Қоғам

Оңтүстіктен солтүстікке көшуге берілетін жәрдемақы екі есе өсті

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына қатысып, солтүстікке көшкісі келетіндерге берілетін субсидия мөлшері 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке өсті. Яғни, 204 мың теңгені құрамақ. Бұл жайлы ҚазАқпарат хабарлады.

«Аталған өзгеріс күшіне енген соң көшуге біржолғы субсидия мөлшері 102,1 мың теңгеден 204,2 мың теңгеге дейін көбейеді», – дейді ҚР Еңбек және халықтың әлеуметтік министрлігі өкілдері.

Біржолғы жәрдемақымен бірге тұрғын үй жалдау сомасы да көтерілген екен.

«Жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты айлық есептік көрсеткіш мөлшері көбейіп отырады. АЕК мөлшері өзгерген сайын субсидиялар мөлшері де өзгереді. Мәселен, бағдарламаның алғышқы жылында 2017 жылы тұрғын үй жалдау үшін ең минималды төлем сомасы 34 мың теңгені құраса, 2021 жылы 43,7 мың теңгеге дейін көбейген», – дейді бұл жайлы министрлік.

Айта кеткен жөн, Қазақстанның оңтүстік аймағынан солтүстікке қарай көшіру әрі оған қолдау шарасы «Еңбек» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Аталмыш бағдарламаның мақсаты – халықты жұмыспен қамту.

Солтүстікте жұмыс күші тапшы аудандарға қоныс аударған отбасылар кемінде сол аймақта 5 жыл тұруы тиіс. Есесіне, үкімет қоныс аударған азаматтардың тұрғын үй жалдау, коммуналды шығынын өтеп береді әрі бір реттік субсидия береді. Одан бөлек, жеке кәсібін ашқысы келгендерге шағын несиелер мен гранттар беріледі.

Аталмыш бағдарлама қолға алынғаннан бері оңтүстіктен солтүстікке 27 мыңға жуық адам көшкен екен. Бұған бюджеттен 8,8 млрд теңге қаржы жұмсалған.

Солтүстік аудандарға мал дәрігерлері, аграномдар, мұғалімдер, дәрігерлер, зоотехниктер, жоғары өнімді техника механизаторлары мен кеншілер қажет.

Жоғарыда айтылған солтүстікке көшкен 27 мыңға жуық адамның 500-ден астамы ғана кері қайтқан. Олар суық климат, табиғи газ жоқ және отбасылық жағдайға байланысты деген себептер айтқан.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button