Қоғам

Тәшеновтің ерлігі немесе Өзбекстан қалай қазақ жерін тартып алды?

Жер – кез келген халықтың жанды тұсы. Жер үшін дау-дамай мен талас-тартыс қазақ тарихында да көп болды. Солардың бірі – 1950 жылдары болған оңтүстік аудандарды Өзбекстанға беру мен одан қайтарып алу мәселесі.

Өзбекстанға ең алдымен 1934 жылы Орталықтың шешімімен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Қазақстанның Тамды, Үшқұдық жерлері берілді. Кейін 1936 жылы өзбектер Оңтүстік Қазақстанға қарасты Бостандық ауданын беру туралы өтініш білдіреді. Алайда бұған қазақ басшылары қарсы шығады. Өйткені Бостандық ауданы – қазақ жерінің ең шұрайлы, әлі игерілмеген тың жері-тұғын. Содан қазақ басшылары КСРО ОАК-не М.И. Калининнің атына Өзбекстан ұйымдарының ісіне қарсы наразылық жолдап, бұл ұсыныстың заңсыз екенін айтып жүріп Л. Мирзоянның қолы қойылған наразылық шешімін қабылдатады. Бұл мәселе осымен жабылған сынды көрінді.

Алайда бәрі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталды. Өйткені кеңес үкіметі елдің әскери қорғаныс саласын дамыту мақсатында әскери полигон салатын жерлерді оңды-солды кесіп алып отырған. Бұл Сталиннің жарлығымен жасалған шара. Содан 1940 жылдардың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Бағыс ауылының жиырма мың гектар жері мен ол кезде Қазақстанға қарайтын Бостандық ауданының бір бөлігі артиллериялық полигон салу үшін КСРО Қорғаныс министрлігінің жарлығымен уақытша Түркістан әскери округінің қарауына берілді. Ал бұл әскери округтің бас штабы Ташкентте болатын.

Кеңес дәуірінде «халық шаруашылығын оңтайландыру» деген ұранмен, жоғарыда көрсетілген одақтық республикалар арасындағы әкімшілік шекаралар бірнеше рет өзгертілген, яғни одақтық үкімет кейбір территорияларды бір мемлекеттің иелігінен алып, басқа бір мемлекет иелігіне беріп отырды. Оңтүстік аудандарды бөлшектеуге Н.Хрущев белсене кіріскен екен.

Содан 1954 жылы тамызда Н.Хрущев Бостандық ауданын түгелімен Өзбекстанға беру жөнінде Қазақстан компартиясына тапсырма береді.

Қазақ басшылары тағы да дүрлігіп, Хрущевтің бұл шешіміне қарсы шығады. Бостандық ауданын Өзбекстанға беруге қарсылық білдірген хаттар мұрағатта сақтаулы тұр.

Алайда Бостандық ауданын Өзбекстанға беру туралы нұсқау тағы келеді. Осы мәселе бойынша Ж.А. Тәшеневтің төрағалық етуімен арнаулы комиссия құрылады. Оның құрамында М. Бейсебаев, С. Дәуленов, Х. Арыстанбеков,  А. Морозов, В. Шереметьев болады. Алайда, Ж.А. Тәшенев төрағалық еткен бұл комиссия Мәскеудің бұл ұсынысын мақұлдамайды. Комиссия мәселені қарастыра келе, «Бостандық ауданының жері мал өсіруге ыңғайлы, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қоры мол, қорғасын, көмір және машина жасау өндірістерінің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы. Сондықтан бұл ауданды Өзбекстанға беруді тиімсіз санаймыз» деген шешім шығарады.

Абырой болғанда Қазақстан компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Л.И. Брежнев Ж.А.Тәшенев төрағалық еткен комиссияның қорытындысына қарсы келмейді. Қайта қолдау білдіріп, «Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін» деген қаулы қабылдайды.

Алайда Мәскеу ойынан қайтпады. Хрущевтің мақсаты біреу ғана: ол – Қазақстанның оңтүстік аумағындағы шұрайлы жерлерді Өзбекстанға беріп, мақта өндірісін жолға қою, сол арқылы агроиндустрияны жандандыру болды. Осы мақсатына ол құлшына кіріскені рас.

