Қоғам

«Парасат майданындағы» күресте «Қарапайым Қайрат» жеңді

1 аптада 1,4 млн қаралым жинаған «Қарапайым Қайраттың» тартымдылығы неде?

«Қарапайым Қайрат» YouTube жобасы жарыққа шыққанына да бір жыл болыпты. Содан бері жастардың ең көп көретін отандық сериалына айналды десек қателеспейміз. 

«Қарапайым Қайраттың» 1-бөлімі осы уақытқа дейін 7 820 792 қаралым жинаған. 122 мың лайк, 8,5 мың дизлайк басылыпты. 7 130 комментарий қалдырылған. 

Мұның сыры неде? Жарнаманың арқасы ма? Әлде, бейпіл сөздерді экраннан көргеніміз таңсық болды ма? 

«Қарапайым Қайраттың» көрермені тек қазақстандықтар ғана емес…

Жастардың аузынан «Қарапайым Қайрат» түспейтін болды. Жаңа бөлімі шыққан сайын гу-гу әңгіме. Қайда барсаңыз да, «Кеше Қайрат былай деді», «Кеше Қайраттың досы мас болып…» деп басталатын әңгімені құлағыңыз шалып қалады. 

Егер ютубтағы «Қарапайым Қайрат» сериалының астына қалдырылған комментарийлерге көз жүгіртсеңіз, түрлі қызықтарға тап боласыз. Ұсынылған контент қандай болса, көрермені де сол деңгейлес.

Бұлай дейтініміз, комментарийлер де сериалдағыдай бейпіл сөздерге толы. Бірін-бірі балағаттап, бірін-бірі боқтап жатқан әлеумет, әйтеуір.

Бірақ, ең қызығы бұл емес. Контент қазақтілді болғандықтан, бұл жобаны тек қазақтілді көрермен ғана көреді деп ойлаймыз. Олай емес екен.

«Қарапайым Қайрат» көршілес елдерде де танымал болып шықты. 

«капец казахский как татарский)) почти все понимаю. мы все тюрк баласы икэнбез». Бұл shah mansur атты татарстандық пайдаланушының қалдырған пікірі.

 «Базар жок казак туугандар. Мыкты тартылыптыр. ???????????». Бұл қырғызстандық Рамис Таласбек уулу атты пайдаланушының комментарийі.

Зер сала қарасақ, түркітілдес елдердің азаматтары қалдырған осы сынды пікірлер көптеп ұшырасады екен. Бір жағы, қазақ тілінің олар үшін түсінікті екендігі болса, бір жағы, олардың да қызығушылықтарын оята алуында. 

Бұл жоба неліктен көрерменнің сүйіктісіне айналды?

Жақында «Қарапайым Қайраттың» екінші маусымы басталды. Бейпіл сөздерге құрылған ютуб жоба көрерменнің қызығушылығын жоғалтты деген ойымыздың талқаны шықты. 

Әдетте, көп қаралым жинау үшін арзандыққа баратын жобалар басында елді бір дүрліктіріп алады да, артынша сөніп қалады. «Қарапайым Қайратта» бұлай болмай шықты. 

 «Қарапайым Қайраттың» 2-маусымының 4-бөлімі бір аптаның алдында ғана жарияланғанына қарамай 1,4 млн қаралым жинаған. 50 мың лайк, 2,3 мың дизлайк, ол аз десеңіз 2 426 комментарий қалдырылған. 

Ютубтағы Qarapaiym Qairat каналының 1,04 млн жазылушысы бар. Демек, әлі де сұраныс жоғалмаған.

Біріншіден, қазақтілді контенттер дайындаумен аты шыққан Salem Social өз жобаларының мейлінше көрілімді болуына баса мән береді. Олар қазақтілді көрерменді қалыптастыру үшін – қазақтілді контент ұсына алуымыз керек дейді. Бір қарағанда, көрермен тарта алып жатқандары рас. Бірақ қандай жолмен?

