Қоғам

Заңгер: «Сот» деген сөзден қорқудың қажеті жоқ

Елімізде заң, құқық айналасындағы мәселе күн сайын айтылады. Ол турасында түрлі ақпарат жазылады. Дегенмен адамдардың өздері заң аясында құқықтарын қорғай алмағандықтан түрлі проблемалараға тап болып, шешім таба алмай жатады.

Qadam.asia редакциясы құқық, заң мәселесі туралы ADEKTA Consulting Company негізін қалаушы әрі заңгер Балтабаев Дамир Қайратұлымен сұқбаттасты.

Қазақстандағы кез келген сот отырысы қай тілде жүргізіледі?

Заңгер: Қазақ тіліне көңіл бөлініп жатқаны анық. Қазір кез келген сот отырыстары орыс тілінде жүргізіледі. Себебі қазақ тілінде ойды жеткізу, істі ашып көрсету қиын. Әлі қалыптасқан жоқ.

Мәселен, сот отырыстарындағы заңгерлердің істі жүргізуіне байланысты статистиканы алып қарасақ та, орыс тілі басым тұр. Қазақтілді заңгерлер, адвокаттар ұлты қазақ болса да, істі орыс тілінде жүргізеді. Тіпті қазақша іс жүргізетін мамандардың бағасы да қымбат тұрады.

Заң аясындағы кейбір терминдерді қазақша жеткізу қиын. Олардың аудармасы дұрыс емес.

Сот отырысы кезінде судьялардың өзі қазақша бастап келе жатып, істі ары қарай орысша жүргізеді немесе екі тілді араластырып жіберді.

Құжаттар қай тілде жазылады?

Заңгер: Қай тілде бересіз, сол тілде жауап аласыз. Мәселен, егер арызды қазақ тілінде берсеңіз, сол тілде жауап аласыз. Тура сол секілді орыс тіліне де қатысты.

Қаржы сауаттылығы мен құқық мәселесін толық меңгермеуімізге не себеп?

Заңгер: Мектеп қабырғасынан бастап оқытпаймыз. Ең бірінші себеп осы. 18 жасқа келген кезде кез келген азамат өзінің құқығын, жауапкершілігін білуі тиіс. Себебі оны үлкен қоғам күтіп тұр. Ол жерде сені ешкім алақанына салмайды ғой?! Ал мектеп қабырғасында осы салада білім алмаған, тәжірибеден өтпеген оқушы не болашақ студент өзінің құқығын қалай талап етеді?

Тұрмыста қолданатын қарапайым заңды білмейміз. Мәселен, біреу сотқа шақырса қорқамыз, бірақ не үшін екенін білмей бірден үрейге салып, көне береміз. Оны айтпағанда, біреуге қарыз беріп, соны алу үшін де қайда баруға болатынын, қарызды қайтарып алуға заңмен де болатынын ескермейміз, білмейміз.

Заң әлде достық?

Заңгер:  Заң бар жерде достық болмайтыны белгілі. Заңды білмегендіктен, еңбек кодексін толық оқып, түсінбегендіктен адамдар айлықтарын ала алмайды, заңға жүгінбей сол жұмыс берушінің көңіліне қарап жүреді. Бұл бізде асқынып тұрған мәселе. Себебі «өзіміз ғой» деген түсінік бар. Ал заң үшін «өзіміз ғой» деген түсінік болмайды. Ол ақты ақ, қараны қара қылып ажыратып, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс істегенін дәлелдеп береді.

«Менен «сотқа бере алам ба?» деп сұрайтындар бар»

Бізде білімсіздіктің кесірінен зардап шегіп жатқандар көп. Айналып келген кезде адам өзінің құқығын қорғай алмағандықтан қиналады. Сот шақырса не соттан қағаз келсе үрей туады. Ол не істеу керек екенін білмейді. Егер ол заңды білгенде, болмағанда қайдан көмек алуға болатынын сұрағанда бәрі басқаша болар еді. Бізде жалпы сотқа бармақ түгілі, оның атын естісе алыстан үркеді ғой. Бұл дұрыс емес. Заң бәріне бірдей. Ендеше оған жүгіну керек және мәселені дұрыс жағынан шешуі тиіс.

Бізде сотта ең көп қаралатын проблема немесе құқық бұзушылық қандай?

Заңгер: Қазір (карантин кезі) сот отырыстарында ең көп қаралып жатқан істің бірі – қарыз алу. Карантинде ақшасынан қағылғандар достарынан немесе басқа бір мекеме, ақша беретін ұйымдардан қарыз алған. Кейін қайтара алмаған. Дәл осы жағдайдың екінші жағы бар. Керісінше, қарыз беріп оны ала алмай жүргендер. Бұл мәселеде сотқа жүгінетіндер өте көп.

Содан кейін ажырасу мәселесі. Қазақстанда ең көп қаралатын істің бірі осы ажырасу. Негізгі себеп ретінде материалдық жағдай мен көзге шөп салу секілді факторларды атай аламын.

«Сапалы заңгерлер аз»

Заңгерлерде қазір тәжірибе жетіспейді. Ол күнделікті ізденіс үстінде болуы керек. Бәрі заң факультетін таңдағанымен, мамандықты өте жақсы игеріп шығатындар аз. Тіпті сол мамандықты бітіріп отырып, ештеңе білмейтіндер жүр…

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button