Содан КСРО Ауыл шаруашылық министрлігі 1955 жылы қазанда Шөл даланы Өзбекстанға беру жайлы тағы сөз етеді. Бұған да қазақ басшылар қарсы шығады.

Қазақстан тарапынан Мәскеуге 1955 жылы 29 желтоқсанда Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Брежнев пен Д.А. Қонаев хат жазған. Осы хатқа назар аударсақ, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы жолдас Н.А. Булганинге және КСРО КП ОК Бас хатшысы Н.С. Хрущев жолдасқа Қазақстан КП ОК және Қазақ КСР Министрлер Кеңесі бірнеше рет ақылдаса келіп, Шөл даланың жерлерін мақта және ауыл шаруашылығын дамытуға Оңтүстік Қазақстанды пайдалану үшін өз ұсыныстарын Кеңес Одағы орталық үкіметіне жолдайды. Бұл жерлерде кейінгі жылдары Киров каналы салынғандығы және 60 мың гектар жер Шөл даладан игерілгендігі аталады. Сондай-ақ, осы жерлерден мақта өсіретін колхоздар мен совхоздар бар Ильич, Киров және Қызылқұм әкімшілік аудандары ұйымдастырылған.

Осы жерде Тәшеновтің ерлігі жайлы дәл осы оқиғаның арасында болған қоғам қайраткері Хайдар Арыстанбеков естелігінде былай деп жазады:

XX ғасырдың елуінші жылдары Қазақстан басшыларының арасынан шоқтығы шығып, ерекше көз тартатын тұлға Жұмабек Тәшенев еді. Олай деп айтуға, оның өмір жолы, халыққа деген адал қызметі, Қазақстан мемлекетінің территориясы үшін кезіндегі КСРО басшыларымен батыл да дәлелді күрестері толық айғақ бола алады. Мен бұл жерде Жұмекеңнің мемлекетіміздің жері үшін жасаған еңбектерін тәптіштеп айтуды жөн санамаймын. Ол өзін қазақпын деп санайтын ер азамат екені белгілі.

…Жұмекеңнің жер туралы күрестерінің бірі оның тікелей қатысуымен көрші Өзбек республикасы арасында болған жағдайдан байқауға болады.

  Осыған орай Бостандық ауданынан біз қалай айрылып қалдық деген сұрақтың тууы орынды. Ол былай болды. Әуелгіде өзбектер Бостандықты сұрап, Мәскеу жаққа хат жіберген. Ол кезде Өзбек КСР-нің бірінші хатшысы  Н. Мұхитдинов болатын. Ол мынадай себептерді алға тартты: «Біріншіден, Қазақстан бұл ауданға Ташкент арқылы қатынайды (жол жоғы рас тұғын. Тауды айналып, Өзбекстан арқылы баратынбыз). Екіншіден, мақта саламыз, мал көбейтеміз, экономиканы көтереміз, т.б. мәселелер».

Қысқасы, өзбектер осынау шұрайлы өлкемізді әйтеуір бір сылтаумен қолға түсіргенше асықты. Содан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті құрған арнайы комиссиядағы жеті адам: Ж. Тәшенев (комиссия төрағасы), М. Бейсебаев, С. Дәуленов, мен (Х.М. Арыстанбеков), А. Морозов, В. Гогосов, В. Шереметьев қол қойып, 1955 жылдың 1 маусымында: «Өзбек КСР-іне Мақтарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісеміз, ал Үкіметтің (бұл жерде естелік иесі КСРО үкіметін айтып отыр – авт.) Бостандық ауданын беру туралы өтінішін негізсіз деп санаймыз», – деп атап көрсетіп, хат жаздық.

Осы жерде айта кететін бір жайт, біздің мұндай шешім қабылдауымыз өкіметтің саясатына қарсы екенін бәріміз де білдік. Бірақ, осы шешімге Ж. Тәшенев батылдығы көп әсер етті.

Бұл өзі Никита Хрущевтің бастап жүрген мәселесі ғой. Сөйтіп, Бостандық ауданы ең құнарлы да ұлан-ғайыр территориясымен 360-370 мыңдай қойымен қоса Өзбекстанға берілді, ал ар жағындағы Бағыс пен Түркістан ауылына қарасты 20 миллион гектардай жайылымды «берілсін» деп біз айтқанымыз жоқ. Карта жасағанда олар Қазақстанда қалды.

