бір ең өзекті проблема жайында әңгімелескен болатынбыз.

Фото Назерке Сексенбайқызының мұрағатынан

Сіз Алматы қаласында жоғалған балаларды іздеу ісі бойынша волонтерлікпен айналысасыз. Сіздердің волонтерлік топтарыңыз бұл іске қалай келді?

2015 жылдан бері қоғамдық-саяси өмірге белсене араласамын. Сондықтан қарапайым халықтың әлеуметтік мәселелерін көп көтердім. 2018 жылы Фейсбук желісінде оқырмандарымның бірі хабарласып, үйдегі кикілжіңнен 13 жастағы баласы үйден шығып кетіп, 3 күн бойы таба алмай жүргендерін айтып, көмек сұрады. Ол кезде іздестіру жағынан мүлдем тәжірибем жоқ еді. Бірақ, хабарласқан оқырманымның мекен-жайына барып, тікелей эфирге шығып, елден көмек сұрадым. Әйтеуір, сөзімді жерге тастамай, біраз ер кісілер жиналды. Содан кейін полициямен бірге іздестіріп жүріп таптық. Мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әрі мені қолдайтын қоғам белсенділері де көп болғаннан кейін бе, сол жағдайдан кейін көп адамдар көмек сұрап хабарласса, тез ұйымдасатын болдық.

Мен үшін ең ауыр сәт 2018 жылдың 2 қазанында Балқаш қаласында жоғалып кеткен екі жасар Даригул Бекнұр Мейрамұлын іздестіргенде болды. Анасының айтуы бойынша, Бекнұр 02.10.2018 жылы аулаға ойнауға шығып кеткен, содан кейін үй-іші іздеп таба алмаған. Басқа қалалардағы іздестіру топтары бірігіп, іздестіру жұмысын қайта қолға алдық. Бірақ, өкінішке орай, 6 ай өткеннен кейін ғана баланың өлі денесін таптық.

Одан кейін, 2019 жылы Арыстағы жарылыста жоғалған балаларды іздестіргеніміз – ең естен шықпас сәттің бірі болды. Әр баланы іздестіргеннен, тапқаннан біздің еріктілер тобы үлкен сынақтан өтіп, өмірлік тәжірибе алды.

Фото Назерке Сексенбайқызының мұрағатынан

Жоғалған балаларды іздеп табу тек полиция мен жақындарының шаруасы деген түсінік бар. Бұған ойыңыз қандай?

Қазір адамның санасын тұрмыс билеп тұрған заманда көбі немқұрайлы қарайды. Бірақ қиналғанға қол ұшын соза білгеннің өзіндік шарапаты да бар. Сондықтан, «ол менің шаруам, анау сенің шаруаң» деген кереғар түсініктен тазарған дұрыс деп ойлаймын. Бала жоғалғанда жақындары өздерінше іздейді, полицияның да өз іздестіретін әдістері бар. Ал еріктілер тобы екі топтың жұмыс барысына шолу жасай келе, өзгеше жоспар құрып айналысады.

Қазақстанда әлі де болса балалардың жоғалу дерегіне мән берілмейтін сияқты. Жыл сайын еліміздің әр аймағынан балалар жоғалып кетіп жатады. Қандай шаралар атқарылу керек деп ойлайсыз?

Қазақстанда жасөспірім балалардың жоғалу дерегі өте көп. Жылдан жылға көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Керісінше, жоғалған бала саны көбейген сайын, іздестіру жұмысы да күрделене түсуде. Оған қоғамымыздағы әлеуметтік теңсіздіктің де кері әсері бар. Көп жағдайда жасөспірім балалар үйдегі ата-анасының реніштеріне шыдамай кетеді.

Тіпті баланы тапқан күннің өзінде «мені үйге апармаңызшы, үйде тұрғым келмейді» деп жылайтын сәттері көп кездеседі.

Қазақта «Бір күн ыдыс-аяқ сылдыраған үйден қырық күн береке кетеді» деген сөз бар. Отбасылық кикілжіңдер бала психологиясына қатты әсер етеді. Сондықтан, ата-ана мен бала арасында психологиялық жұмыстарды сапалы түрде атқару керек. Ал бізде мықты психолог мамандар өте аз.

Басқа қандай себептермен бала жоғалу фактісі көп кездеседі?

Көбіне кішкентай бүлдіршіндер ойнап жүріп, бөтен біреудің тәтті беріп, алдағанын еріп кетеді. Яғни, ата-ананың бақылауынан тыс қалады. Одан кейін жасөспірімдік шақта сәтсіз махаббаттың құрбаны болатындар өте көп. Ұл балалардың компьютерлік клубта ойын ойнап, ата-анасына ескертпей жоғалып кететіндері де болады.

Фото Назерке Сексенбайқызының мұрағатынан

Өзіңіз бала іздестіру жұмыстарына атсалысып жүріп, не түйдіңіз? Баланы алаңдамай қалай өсіріп, жеткізу керек деп ойлайсыз?

Менің өз тәжірибемнен түйгенім: баланың санасы қалай дамиды, солай ақпаратты қабылдайды. Егер ата-ана бала тәрбиесінің жөні осы екен деп, сатырлатып ұра бермей, бір уақыт баламен сырласып, жан-дүниесін түсіне білсе,  бала да өз ортасына қажет екенін біліп, жарқырай түседі, жандана түседі.

Әсіресе, қазіргі екі мыңыншы жылдықта туған балаларды ғалымдар «атомды балалар» дейді. Себебі, технологияның дамыған шеңберінде дүниеге келген балалардың тәрбиесі де бөлек, олар араласатын орта да бөлек. 

Сондықтан,  әр ата-ана баласымен сөйлескенде де, ақылдасқанда да алдында бала емес, жеке тұлға тұрғанын білуі шарт. Сонда ғана бала жауапкершілікті сезінеді. Ал жауапкершілікті сезінген бала өз ортасына керек екенін де біледі.

Жақында ғана Есік қаласында «Бэйби бокс» ашылды. Бізге мұндай көшедегі бесік керек пе?

Иә, керек. Бұрыннан ашылу керек еді. Себебі, осыдан 3-4 жыл бұрын баласын көшеге тастап кететін жас қыздар өте көп болды. Сол кезде мұндай бесік үлкен қалаларда, адам көп шоғырланатын жерде көп болғанда, далаға тасталған сәбилердің көбісі шетінемес еді, денсаулықтарында кінәрат болмас еді.

Сұқбатыңыз үшін көп рақмет!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button