Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш кім?
Қазақтың ортасынан шыққан тұңғыштар көп. Бірін жатқа білсек, бірін еске түсіре алмай жатамыз. Әбдіразақ Артықов есімінің де қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын есім екенін біле жүрген дұрыс. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш.
1906 жылы туып, 1941 жылы белгісіз жағдайда қайтыс болған. Әке-шешесінен айырылып, жетім қалған бала Әбдіразақ Ақтөбедегі жетім қалған қазақ балалары үшін арнайы ашылған «Школа-коммуна» мектебіне түскен. Тұл жетім қалған Әбдіразақ Артықов тым ұяң әрі білімге құштар, ынтамен оқитын бала болған.
1924 жылы мектепті бітірген соң қазақтың ішінен әскери адам дайындау мақсатында оны Орынбордағы әскери мектепке ауыстырады. Кейін Тверь қаласындағы, одан Ташкенттегі мектепке барып оқып, сол жақты 1927 жылы бітіріп, 1929 жылға дейін Кавказда 2-Қызыл тулы атты әскер бригадасында взвод командирі қызметін атқарған.
1931 жылдың мамыр айында Әбдіразақ Артықовты Гемель қаласындағы 52-ші штурмшы эскадрильяға тәжірибеден өтуші ретінде жібереді. Кейін Орынбордағы 3-әскери ұшқыштар мектебіне оқуға түседі. 1932 жылы мектепті бітірген соң әр жылда түрлі қызметте болады. тек 1940 жылдан бастап эскадрилья штурманы болып қызмет істейді.
Қайтыс болған жылы туралы екі түрлі дерек айтылады. Дегенмен оның 34 жасында қайтыс болғаны жайында Ғ.Ахмедов 1996 жылы шыққан «Жалын» журналына жариялаған естелігінде атап өткен.
Осы материалды дайындау барысында Әбдіразақ Артықовтың суреті де табу қиынға соқты. Ол туралы деректердің де жоқ екенін, өте аз кездесетінін байқадық.