Сол қалпында Жоғарғы Кеңестің сессиясында қаралып, біраз жер өзбектің пайдасына шешіліп кете барды… Ол кезде сессия төрағасы Қонаев болатын. Артынша Мұхитдинов Саяси Бюроға мүше болып Мәскеуге ауысты. Оның орнын Ниязов басты. Осы жерде бір нәрсеге мән беру керек. Ниязов өндіріс академиясында Хрущевпен бірге оқыған. Бұл – бір. Ал Жоғарғы Кеңеске төрайым болып Насреддинова келе қалды. Хрущев Насреддинова не айтса да қарсы болмайтын. Ел аралауға шыққанда, екеуі машинаға бірге мініп, бірге түсіп жүретін еді. Содан олар: «Мынау Мақтаарал, Киров, Речевский – мақталы аудандар, қазақтар мұның бәріне Ташкент арқылы келеді. Осы жерлерді бізге беріңдер», – деп тағы сұраныс жасады. Сөзсіз, тағы да ауыз жаласқан шешім бойынша комиссияға ілігіп кеттік. Бірақ біздің азаматтардың, атап айтсақ, Ж. Тәшеневтің күшімен  сол жолы бір қатерден аман қалдық. «Біз Украинаға бүкіл Қырымды беріп жібердік. Ал сендер бір-екі аудан үшін…», – деп Хрущевтің айқайлағаны есімде. Көп ұзамай Ж. Тәшенев қызметтен кеткен соң, ол аудандардан да айрылып тындық. Бірақ кейін көп нәрсе өзгерді. Л.И. Брежнев кезінде Мақтаарал, Жетісай аудандарының кейбір бөліктері бізге қайтарылып берілді. Әйтсе де өзбектер жарты жерді алып қалды.

 Бұған өзіміз кінәліміз. Ол қазақтың принципсіз, немқұрайлы, кең қолтық көзқарасынан деп түсіну керек. Осы күні жер дауы деп төбелесіп жүргендер (естелік иесі ҚР мен Өзбекстан арасында шекараны белгілеу кезінде кейбір орын алған келіспеушілікті айтып отыр – авт.) сол кезде өзбектердің талай жерімізді өзінен-өзі заңдастырып алғаны да, біздердікінің ашық ауыз, ештеңені керек қылмай, тек өзбек айтқандай «хоп, мейлі» дей беретіндігімізден.

 Ал Бағыс пен Түркістан қазақтың ежелгі жері екені рас. Баяғыда Түркістан каналы салынғанда, республикамыздың мақта өндірісін қалыптастыруға жол ашқан үлкен қадам болатын. Өзбек ағайын шетінен кіріп, күрек салып, атыздап ала берді. Сарыағаш, Келес аудандарына қарбыз өсіріп, тіпті «Сарыағаш» шипажайына бар-жоғы 500-600 метр жерге дейін шекарасын жылжытып алған. Ал біз үндемейміз. Тіпті бертін келе Сарыағаш ауданы әкімінің бір май құю стансасы да Өзбекстан территориясында болып шықты. 

Жоғарыдағы басшылар қандай саясат ұстанып отырғанын білмеймін. Тек айтарым, Бостандықтың кезінде берілген 418 гектарынан артық мал жайылымдылық жерлер – қазақтікі. Оны өзбектердің иемденіп алғаны, оны сол заматта-ақ құжаттармен негіздей білгені болып тұр. Бірақ олар оны жетістіріп, шипажайлы аймақ жасай алған жоқ. Ал Бостандықты білесіз, нағыз жерұйық! Мұнда шай плантациялары да өсірілетін.

Бостандық ауданын Өзбекстанға өткізу кезеңі ауыр болды. Комиссияның жетекшісі Жұмабек Тәшеневтің тапсырмасымен құжаттарға, картаға қол қоюға барғанбыз. Өзбектер сол жерге түскі ас дайындапты. Менімен бірге барған 3-4 қазақ: «Тамақ ішпейміз, кетеміз», – деп, Бостандық аудандық атқару комитетінен шығып бара жатқанымызда,  таяқ сүйенген қазақтың екі шалы алдымыздан шығып:

Шырақтарым-ау, не істедіңдер? Бізді қайда тастап бара жатырсыңдар?! – дегенде, мен шыдай алмай жылап жібердім.

