Қоғам

Оспан батыр қолбасшысының орыс елшілерінен Әлиханның басын сұратуы

Шығыс Түркістанда ұлт-азаттық көтерілісін бастаған Оспан батырдың тоғыз қолбасшысы, яғни, комиссары (немесе полковнигі) болған деседі. Соның бірі – Нұрғожай батыр. Оспан батырдың жанында жүріп әскер бастаған, кейін Түркияға көшкен көштің басында болған Нұрғожай батыр 1986 жылы 74 жасында Ыстамбұл дүние салған.

Оспан батырдың сенімді серігі көзі тірісінде «Азаттықтың өшпес рухы» атты естелік-кітабын жазып кеткен. Сол кітапта мынандай бір қызық дерек кездеседі. Бұл, профессор Әбдуақап Қараның жазуынша, Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлының тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемдегі қазақтардың көсемі, саяси басшысы болғанын айғақтайтын факт.

Оспан батырдың көзін құрту үшін Кеңес одағы екінші дүниежүзілік соғыста немістермен шайқасып əбден шыңдалған жауынгерлерін жіберіп отырған. Сондай әскербасшылар мен Оспан батырдың қолбасшыларының қақтығысып қалған кездері аз болмаса керек.

Осындай бір кезекті соғыс туралы естелікте Нұрғожай батыр: «Генерал Банкені он адамымен оңашада атып тастадық. Соңғы Ышқынты шайқасында генерал Разборов өлтірілді. Соңғы бітімде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенің сүйегін бердік. Разборовтың сүйегін бермедік. Өйткені ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан: «Сендер 1937 жылы Мəскеуге апарып өлтірген Əлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынның басын əкеліп беріңдер, сонда біз генералдың басын береміз» дедік. Сөз сонымен тынышталып қалды» деп жазады.

Одан әрі қарай Нұрожа батыр «Бір кезде залым Мадарин Ырысханға «жауға біткен көзің бар, дауға біткен сөзің бар» дегендей, Ырысхан осы жолы жауға біткен көзінің де, дауға біткен сөзінің де пайдасын көрсетті. Орыстар генералдарының басын сұрағанда, оған да Ырысхан ұтымды жауап таба білді. Қазақтың ең соңғы көсемі Бөкейханның басын сұрады. Бұл неткен табылған жауап» деп естелігін жалғастырады.

Бұл жерде Ырысхан деп отырғаны – 1939-40 жылдары Шығыс Түркістанда Есімхан батырмен бірге ұлт-азаттық көтерілісін бастаған батыр. Кейін осы көтерілісті Оспан батыр жалғастырады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button