Екіншіден, кейіпкерлердің лексиконындағы бейпіл сөздер. Бұл бейпіл сөздер күнделікті өмірде кеңінен қолданысқа ие екенін жоққа шығара алмаймыз. Олардың жаргондар мен бейпіл сөздерге құрылған «приколдары» өтімді екені тағы бар. Көрерменнің өз бейнесін көргендей әсерге бөленуі – жаппай жұртшылықтың былайғы өмірде сол боқтық сөздерді көп қолданатынынан хабар береді. 

Үшіншіден, кейіпкерлердің өмірі қазіргі қоғамның ешқандай боямасыз айнасы бола алуы. Комментарийлердің шамамен 70 %-ы «Өз өмірімді көргендей болдым», «Нағыз жастардың өмірі», «Ауылдағы өмір тура осындай ғой» дегенге саяды. Демек, біздің қоғам осылай өмір сүріп жатыр. Көрермен бұл жоба арқылы ащы шындықпен қауышты. Дегенмен, бұл шындық өнер деңгейінде беріле алып жатыр ма? 

«Қарапайым Қайрат» өнердің талаптарына жауап бере ала ма? 

Салыстыру үшін интеллектуалдық бағдарламалардың бірі «Парасат майданын» алып қарайық. Алғашқы шығарылымы 2017 жылдың сәуір айында болған және осы уақытқа дейінгі қаралымы 4 246 ғана. 85 лайк, 4 дизлайк, 10 комментарий. 

«Парасат майданының» ютубтағы соңғы шығарылымы осыдан бір апта бұрын жарияланған – 1 769 қаралым. Ал, ең көп қаралым жинаған ютубқа 2019 жылдың 13 сәуір күні жарияланған саны екен – 25 374 рет қаралған. 

Бірден кесіп айтайық, «Парасат майданы» өнер туындысы емес. Өнер тарихына, мәдениеттану мен қоғамдық мәселелерге арналған бағдарлама. 

Бірінде шын өнердің мұраты, қоғамда орын алып жатқан түрлі мәселелер еліміздегі интеллектуал әрі танымал тұлғалардың қатысуымен талқыға салынады. Бірақ, көрермені аз.

Екіншісінде мәселе көтерілмейді. Кейіпкерлердің өмірі арқылы мәселелер көрсетіледі. Көрермен тарту үшін бе екен, әлде басқа да себептері бар ма, былапыт сөздерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Бірақ, көрермені көп.

Сіз қайсысын таңдайсыз? 

«Қарапайым Қайрат» қоғам үшін зиянды ма?

Өткенде мектепте мұғалім болып істейтін досымыз: «5 сыныптың оқушыларынан бастап, 11 сыныптың оқушыларына дейін айтатындары тек «Қайрат» болған», – дейді. Бір-бірімен қалжыңдасқанда «Қарапайым Қайраттағы» бейпіл сөздерді пайдаланады екен. Тіптен, ұлдар сыныптас қыздарына Қайрат (сериал кейіпкері – QA.) сияқты дөрекі сөздер айтып айтып, қорлайтын жағдайға жеттік дейді. 

Біздің де студент ініміз бар. Достары келгенде әңгімелеріне мән беріп қарасаң, сол сериалды көріп отырғандай әсерге бөленесің. Олар бұрыннан солай сөйлейтін бе еді, әлде «Қайраттан» үйренді ме? 

Кейбір қоғам белсенділері, қазақ тілін дамытудың бір жолы – тілді жастар арасында сәнге айналдыру деген пікір айтып жүр. Бұл үшін қазақ тіліндегі жаргондарды көбейту керек дейді. Бұл қаншалықты жемісті тәсіл екенін нақты айту қиын, дегенмен «Қарапайым Қайрат» осы миссияны артығымен орындап келеді. 

Әуел баста қазақтілді контентті көбейту керек дегенде барлық қазақтілді БАҚ өкілдері қолдап едік. Тек сол кезде «қандай жолмен» деген сұраққа ешқайсысымыз терең ойланбадық па екен, әлде… 

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button