Жалпы осы айтылған мәселелердің барлығы да Ж. Тәшеневтің басшылығымен болған жер туралы айқастарда кездескен қиыншылықтардың бір белесі ғана. Жер туралы айтатын болсақ, сөз көп. Ата-бабаларымыздың аруақтары жерімізді саудаға айналдырғандарды ешқашан да кешірмейді.

Егер бүгін қайран Жұмабек Тәшенев тірі болса: «Қазақстан территориясындағы жер, кен, т.б. адамзатқа керекті ресурстар – ата-баба қалдырған қазақ халқының мұрасымен байлығы. Жерді, басқа да ресурстарды біреулердің иемденуіне, сатуға, «арам» ақшамен сатып алуына және жеңіл жолмен тез баю үшін, «арбап-алдап» жалдауға ешкімнің де қақысы жоқ», деген болар еді» – деп жазады.

Содан Хрущевтің қысымымен Оңтүстік Қазақстанға тиесілі шұрайлы Бостандық ауданы, Шөл дала, Мақтаарал мен Қызылқұм аудандарынан 359 гектар жер мен Жамбыл облысының жайылым жерлері – бәрін қосқанда 500 мыңға жуық жер Өзбекстанның қарамағына өтіп кетеді.

Жалпы, кеңестік заманда Өзбекстанға Орталықтың күштеуімен берілген жерлердің бірқатарын Д.А. Қонаев Н.С. Хрущев биліктен кеткеннен кейін қайтарып алған болатын.

Сол кезде депутат боп отырған Сәбит Мұқанов еріксізден «Біз сіздерге Кеңес Одағындағы Бостандық ауданы сияқты ең бай және көркем жерді қиып беріп отырмыз. Бұл жерді бейнелеп айтқанда, қызымызды ұзатқандай қиналып, қимастықпен әрі қуанышпен бергелі отырмыз. Біз бірақ қызымызды емес, жас, дені сау, әдемі жігіт сияқты тың, тұтас игерілмеген ауданды беріп, ал сіздер оны гүлдендіреді деп сенеміз» деп қинала сөз сөйлеген екен.

Ал Хрущевтің осы бастамасын мақтап Қазақстанның үш ауданы Өзбекстанға берілгенін ұрандап өлең жазыңдар дегенде, Мұқтар Шаханов бірден бас тартқан екен.

Кезінде Киров ауданының жүзім кеңшарының директоры Молчанов деген орыс азаматы ауданды Өзбекстанға беруге қарсы шыққан. Ол:

«Социалистік құрылыстарды алғашқы болып салғандар кімдер еді, ағайындар! Атап айтқанда, мынау Киров каналы. Құрылысқа қатысқан қаншама қазақтар қырылып қалды, ойлансаңдаршы! Құлазыған қу даланы суландырды. Егін егіп, жемісін жей бастағанда, басқа біреудің қолына өтуі кім-кімнің де болса қабырғасын қайыстырады ғой. Мұндағы әр жұмыс, еңбек орнында қазақтардың маңдай тері төгілген.

Мектеп, аурухана салынды. Қызыл бұрыштар жасалды. Мен орыс адамымын. Былайша айтқанда, маған бәрібір. Ал еңбек адамы, әрі басшы ретінде айтарым – қазақтардың бұл мекенге істеген еңбегін көз алдыма елестетсем, оларға жаным ашиды. Жалпы, мен бұл жерді Өзбекстанға беруге қарсымын. Неге десеңіз, бұл жердің иесі де, гүлдендірген де, суландырған да жергілікті қазақтар», – депті.

Осылайша Хрущевтің амбициясының кесірінен, мақта шаруашылығын жандандырамын, КСРО-ның жеңіл өнеркәсібін дамытамын, Ресейде тоқыма фабрикасын саламын деген қиялының кесірінен Қазақстанның оңтүстік аудандары қолды боп кетті.

Ал жер дауы, екі ұлт арасында реніш тууы, ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі мүмкін-ау деген мәселе Н.С. Хрущевті ойландырған да жоқ.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button