Нұраддин Садықов: Көліктің кедендік рәсімі 10 жыл бұрын 13 есе аз еді
Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі – утилизациялық алым. Оған төленетін алымны қымбаттығы мен жекеменшік компанияның қалтасына кетіп жатқаны. Әрі мұның бәрі көлік бағасының қымбаттауына әкелуі.
Аталмыш реформаның нарыққа қалай әсер еткенін білу үшін азаматтық белсенді, кәсіпкер Нұриддин Садықовтан сұқбат алған едік.
Сіз шетелден көлік әкеліп сатумен айналысқаныңызға 10 жыл болған екен. Сол уақыттағы алымдар мен қазіргі алымдардың арасында айырма бар ма? Есіңізде ме?
– Иә, есімде. Біз көлік әкеп сатуды бастаған жылдары алым-салық бұдан әлдеқайда аз еді. Ол жылдары 500-600 доллардан басталып, ары кетсе, 1500 долларға жететін. Ал қазір кем дегенде 3500 доллар төлейсің. Яғни, 6-7 есе көп. Егер теңгеге шақсақ, онда мүлде шарықтап кетеді. Кем дегенде, 13 есеге дейін көтерілген. Мен мұның бәрін 2.5 литрлі Toyota Camry көлігіне қарап есептеп отырмын.
– Осы салада тәжірбиңіз бар ғой. Шетелден бір көлікті елге тіркеуге қою үшін қандай алымдар төленеді? Ең алдымен, кедендік рәсімдеу төлейміз. Кейін утиль алым бар. Сосын үшінші болып «көлікті алғашқы есепке қою алымын» (первичка) төлейміз, солай ғой?..
– Иә, бұдан басқа тағы екі алым бар. Бірі – еуростандарт сертификаты. Яғни, шетелден әкелген көлігіңіз Еуро-4 немесе Еуро-5 стандартына сай келуі тиіс. Соны алу үшін алым төлейміз. Екіншісі – мемлекеттік нөмір сатып аларда төленетін алым. Сонда барлығы бес негізгі алым бар.
– Ал шетелде осы алымдардың қайсы бар, ал қайсысы жоқ? Тәжірибеңізден айтыңызшы…
– Егер ашық дереккөздеріне қарасақ, утилизациялық алым Еуропада бар дегеннің өзінде кейбір елдерінде жоқ. Мәселен, Германия, Бельгия, Франция, Ұлыбританияда бар екенін нақты білеміз. Ал қалғандары жайлы мағлұмат жоқ. «Көлікті алғашқы есепке қою алымына» (первичка) келсек, бұл – енді шетелде мүлде жоқ алым түрі. Бұл – Кедендік одақ айналасында енгізіліп отырған алым.
– Қазақстанға утиль алым 2016 жылы ғана енгізілді. Сіздіңше, оны енгізуге не себеп болды?
– Жоғарыда айтқанымдай, утилизациялық алым Еуропада бар дегенімен, кей елде жоқтың қасы. Бар болса да, сомасы өте аз. Ал Қазақстан үкіметі бұл алымды отандық автоөндіріске стимул беру, аяқтан тұруына көмектесу, екінші жағынан экологияны жақсарту мен отандық автопаркті жаңарту үшін енгіздік деп түсіндірді. Қызықтың бәрі осы жерден басталады.
Өйткені статистикаға көз жүгіртсек, аталмыш реформаның кері кеткенін көреміз. Өзін-өзі ақтамаған реформа болды. Мәселен, 2013 жылы үш жылға дейінгі көліктердің саны 110 мың болса, 2014 жылы – 326 мың, 2016 жылы – 624 мың болған. Яғни, жаңа көліктердің көбейгенін байқаймыз.
Алайда 2016 жылы утилизациялық алым енгізілген еді, жаңа көліктің саны азайып, ескі көліктер көбейіп кетті. 2016 жылдан 2018 жылға дейін жаңа көліктердің саны 416 мыңға азайып кеткен. Ескі көліктердің үлесі
2013 жылы – 80%
2014 жылы – 72%
2015 жылы – 59%
болса,
2017 жылы – 61%
2018 жылы – 65%
2020 жылы – 70% болған.
Қазір мүлде 72 пайызға жақындап қалды. Отандық автопаркті жақсартпақ түгілі, керісінше құрдымға кетірді. Экология жақсармады, бүлінді. Баға қолжетімді болудың орнына шарықтап кетті. Халық қауіпсіз, жарамды көлік алудан қалды. Қыруар қаржысынан қағылды.
