Оспан батыр жайлы шетел ғалымдарының айтқаны
Іле көтерілісі мен Оспан батыр жайлы отандық және шетелдік ғылымда біршама зерттеу жасалды. Іле көтерілісі КСРО, Қытай және АҚШ, Моңғолия елдерінің көңілін аударған жайт болғадықтан, шетелдік зерттеушілердің назарын аударды. Сол зерттеулердің арқасында Оспан батырдың бейнесі мен тұлғасын, көтерілістің сипатына тани түсеміз. Ендеше сол зерттеушілер Оспан батырға қалай баға берген екен, соған қарап көрейік.
Оспан батырмен кездескен АҚШ тілшісі Доак Барнет: «Зор денелі үлкен адам, үлкен саусақтары және өте күшті егосы бар. 49 жаста, бірақ аса зор энергиясы бар. Салқын шегір көзі, қалың ерні сондай-ақ қара сақалымен дастандардағы батырлар сияқты көрінді. Және ол менің есіме ғасырлар бұрын Еуразия құрылығында үрей туғызған ғұн жауынгерлерін салды» деп сипаттайды.
Тағы бірде «Коммунистік төңкеріс қарсаңындағы Қытай» кітабында «Оспан батыр бейнесі жағынан сұстылау, бойының ұзындығы шамасы 185 см, нағыз батырға тән айбынды адам» деп сипаттайды.
Америка зерттеушісі Линда Бенсон: «Оспан әрқашан әкімшілік билікке, ол мейлі қытай, мейлі орыс болсын, қарсы тұрды. Ол қазақтардың дәстүрлі қоғамдық өміріне қауіп төндіргеніне сенген күштерге қарсы өзінің және халқының позициясын күшейтуді көздейді. Ол батырлық жолында күресуді және осы жолда шәйіт болуды таңдады. Нәтижеде Оспан батыр алтын аңызға, қазақтардың Орталық Азияның даласы мен тауында еркін және тәуелсіз өмір сүру арманын бейнелейтін тарихи тұлғалардың біріне айналған. Оспан батыр – қазақтың алтын аңызы».
Ағылшын жазушысы Годфрей Лайас: «Егерде Оспан моторлы ұшақ, шынжыр табанды танк дәуірінен сәл бұрынырақ зеңбірек пен мылтық заманында өмір сүргенде бәлкім ол Орта Азия түріктеріне бостандық әперген болар еді».
«Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде аталары Мөңке, Шыңғыс жəне Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар еді».
«Оспан батыр ірі денелі, адамның өңменінен өтетіндей түрі суық, қысқа шашты, қара сақалды нағыз батырға лайық адам, ал оның екі көзінің арасындағы терең әжімі өмірде көпті көргендігін аңғартатын еді».
Моңғолия елінің көсемі, маршал Чойбалсанның көмекшісі Пунцагийн Шагдарсүрэн: «Ол көп сөйлемейтін, діншіл, ұлтын сүйетін, секемшіл, көп нәрсеге сене бермейтін күдікшіл, тек өзінікін дұрыс дейтін бірбеткей адам. Ол өзінің алға қойған мақсатының орындалуы үшін кімге сеніп, кімді өзіне дос болдырамын, кімнен көмек жəрдем аламын деген мəселеде əуелі өзінің күшіне сену, басқаның ықпалына түсіп кетпеу үшін аса сақтық танытқан адам болды. Оспан батырға арналып жазылған кейбір баспа беттерінде Оспан Шыңжан қазақтарының ұлт азаттығы үшін күресуші атақты батыр немесе əскери ұлы қолбасшы ретінде суреттелсе, кейбірінде бір топ қарақшылардың басшысы, бандит ретінде суреттеледі. Менің ойымша бұл екеуінің қай-қайсысы да мен көрген, мен білетін Оспанға келіңкіремейді. Қандай болғанда да Оспан батыр Алтай қазақтарының ұлт азаттығы үшін күрескен күрескер екендігі сөзсіз».
Моңғолия ғалымы Лхамсүрэнгийн Бат-Очирд: «Оспан Исламұлы – Шығыс Түркістан, Шыңжан ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, халық батыры. Оспан – əскери, саяси ірі тұлға».
Түркиялық зерттеуші Қ.Ғайратулла: «Оспан сұңғақ бойлы, қысық көзді, қараторы, қапсағай денелі, сөзге сараң жан еді. Ол жеке басының қамына көп қайғырмайтын, бірақ ұлтының ұлы мұраты жолында ештеңеден тайынбайтын батыр адам еді, оның ұлы мұраты, арманы Шыңғыс хан кезіндегідей Алтайдан бастап тұтас түрік жұртын қытай мен орыстан босату еді».
Оспан батырдың тұлғасы мен бет-бейнесіне сипат берерде мына бір нәрсені ескере жүрген жөн екен. Мәселен, америка зерттеушісі Л.Бенсон «Оспан батыр қазақтардың алтын аңызы» атты еңбегінде Оспан батырға қатысы бар кез келген сұраққа жауап беру оңай емес екенін айтады.
Өйткені түрік, қазақ тарихшылары Оспанды ұлт азаттығы үшін күресте шəйіт болған ұлы батыр десе, орыс, қытай зерттеушілері, Оспан батыр қарақшы, бандит деген көзқарасты ұстанады. Ал Тайванда қытай ұлтшылдары Оспан батыр коммунистерге қарсы күресте өз өмірін берген батыр деп таниды. Қалайда Оспан батыр Шығыс Түркістан Республикасы дегеннің Мəскеу қуыршағы екенін түсінген соң өзінің жауы болса да гоминдаңдық қытайлармен достасуға барды. Оның бұл достастығы 1949 жылға дейін жалғасты, ақыры 1951 жылдың басында коммунисшіл қытай əскерилері тарапынан тұтқындалып, бірнеше айдан соң өлім жазасына кесілді.
Яғни, бұл жерден байқағанымыз орыс, қытай және америка зерттеушілері Оспан батырдың өздерінің саяси-идеологиялық тұрғысынан баға беріп, оның біреуі ұлы тұлға деп таныса, енді бірі Кенесары хан сынды бандит және қарақшы деп таниды.
Оспан батыр жайлы деректер Қытай, Тайван, Ресей, Моңғолия, АҚШ, Ұлыбритания, Қазақстан мен Түркияда мұрағаттарда жатыр.