Қоғам

Заңгер Бақытжан Базарбек жер комиссиясын жабуды ұсынды

Заңгер, жер қатынастарының құқықтық сарапшысы Бақытжан Базарбек жер комиссиясының отырысында жергілікті жер комиссияларын жабуды ұсынды. Оның айтуынша, жер комиссиясы сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктің туған-туыстары отыратын институтқа айналып кеткен.

Айта кеткен жөн, жер комиссиясы дегеніміз – жерді үлестірумен, жер қатынастарын реттеумен айналысатын арнайы құрылған топ.

Ал заңгердің айтуынша, мұндай топтың құрылымы мен құрылуында күмән көп. Өйткені оған шенеуніктердің туыстары мүше боп кіріп алатын көрінеді.

«Жер кодексінің 43, 49.1 және 44-бабына сәйкес, 2018 жылы жер комиссиясының жартысы қоғам өкілдерінен құрылған еді. Алайда сыбайлас жемқорлық мониторингісін жүргізу кезінде байқағанымыздай, жер комиссиясының өзі жемқорлыққа барады. Қоғам өкілдерінің өзі жер комиссиясын пайдаланып, жер телімін алып отыр. Сондықтан жер комиссиясы институтынан толығымен бас тарту қажет«, – деп ұсыныс айтты заңгер.

Жер комиссиясын тоқтату туралы ұсынысты басқа сарапшылар айтты. Мәселен, депутат Ақылбек Күрішбаев жер комиссиясын құру мен басқаруды жергілікті атқарушы органға беру дұрыс емесін айтады.

«Өйткені әкім жер комиссиясын өзі құрады да, жер телімін өзі береді. Әрі тексерісті де өзі жасайды. Бұл дұрыс емес«, – дейді депутат.

Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан жер комитетінің күші әлсіз екенін айтады. Өйткені жер заңнамасын бақылаумен, тексерумен айналысатын жер инспекторлар тікелей әкімге бағынады.

«Олай болмауы тиіс. Жер инспекторларын арнайы жер агенттігіне бағындыру қажет. Ал ол агенттік тікелей президентке бағынса, сонда тәртіп орнайды«, – дейді Тайжан.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button