– Осы утиль алым енгізілгеннен кейін елде көлік күрт қымбаттады ғой деймін, иә… Сіз қалай ойлайсыз?
– Иә, дәл солай. Өйткені халық сырттан көлік кіргізе алмады. Кіргізгеннің өзінде қымбат бағамен келді де, ішкі нарықтағы бағаға әсер етті. Қазақстанның ішкі нарығына онсыз да көлік жетпейді. Ал отандық автоқұраушылар бұл нарықты қанағаттандыра алмады. Бір жағынан көлікке деген сұраныс бағаны қысса, екінші жағынан ел-жұрт шетелден көлік кіргізе алмай аласұрды. Мұның бәрі «мыльный пузырь» деген бос нарықтық кеңістікке, жарылудың аз-ақ алдында тұрған әлеуметтік дүрбелеңке әкелді.
– 2016 жылы утиль алымның заңға еніп кеткенін қалай байқамай қалды?
– Менің екі себебі бар. Бірі – тоқшылық. 2016 жыл мен 2021 жылғы экономиканы салыстыруға келмейді. Ол кезде халық тоқ еді. Қазір аш. Ал ашыққан жұрт тығырықтан шығудың жолын іздейді. Іздейді де проблеманы көрді. Өзінің тоналып жатқанын білді.
Екіншісі – саяси сауатсыздық. Негізінен бюджетке түсуі керек алымның «Оператор РОП» атты қайдағы бір жекеменшік компанияның қалтасына кетіп жатқанын кейін білдік. Шетелден көлік тасымалдаушылар реквизиттерді тексеріп, қыруар қаржының бос далаға кетіп жатқанын көрді. Мәселен, «Оператор РОП» ЖШС-ның табысы соңғы жылда 81 млрд теңге тапқан. Ал ол қаржы қайда кетіп, неге жұмсалып жатыр – ешқандай ашық дерек жоқ. Ісі күдікті, күңгірт.
Көлік әкеп сатуды қара нарыққа айналдырғандар да ол уақытта істің мән-жайын сезіп, іштей сезіктенсе де, мәселе көтеріп, халыққа сауат аша қоймады. Өйткені жүрексінді. Ал қазір бұлай бұғуға себеп жоқ.
– Соңғы екі жылда елде қаптап кеткен армян, қырғыз бен орыс көліктерінің тағдыры не болмақ?
– Бұл да кезекті проблема. Бұл да аталмыш реформаның әкелген зардабы. Ең сорақысы сол – ұр да жық реформаның кесірінен қыруар қаржы шетелге кетті. Беймәлім, күмәнді көлік көбейді елде.
Қазір қоғам ашулы. Әлеуметтік дүмпу туа ма деп үкімет те қысып жатқан жоқ. Армян көліктерін тіркеуді шамалы кейін қалдырды. Егер қайта қысатын болса, онда бұларға да утилизациялық алым төлетуге тура келеді. Немесе көлік тәркіленеді. Бұған халықтың жағдайы келе ме? Оның үстіне, көрші елден кіргізілген көліктердің көбі еуростандартқа сай емес. Ал біздің заңда еуро-4 пен еуро-5-ке ғана кедендік рәсімдеуге құқық берілген.
Бүгін ғана айтылған тағы бір жаңалықты айта кетейін. Қазақстан автокөлік кәсібі қауымдастығы Салық кодексіне көрші елден кіргізілген көліктерге қоршаған ортаны ластағаны үшін 350 АЕК көлемінде эмиссия енгізуді ұсынған екен. Мұны есептесек, кәдімгі утилизациялық алымның сомасы шыға келеді – 1 020 950 теңге (350*2917). Ал жүк көліктеріне 500 АЕК төленеді. 500 АЕК * 2917 = 1 458 500 теңге шыға келеді.
Қысқасын айтқанда, «зорлап мұсылман бола алмастың» кебін кештік. Менің ойымша, реформаны бұлай зорлап, күштеп істеуге болмайды. Сау ақылмен жүргізілуі керек еді.
– Азаматтық қоғамның ойы қандай қазір. Утилизациялық алымға емес, оның қаржысына қарсы шығып отырған жоқ па? Солай ма…
– Егер утилизациялық алым расымен экологияға пайдасы тиіп, игі нәрсеге жұмсалса құба-құп қой. Еуропада бұл экологиялық алым деп аталады. Бірақ оның жекенің қалтасына кетіп жатқаны дұрыс емес. Әрі Еуропадағы сынды 100-200 еуродан аспауы керек. Біздің ой сол ғана.
– Көп рақмет!